БАЙҚОҢЫРДА ГАЗ БЕРІЛІП, ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІ ЖАЛДАН ШЫҒАРЫЛУДА
"Былтыр, біз Байқоңыр қаласының аумағынан 11,6 мың га. жер учаскесін жалдан шығарған болатынбыз. Ендігі… кезекте 3,4 мың га. жер учаскесін жалдан шығару бойынша Ресей тарапымен келіссөздер жүргізудеміз. Бұл жерлерді келешекте кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын боламыз", - деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңыр» кешеніндегі қарым-қатынасы жалдық жағдайдан кешенді бірлесе пайдалану жағдайына көшіп келеді. Барлық әлеуметтік-экономикалық мәселелер Ресеймен бірлесе отырып арнайы құрылған үкіметаралық комиссиясының шеңберінде шешілуде.
2016 жылдың 26 желтоқсанында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерінің кездесуінде «Байқоңыр» кешенінде одан әрі ыңтымақтастық Тұжырымдамасы бекітілді. Ал, өткен жылы ынтымақтастық Тұжырымдамасы аясында Байқоңыр қаласының ұзақ мерзімді даму бағдарламасы әзірленді. Онда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттары қамтылған. Бағдарлама бойынша былтыр Байқоңырда басталған 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысы осы жылы аяқталмақ. Сонымен қатар, өткен жылдың соңында қалаға табиғи газ беру басталды.
Серік Салауатұлының айтуынша, алдымен 447 пәтерлі 6 тұрғын үй, 6 мектеп пен 1 балабақша табиғи газға қосылды. Бүгінде Байқоңыр қаласының әкімшілігі пәтерлердегі газ плиталарды ауыстыру жұмыстарына кірісіп кетті. Барлығы 5841 газ плиталары ауыстырылды.
Сонымен бірге, қаланың су және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталды. Жаңғыртуға жататын нысандар Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне берілді.
Пікір 2