» » Табысты таразылаған күн

Табысты таразылаған күн

ЖОСАЛЫ, 28 қазан - qarmaqshy-tany.kz  Дарияға жақын орналасқан «Этноауыл» адамға лық толы. Көлік те кептетіліп, ине шаншар жер қалмаған. Кенттің шығыс бетіндегі «ауыл» деп айдар таққан бақ мұндай көшті көптен сағынған тәрізді. Әуелеген әуенмен келушілерге кең құшағын ашса, күн де мейлінше шуағын шашып шаруаларға ілтипат көрсеткендей.

ЖОСАЛЫДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕ

150 тонна ауыл өнімі тиелген 50-ден аса көлік қаз-қатар тізіліп, қызмет көрсетуге даяр тұрды. Бейсенбі, жұмыс күніне тұспа-тұс келген соң тұрғындар ертемен келіп, жәрмеңкенің саудасын қыздырды.
Ауыл дәмін сағынғандар қысқы азықты молынан алуға тырысты. Табиғи өнімге тең келер дүние бар ма? Әуелі атымызды асқақтатқан күрішті бір емес, бірнеше қаптан алуға бекінген көп еді. Келісі 180 теңгеден сатылған Сыр маржаны небәрі бірер сағатта түгесіліп қалды.
Картоп сортына қарай 80-90-100 теңгеден, жуа – 50, қырыққабат – 90, сәбіз – 90 теңгеден сатылды. Базар бағасынан аз ғана айырмашылығы болғанмен ала жаздай тер төккен диқандар еңбегін ескерді ме тұрғындар шағым айтпады. «Құнарлы жердің өнімін құмарта жегеніміздің өзі олжа» деп қуанып жатты. Жәрмеңкеде «Тұрмағамбет» ЖШС, соның ішінде «Ақтайлық» шағын сүт зауытының өнімдері, Төребай би ауылындағы жеке кәсіпкердің қолынан шыққан қызанақ пен қияр тұздығы, осы ауылдың қауын мен қарбызы, асқабағы жақсы саудаланды.
– Жәрмеңкенің орны бөлек. Үлкен мереке ғой бұл. Керегімнің бәрін таптым. Мал азықтық жем мен жоңышқа тиімді бағаға түсті. Қажетіме қарай картоп, жуа мен сәбізді қалта көтерер бағаға алдым, – деп көңілі толған кейіп танытты кент тұрғыны Тұмаркүл Сейдәлиева. Ауқымды шараға арнайылап ат арытып келген облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен аудан әкімі Мұса Қалдарбеков жәрмеңкені аралап шығып, тұрғындарды сапалы өніммен қамтыған еңбек адамдарына алғысын жаудырды.

ОБЛЫСТА ОЗАТТАР ҚАТАРЫНДАМЫЗ

«Алтын дән – 2019» салтанатты шарасы «Этноауыл» төрінде мерекеге сай безендірілген сахнада жалғасты. Тәуелсіздігін тәу еткен қасиетті Қармақшы елі бұл мерекені берекелі бірлігімен, ырыс тайқазанын тасытқан молшылығымен қарсы алды. Аудан диқандары биыл 23690 гектар жерге егін екті. Оның ішінде 14633 гектар жерге күріш ексе, әр гектарынан 62,7 центнерден өніп алды. Қоймаға 92 000 тонна Сыр салысы құйылды. Жоспарланған меже алынып, ел қуанышқа кенелді. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы мен Мұса Оспанұлы алғашқы құттықтау сөз алды.
– Баршаңызды диқан қауымының мерекесі саналатын ауылшаруашылығы қызметкерлерінің аудандық «Алтын дән – 2019» мерекесімен құттықтаймын. Егін даласында қажырлы еңбек еткен диқандардың табысы таразыланатын, көктемнен бастау алған ауқымды жұмыстың жемісін көретін шағы бұл. Ала жаздай еңбек етіп, қырманды қызыл дәнге толтырғандардың сый-құрмет пен алғысқа бөленетін айы келді. Биыл бұл мерекені жоғары нәтижемен қарсы алып отырмыз. Ауданымызда алғаш рет Алматы қаласынан сояның ерте пісетін «Жансая» сорты 40 гектар жерге тәжірибе ретінде егілді. Нәтижесінде соя дақылынан барлығы 90 тонна өнім жиналып, гектарына 22,5 центнерден орта өнім алынды. Былтырмен салыстырғанда күріш өнімін өндіру 114 процентке артық орындалды.Қармақшы өңірінде күріш дақылын еселеп арттыруда зор үлес қосқан «Жаңажол», «Тұрмағамбет», «Достық жер МК», «Ораз ахун», «Ақтөбе и К» шаруашылық еңбеккерлерінің қажырлы қызметін атап өтуге болады. Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға да мемлекет тарапынан «Сыбаға» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, жыл басынан 12 млн теңге қаржы көлемінде субсидия берілді. Сонымен бірге үстіміздегі жылы «Тұрмағамбет» ЖШС «Сүт қабылдау және өңдеу цехы» іске қосылды. Қазіргі таңда жеке шаруашылықтардан және шаруа қожалықтарынан сүт қабылдап, өнім өңдеу жұмысымен айналысуда. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аудан агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуеті зор екенін көруге болады, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі, табандылығы мен өз ісіне деген адалдығы ескеріліп еңбек озаттары І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге ауылшаруашылығы саласының үздігі, жоғары наградалардың иегері Қылышбек Әбішевті еске алып, ұлықтау үшін, ауылшаруашылығы саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген еңбеккерлерге «Қылышбек Әбішев» атындағы төсбелгі табысталды.

13 АВТОКӨЛІК ИЕСІН ТАПТЫ
Жылдың ерекшелегі мұнымен шектелмейді. Жомарт жүрек басшылар сенім үдесінен шығып, табанды еңбек еткен азаматтарды көтермелеу мақсатында автокөлік сыйлауды жөн көрген. Нәтижесінде молшылық мерекесінде сол бақтың бір қапталын су жаңа 13 автокөлік алып тұрды. Оған қызыға да қызғана қарап, «осындайға менде жетсем» деп талпынғандар аз болмады. «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов өз мамандарына құны 4 250 000 теңгелік «Lada Vesta» автокөлігінің кілтін, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС Жомарт Жалғасбаев 3 білікті маманына құны ----------«Нива», «Достық Жер МК» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев 6 бригадиріне соңғы үлгідегі 6 «Нива» автокөлігін, 1 маманға 1 млн теңгелік сыйға тартып, салтанаттың сәнін арттырды. Ал «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев 2 еңбек озатына 1 млн теңгенің сертификатын тарту етті. Маңдай тердің өтеуі болатынын сезінген шаруалар қуаныштан толқып, бөріктерін аспанға атты. Арқасы күнге күйіп, қолдары тарам-тарам болғанша тынбаған бүгінгі күннің батырлары шыққан белесті көріп, ел де марқая түсті.

***
Тойда «Достық Жер МК» шаруаларын тану әсте қиынға соқпады. Барлығы бірдей ақ түсті қалпақ киген интернационалдықтар ауызбірлігіне, татулығына тағы да тәнті етті. Олар «Алтын дән – 2019» салтанатын тамашалаған тұрғындарға екі қойдың етінен 2 қазан күріш басып, 70 келі бауырсақ үлестірді. Осылайша жиналған жұрт ауылдан шыққан дәннің дәмін татты. Тағаммен қоса тәтті су қосып беруді ұмыт қалдырмады. Қанат Баймағамбет бастаған шаруашылық мамандары Жеміскүл Тәжімбетова, Жанар Нұрышова, Қуаныш Тұрсынбаевтар қызмет көрсетіп, дәмді асты жылы ілтипатпен ұсынды. Шарада ауылшаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен қайырымдылық көмек те көрсетілді. 20 отбасына күріш таратылды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
28 қазан 2019 ж. 472 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 147

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930