» » Несие төлеуді уақытша тоқтату тиімді ме?

Несие төлеуді уақытша тоқтату тиімді ме?

Аты жаман індет елімізде бас көтергелі үкімет тарапынан халыққа қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде туындаған түрлі қиындықтың алдын алуды нықтап тапсырды. Көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, халықтың амандығын сақтау маңызды екені сөзсіз. Осы орайда халыққа көмек беру мақсатында несие төлеуді уақытша тоқтатуға тапсырма берді. Ал бұл көмек қаншалықты тиімді?


Тапсырма берілгеннен соң біраз халық қуанып қалды. Себебі осынау қиын шақта кейбірінің жұмысы тоқтап, уақытша ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр болды. Тіпті күнделікті нан тауып жүрген жұмысынан айырылғандар да бар. Ал оларға уақытша тоқтатылған несие айтулы көмек болмақ. Алайда, халық арасында кейбір тиіп-қашпа әңгімелер де тарап үлгерді. «Уақыты келгенде несиеге үстеме процент қосады», «Үш айдан соң төленбеген уақытта ақшаны бір айда толық төлеу керек болады» деген сөздер желдеу есті. Бірақ мұның бәрі шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат. Ал, несие төлеуді уақытша тоқтату шарттарын біз зерттеп көрдік.

Басты мәселе – ешқандай құжат жиналмайды. Қазір ХХІ ғасыр, барлығы қалтафонымыз бен компьютердің ішінде. Өзіңіз несие алған банктың ресми сайты немесе телефонға жүктелген қосымшасы арқылы барлық істі тындырасыз. Яғни, барлығын үйде карантинде отырып-ақ істеуге мүмкіндігіңіз бар. Төлем уақытын 3 ай мерзімге ғана шегеруге болады. Сондай-ақ өзгелер айтып жүргендей, белгіленген уақыт өткен соң сол аралықтағы төлемді бірден өтемейсіз, айлық төлем сомасы сақталады. Алайда, сіздің несиені өтеу уақытыңыз тағы үш ай көлемге созылады. Бірақ, несиені уақытынан бұрын өтеуге болатынын да жадыңызда сақтаңыз. Бұл көмекті пайдаланған адамға ешқандай өсімпұл қосылмайды. Дегенмен, несиенің төлем уақытын ұзартқан соң 4 ай еліміздегі банктерден кредит ала алмайды. Бұл істі уақытша тоқтатудан соң төлем жасағаннан кейін ғана жүзеге асыра аласыз.

Айта кетерлігі, бұл көмекті іске асыру шарттары еліміздегі банктердің барлығында бірдей емес. Бір банкте уақытша тоқтату үшін төлей алмайтын себептерін айту керек болса, екіншісі мұны талап етпейді. Өтініш жіберілген соң қарастыру уақыты созылуы мүмкін. Тіпті кей банкте мұндай өтінішті толтырудың қажеті жоқ. 90 күн уақытта төленбеген несиеге ол банк ешқандай үстемақы төлетпейді. Яғни кредитті уақытша тоқтату автоматты түрде жүзеге асады. Бұл жүйе сіздің несие тарихыңызға да еш залал келтірмейді, өйткені уақытша тоқтату кешіктіру болып саналмайды. Одан бөлек, сіз несиені осы жылдың 18 наурызынан кейін алған болсаңыз бұл жүйе сізге қолжетімсіз.

– Несие төлеу уақытын үйде смартфоннан отырып ұзарттым. Енді келесі төлемді шілдеде төлеймін. Уақытша жұмыссыз қалғандықтан бұл жеңілдік көп көмегін тигізді. Егер карантин уақыты бітіп, жұмысыма қайта оралсам несиені ертерек төлеп бітіру де ойымда бар. Үкімет тарапынан жасалған жеңілдікті оңтайлы пайдаланғанымыз отбасы экономикасындағы шығынды азайтты, – дейді карантинге байланысты уақытша жұмыссыз қалған тұрғын.

P.S.
Әлемді шарпыған індет ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Осы орайда басқа түскен қиындықты оңтайландыру мақсатында көпке көмек болуда. Енді банкке қарызы бар тұрғындар несие жайлы бас қатырмай, карантин кезінде үйде уайымсыз отыра алады.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
07 сәуір 2020 ж. 2 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 296

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 393

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930