» » ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

КҮРІШТІ ӨҢІР ЫРЫСЫН ТЫҢ БАСТАМАЛАР ЕСЕЛЕУДЕҚұрылыс қарқынына көз тояды
АПТА АҒЫМЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІН БЕРДІ. ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУГЕ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ Қ.ҚАСЫМОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ Ғ.ӘБДІРАХЫМОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ Н.ТІЛЕШОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ КЕҢСЕСІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ С.ҚИЗАТ ҚАТЫСТЫ. 800 МЫҢҒА ЖУЫҚ ХАЛҚЫ БАР СЫР ӨҢІРІНДЕ АТАЛҒАН ШАРА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ОБЛЫСТЫҚ «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНДА, YOUTOBE СЕРВИСІНДЕ, FACEBOOK ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІСІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ.
– Ресеймен келіссөздер нәтижесінде 2017 жылы Ресей Федерациясының жалға алған шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 11,6 мың гектар жер қайтарылды. Қазір тағы да 3,4 мың гектар жерді қайтару жөнінде Ресей тарапымен келісудеміз, – деді Қырымбек Көшербаев облыс халқы алдындағы есепті кездесуінде.
Естеріңізде болса, 2016 жылы екі ел басшыларының Санкт-Петербург қаласында өткен дәстүрлі кездесуі аясында «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары ғарыш айлағындағы әрі қарайғы ынтымақтастық тұжырымдамасын бекітті. Бұл Байқоңырдың дамуының жаңа қырларын қалыптастырып, мемлекет дамуына сүбелі үлес қосуды көксейтін ұйғарым.
Шаһардың ұзақ мерзімді дамыту жобасын қос мемлекет өзара бірлесіп атқармақ. Ғарыш айлағының бойына қан жүгіртіп, тыныс-тіршілігін түзету жаңа әлеуметтік, тұрғын үй және өндірістік нысандар салу, сонымен қатар инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар туғызумен басталып та кетті. Бұл күнде көпқабатты 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстары жүйелі атқарылуда. Ал қаланы табиғи газға қосу жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Алты бірдей тұрғын үй, алты білім ошағы мен балабақша көгілдір отынмен жылытылып отыр.
– Қала басқа елдің уақытша құзыретінде. Бірақ, мен бұрын мәлімдегендей, біз ғарыш айлағын жалға берсек те, Қазақстанның азаматтарын жалға берген жоқпыз! – деп баса айтты жиында аймақ басшысы.
Тақырыпқа тұздық. Айта кетейік, 2014 жылы мұндағы 6 мектеп пен балабақшаны қазақстандық білім стандартына көшіруді, қаланың аумағында облыстық медицина орталығы (ОМО) және емханалар филиалдарының жұмысын ұйымдастыруды, қаланың тұрғын үйлерін салуды және газдандыруды бастар алдында қос тарап өзара келісімге келген болатын. Мұнда да Байқоңыр халқын жатсынбай, бауырға басу, мемлекетіміздің қамқорлығын сезіндіруді мақсат еттік.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бүгінгі жастармен мақтанатынын жеткізді. Өңір дамуы үшін жасалып жатқан әрбір жоба жастардың болашағының жарқын болуын көксейді, елдің кемел келешекке білім мен ақылы толысқан тұлғалармен жол тартуына мүмкіндік жасау – бүгінгі толқынның ұрпақ алдындағы парызы.
– Егер де біреу келіп: «Көшербаев мырза, сіз өзіңіз басқарып отырған облыста қандай жетістікпен мақтанасыз» деп сұраса, мен ойланбастан бүгінгі жастармен мақтанатынымды айтар едім. Өткен жылғы мектеп түлектерінің 97 пайызы орта және жоғары оқу орындарына түсті. Демек, біз оларға толықтай сенім арта аламыз. Қазіргі заман білектінің емес, біліктінің дәуірі. Жаңа технологияның өзі «Сіз өзгеруге дайынсыз ба» деп сұрап тұрмайды. Келешек – білімді жастардың қолында, – деді облыс әкімі.
Соңғы бес жыл ішінде жаңадан салынған 200 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Бұл қатарда апатты жағдайда болып келген 37 білім ошағының мәселесі шешілді. Балабақшамен қамту мәселесінде де республика бойынша алдыңғы қатардамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңғыру сағатында есепке жылдар емес, минуттар жүріп отырады» деген болатын. Демек, біз осы көшке ілесу үшін білімді, ынталы, талапшыл жастарды тәрбиелеуіміз керек.
– 2014 жылдан бастап өңірдегі білім ошақтарының 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтың үздік техникалық жоғары оқу орындарында Ресей үкіметінің гранты негізінде білім алуда. Айта кету керек, біз осы мүмкіндікті ұйымдастырған бірден-бір облыспыз. Осы жазда алғашқы 65 бітіруші түлекті күтеміз, – деді Қырымбек Көшербаев.
Биылдан бастап бұл қатарға М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 20 грантын қосыңыз. Таяуда ғана Татарстанға сапарлап келген аймақ басшысы Президент Р.Минихановпен арадағы келісімге сәйкес жыл сайын 20 адамды ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқытуды қолға алды.
Облыстың қай саласында болмасын даму көрсеткіші жоғары. Бірнеше жылдан бері Сыр өңірінің негізгі мақсат-міндеттерінің бірі – мұнайға тәуелділіктен арылу болатын. Өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызын құрайтын бұл салада кейбір мұнай ұңғымаларынан шыққан шикізаттың 98 пайызы суланған. Демек, экономикамызды нығайтудың басқа да көздерін қарастыруымыз керек. Бұл ретте аймақ Елбасы тапсырмасы негізінде орта және шағын кәсіпкерлікті түлетуді қолға алған.
– «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Бәлкім, дағдарыс, көмірсутегі бағаларының құлдырауы сияқты сынақтар арқылы бізге сілкініс керек болған шығар... Соңғы бес жылда облыста 50-ден астам өнеркәсіп нысаны іске қосылса, оның 16-сы ірі және орта кәсіпорын. Өңдеуші секторда өнім көлемі 65 пайызға артты. Шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі соңғы жылдың өзінде 60 пайызға жоғарылады, – деді аймақ басшысы.
Экономиканың локамативі шағын және орта кәсіпкерлік екеніне дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сүйеніп көз жеткіздік. Өйткені, осы күні азуын айға білеген алпауыт мемлекеттердің өзі осы деңгейден өткен. Барлық деңгейдегі әкімдердің алдында негізгі үш міндет тұр. Оның ең бастысы – кәсіпкерлікті дамыту. Өйткені, осы қадам арқылы біз салық базасын нығайтамыз, әрі қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Өткен жылдармен салыстырғанда жеке кәсіпкерлер қатарын 22-ден 26 пайызға көтердік. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субьектілерінің қатары 5,2 пайызға артты. Оған өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған 16 мыңнан астам азаматты қосыңыз. Бұл – едәуір жетістік. Ал биыл кәсіпкерлікті қолдау жылы болып белгіленгені барша кәсіп иелерін қуантып отыр.
Агроөнеркәсіптік кешенде өнім өндірушілерге 2013 жылы бар болғаны 215 миллион теңге бөлінсе, бұл көрсеткіш өткен жылы 5 миллиард теңгеге жеткен. Ал егісті әртараптандыру мәселесі мен кооперативтерге бірігуде Қызылорда алдыңғы қатарда келеді. Өйткені, Елбасы Сыр өңіріне жасаған бір сапарында арнайылап:
– Егісті әртараптандыру керек. Суды аз қажет ететін дақылдарды көбірек егіңдер, – деп тапсырма берген-ді.
Бұл күнде аталған салада экспорттың да жайы ауыз толтырып айтарлықтай. Биыл алғаш рет Қытайға 11 тонна мақсары майы экспортталды. Онан бөлек биыл Қармақшы ауданындағы «Ақтөбе и К» ЖШС мекемесінен 60 тонна ирандық «таромо-хошеми» күріш сортын экспорттау жоспарланып отыр. Ал Иран Ислам Республикасы жылына пайдаланатын 5 миллион тонна күріштің жартысын сырттан алдырады. Бұл ретте осы нарықтан біз өз орнымызды нықтауымыз қажет.
Ал өткен жылы буферлік аймақтан шығуымыз бізге ет өнімдерін Біріккен Араб Әмірлігіне, Иран және Моңғолия мемлекеттеріне экспорттауға мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте айта кетейік, «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылық кооперативі Иранға 26,5 тоннаны құрайтын 812 бас қозыны ет бағытында жөнелтсе, Біріккен Араб Әмірлігіне Алматы облысы арқылы 1 132 бас қой, Моңғолияға 300 бас қозы экспортталды.
Ал Қармақшы өңіріндегі Ақтөбе ауылында құс фабрикасы ашылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Ақтөбе и К» серіктестігінің бірлескен жобасы құс етін өндіріп, халыққа таза, сапалы өнім ұсынуға негізделген.
Мұнан өзге спорт, денсаулық, мәдениет саласында да бірқатар жетістіктеріміз жетіп артылады. Өткен жылы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКОНЫҢ халықаралық мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Оған қоса Сығанақ, Жанкент, Кескен күйік, Шірік рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері енді. Ал ең бастысы, Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды ескерткіші жаңғыртылды.
Бұл күнде аймақтың басты жаңалығы, жетістік желкенін керуінің басты нысанасы – Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру. Бұл күнде жаңа қала бой көтеріп, түрлі әлеуметтік нысандар құрылысы толассыз жүргізіліп жатыр. Ондағы тұрғын үй бағасы республикада ең төменгі тарифпен тұрғындарға табысталмақ. Аймақ басшысы есепті кездесуде құрылысшы қауымына зор алғысын білдірді.
ТҮЙІН.
Қызылорда бұл күнде әлемнің 70-тен аса елінде қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын, күн, жел, су электр станцияларын салумен айналысатын Қытай мемлекеттік инженерлік-құрылыс компаниясымен келіссөздер жүргізуде. Биыл талай өрелі істер мен маңызды жобалар қолға алынбақ. Демек, нәтижелі жұмыстың елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына зор серпін берері сөзсіз.
Дәулет ҚЫРДАН.
19 ақпан 2018 ж. 722 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031