Қазақстанда не өзгерді? Жөргекпұл, жәрдемақы, шәкіртақы өседі
Айлық есептік көрсеткіш 2651 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге болады. Жәрдемақы Тышқан жылында көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрі ұсынылмақ. Отбасылық табыс ескерілместен 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді. 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмекті беру де жалғасын табады, деп жазады "Қамшы"

Жалақы 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, мәдениет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға, кейбірінің жалақысы 50%-ға дейін, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30-60%-ға дейін артады. Жүргізушілерге құлаққағыс Қазақстанда бензин бағасы қымбаттайды. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін жанар-жағармай бағасы тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге артпақ. Бұл жанармай құю бекеттерінде бензиннің 10 теңгеге қымбаттауына соқтырады. Жиналған қаражат әлеуметтік жобаларды, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыруға жұмсалмақ. Сондай-ақ мас күйінде жол-көлік оқиғасына ұшырап, екі немесе одан да көп адамның өлімі тіркелген жағдайда жүргізушіні 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан, өмір бойына көлік айдау құқығынан айыруды көздейтін заң күшіне енбек. Несие 1 қаңтардан бастап айлық табысы күнкөріс деңгейінен төмен, яғни 31 183 теңгеден аз табатын азаматтарға несие берілмейді. Заңға сәйкес кредит беретін барлық субъекттер – ломбардтар, шағын қаржы ұйымдары жаңа норманы ұстануы тиіс. Сондай-ақ кепілсіз несиелердің төленбегеніне 90 күн толғанда, өсімпұл, комиссия қосылуы тоқтатылады. Шәкіртақы Студенттер шәкіртақысы 25 пайызға артады. Ол үшін республикалық бюджеттен 18 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.