» » "Апа, компьютеріңізден бізге де беріңізші"

"Апа, компьютеріңізден бізге де беріңізші"

    ЖОСАЛЫ, 18 ақпан – qarmaqshy-tany.kz Бірде әріптесіммен жұмысқа бара жатқанбыз. Алдымызда қолына екі ала дорба арқалаған бір апай тура бізге қарай жүріп келеді. Жанымызға жеткен соң аман-саулық сұрасып, Қорқыт ата көшесіндегі жер бөлімі мекемесін сұрады. Әріптесім осы мекеннің тұрғыны болған соң әлгі кісіге бірден жол сілтеді. Әйел екі сөмкесін көтеріп дүкенге қарай жол тартты, біз де жұмысқа аяндадық. "Мейірім орталығына бара жатқан шығар" деді жұмыстасым. Түк түсінбеген мен ол нендей орталық, қандай қызмет атқаратынын сұрадым. Ол ауданда есімі елеулі, жүрегі жомарт Пернегүл Өтепованың әлеуметтік дүкені екен.
    Енді сол мейірімді жанмен тілдесуді жөн көріп, ұялы телефонымнан нөмірін тердім. Дауысы нәзік апам тұтқаны көтерген сәттен-ақ жылы лебіз танытып, орталыққа шақырды. Қолыма қойын дәптерімді алып, орталыққа қарай тартып тұрдым. П.Әбіләкімқызы есік алдынан құшақ жая қарсы алып, әңгімесін айта жөнелді.
    – Бұл орталықты 2016 жылдың мамырында аштым.Әуеліде мешіттегі көмекке арналған заттарды алып, мұқтаж жандарға таратып жүрдім. Кейін арнайы орталық ашуды жөн көріп, аудан әкімдігіне жүгіндім. Ондағылар менің ұсынысымды бірден қолдап, мекеме тауып берді. Қазір "Мейірім орталығы" өз жұмысын толықтай атқарып, елдің игілігі үшін қызмет етуде, – дейді бар ықыласымен.
    Әлеуметтік дүкеннің басты мақсаты – қолдан келгенше көмек қажет ететіндерге қол ұшын созу, жәрдемдесу. Бұрын тұтынуда болғанымен сапасы тәуір дүниелерді адамдарға тарту етеді. "Ысырап болмасын" деп орталыққа әкеліп жататындар аз емес. Қағазы үзілмеген жаңа киімдер де өткізеді.
    Бұл күнде П.Әбіләкімқызы алпыстың асқарына жетсе де қолға түскен затты өзі алып кетіп, үйді-үйге таратып береді. Бұл орталыққа өз көмегін берушілер қатарында ел ағалары, мектеп мұғалімдері, оқушылармен қатар қарапайым тұрғындар да бар. Орталық жұмысын атқарып бастағалы талай көмек көрсетіліп, бірнеше қызықты оқиғалар да болған.
    – Бірде бір үйден зат алып кетуге барғанымда үй иесі компьютерді де алуымды ұсынды. Құрылғы аз-маз ескірсе керек. Біреуге жарап қалар деген оймен ала кеттім. Екінші күні бір әйел келіп, әлгі компьютерді алуға рұқсат сұрады. "Орталықтағы барлық заттар сіздер үшін! Қалаған затыңызды ала беруіңізге болады" дедім. Ол қуанып, компьютерді алып кетті. Бір-екі күн өткен соң жұмысқа келе жатқанымда толып тұрған кішкентай балаларды көрдім. Мектеп оқушылары болса керек, бір-бір сөмкелерін арқалап алған. Не үшін күтіп тұрғандарын сұрағанымда: "Апа, сіз компьютер таратып жатыр деп естідік. Бізге де беріңізші" дейді. Жүзіме күлкі үйіріп, балаларға мән-жайды түсіндірдім, – дейді кейіпкеріміз күлімсіреп.
    Кең пейіл жанның жәрдемдесіп жүрген барша аудан тұрғындарына алғысы шексіз. Қоңырау шалса киім-кешекті әкеліп, таратып беруге қай мекеменің болса да басшысы көлік тауып беруге даяр. Қарапайым тұрғындардың өзі де орталыққа киім, жиһаз бен ыдыс-аяқ әкеліп, сөрелерді толтыруда.
     P.S.
    «Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек» деп ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, талай жыл темір жолда темірдей тәртіппен қызмет еткен Пернегүл Әбіләкімқызы бұл күнде мейірімі мол қызметте. Еңбегіне ақы алмайды, тегін атқарады. Қолда барын аямаған, жәрдем беруден аянбаған кейіпкерімізді бүгінде тұрғындар танып қалған. Жеке басының емес, елдің мүддесін жоғары қойған апамызға Алла қуат берсін.

Аслан ЖАЙҚОНСҰЛЫ
18 ақпан 2020 ж. 998 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031