» » «БАЙҚОҢЫРДЫ» БАЙЛЫҚҚА АЙНАЛДЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

«БАЙҚОҢЫРДЫ» БАЙЛЫҚҚА АЙНАЛДЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Қазақстан жеке ғарыштық бағдарламасы бар державаға айналып келеді. Біртұтас бастамаға негізделген елдің ғарыштық инфра­құрылымы ұйымдастырылды, ғарыштық қызметті дамытудың барлық стратегиялық бағытын қамтитын кәсіпорындары бар. Білікті ғылыми және инженерлік кадрлар қалыптасты. Ғарыштық аппараттардың екі орбиталық тобы нәтижелі іске қосылды: Жерді қашықтықтан зерттеу мен спутниктік байланыс құрылғылары, «Бәйтерек» ғарыштық зымырандық кешенін құру жобасы жүзеге асуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының ең басты 33 нәтижесінің 16-тармақшасы ғарыш саласына арналған. Жалпы, Мемлекет басшысының ғарыш саласын еліміздің ең басты жетістіктерінің бірі ретінде атағаны тегін емес. Себебі, Президент айтқандай, Қазақстан – жеке ғарыштық бағдарламасы бар державаға айналып келе жатыр. Бұған әрине, «Байқоңыр» ғарыш айлағының елімізде орналасқаны айтарлықтай үлес қосып отыр.
Бүгінде «Байқоңыр» әлемге кеңінен таныс ғарыш айлағы болып саналады. Себебі, аталған жерде ең алғаш рет адам­заттың өкілі ғарышқа ұшып, әлем жұртын таңғалдырған болатын. Юрий Гагариннен кейін ғарышқа жүздеген адам ұшып, көптеген ғылыми жаңалық ашты. Алайда «Байқоңыр» ғарыш айлағы – әлем тарихын­да алтын әріптермен жазылып қалады.
Қазіргі таңда аталған айлақты игеруге арналған тың жобалар іске асып жатыр. Мәселен, өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қы­зылорда облысына жұмыс сапарымен барып, «Байқоңыр» кешенін одан әрі дамыту туралы ынтымақтастық тұжы­рымда­масымен танысқан еді. Сондай-ақ Елбасы «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да мән берген болатын.
– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегия­лық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр. Біз өңірдің экологиялық қауіпсіздігін артты­рудың маңыздылығына баса назар аударуымыз керек. Қаланың болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысан­дар салынатын болады. Сондай-ақ жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет, – деді Президент.
Негізі, кейбір мемлекеттер «Бәйтерек» бірлескен жобасына қызығушылық танытып, бірге жұмыс жасауға ниетті болып отыр. Мысалы, өткен жылдың 12 қарашасында халықаралық аэроғарыш­тық Dubai Air Show – 2017 көрмесі өткен болатын. Аталған жиында БАӘ өкілдері Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағының қызмет ету жағдайымен және оның даму келешегімен танысқан еді. БАӘ премьер-министрінің орынбасары шейх Мансур ибн Заид әл-Нахаян «БАӘ-нің Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасына қатысу мүмкін­дігін» қарастыруға қызығушылық танытты. Осыдан кейін стратегияны дайындау және іс-қимылды үйлестіру үшін ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды дамыту бойынша үшжақты жұмыс тобын құру туралы келісім жасалды. Қазақстан Ресеймен бірге Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыраны кешенінің жобасын іске асыруды 2004 жылы бастаған болатын. Құзырлы органдар аталған жобаның 2022 жылы аяқталатынын жоспарлап отыр.
Ғарыш саласы сөз болғанда «Қазсат – 1», «Қазсат – 2» және «Қазсат – 3» жер серігі туралы айтпай кете алмаймыз. Өкінішке қарай, ең бірінші болып 2006 жылы ұшырылған «Қазсат – 1» жер серігі сәтсіздікке ұшырап, көпшіліктің сенімін ақтамады. Қазақстан Ұлттық Ғарыш агенттігі бес жылдан кейін, яғни 2011 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Қазсат – 2» жер серігін ұшырған бола­тын. Алайда сол кезде «Қазсат – 1»-ден кейін «Қазсат – 2» ұшырудың қажеті қанша?» деген сыни пікірлер айтылды. Абырой болғанда «Қазсат – 2» жер серігі орбитадағы өз нүктесіне жетіп, сенімді ақтады. Сондай-ақ 2014 жылы ұшырылған «Қазсат-3» жер серігі сәтті қонды.
Ғарыш туралы айтқанда, қазақтан шыққан ғарышкерлер туралы айтпай кетуге тағы болмайды. Мәселен, 1991 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Тоқтар Әубәкіров көкке көтеріліп, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер деген атаққа ие болды. Тоқтар Оңғар­байұлы сонымен қатар түркі халық­тарының ішінен шыққан тұңғыш ғарышкер болып саналады. Тоқтар Әубәкіровтен кейін 1994 жылы Талғат Мұсабаев ғарышқа аттанып, елеулі еңбек етті. Сондай-ақ үш жыл бұрын «Бай­қоңыр» ғарыш айлағынан Айдын Айымбетов ғарышқа сапар шегіп, абыройымызды асқақтатты.
Қазіргі таңда «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей жалға алып, уақытша пайдаланып отыр. Алайда «Восточный» космодромын салып алған мемлекет ерте ме, кеш пе «Байқоңырдан» бас тартуы мүмкін. Міне, сол кезде біздің мамандар «Байқоңыр» ғарыш айлағының жұмысын ақсатпай, одан әрі дамыта түсуі керек. Бүгінде жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы бағыттағы жұмыстармен айналысып жатыр. Мәселен, Елбасының Америка Құрама Штаттарына іссапары бары­сында министрлік Қазақстан мен АҚШ ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды. Демек, еліміз Ресеймен ғана емес, сонымен қатар АҚШ-пен ғарыш саласында әріптестік орнатып, тың жұмыстарды іске асыруға мүдделі болып отыр.
19 қаңтар 2018 ж. 2 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031