» » ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ

ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ

Еліміз егемендікке ие болып, бодандық бұғауынан босандық. Тар заман келмеске кетті. Еңсеміз көтеріліп өркениетті халықтар қатарынан лайықты орын алдық. Ресей патшалығы мен қызыл империя өмір сүрген дәуірде қазақ жұртының тарихы өрескел бұрмаланып келгенін енді сезіндік. Шындық пердесі айқара ашылып, әділеттілікке даңғыл жол ашылғандай болды. Арамзалар айласын асырып, елдігіміз бен ерлігімізді қорғаған асылдар мен арыстарды, батырлар мен билерді, хандар мен сұлтандарды, әулиелер мен ғұламаларды халық зердесінен өшіруге жанталасып бақты. Сондай алып тұлғалардың бірі де бірегейі – Марал ишан Құрманұлы. Бүкіл алты алашқа әйгілі рухани көсеміміз көзі тірісінде-ақ аты айдай әлемге әйгілі болды. Менің балалық шағымда ұлы данышпанның кереметтері туралы әкемнен және ауыл ақсақалдарынан талай естігенім бар. Өйткені бабаның жатқан жері Жосалы кентінен 18 шақырым жерде орналасқан.  Алыс – жақын шетелдерден бабамыздың басына зиярат етуге келеді. Қарасы үзілмеген келушілер Құран оқып, басына түнейді, дертіне ем іздейді. Міне мен Марал баба дүниеге келген Қостанай жерінде оқудамын.
Марал ишан Құрманұлы әлемге әйгілі әулие, қазақ халқының рухани көсемі, Ислам дүниесіндегі аса көрнекті дінбасы, бүкіл өмірін ел-жұртына ізгі қызмет етуге сарп еткен біртуар тұлға болды. Көзі тірісінде ол кісінің аты аңызға айналды. Қазан төңкерісінен кейін большевиктер Марал ишанның рухына қарсы атой салып, абырой-беделіне кір келтіруге жанталасып бақты. Тіпті әруақтың атын атағандардың өзі кінәлі болды. Соған қарамастан, бабамызды халқымыз ешқашан ұмытқан емес. Оның өсиеттері, қағидалары адал ниетті адамдардың жүрегінен мәңгі  бақи орын алды. Әулиеге деген ыстық ықылас нұр сәулесін төгіп отырды. Тәуелсіздік алған еліміз, бодандықтан құтылған қазақ жұрты Марал бабамызбен қайта қауышып  отыр. Ұлы әулиенің кемеңгерлігіне бас иіп, киелі рухына тағзым еткен халқымыздың мерейі өсті.
Марал бабамыз 1780 жылы қазіргі Қостанай облысы Әулиекөл ауданы – бүгінгі Аманқарағай орманымен іргелес Қайранкөл  жазығында дүниеге келген. Әкесі Құрман бес уақыт намазын қаза қылмаған, көзі қарақты тәуіп болса керек. Анасы Фатима қалмақтың  атақты жуан сіңір атасынан, айтқаны қате кетпейтін көріпкел, сәуегей жан болыпты. Марал әкесінен тоғыз жасында жетім қалып, өз бетінше талпынып, білім алуды көздейді. Баланың талпынысы заяға кетпей Құланбай ишанның кеңесімен сол дәуірдің ірі оқымыстысы Жалаңаяқ ишанның қарауындағы 100 шәкірттің қатарына келіп қосылады. Жалаңаяқ ишанның мекені қазіргі Тәжікстанға қарасты Қорған төбе маңындағы Жамтауы деген жер. Осы арада зейінді алғырлығымен ұстазының назарына ілігіп, 7 жыл оқып, ақыры Жалаңаяқ ишанның батасын алып еліне оралған.
Марал ишан Қызылжар мен Қостанай өңірлерінде Ислам қағидаларын кеңінен насихаттау жөнінен қыруар жұмыс жүргізді. Діннен безгендердің әрекеттерін әшкерелеп, Құран тағылымдарын уағыздайды. Жұртты шариғат жолымен өмір сүруге бастайды. Туған өлкесінде бірнеше мешіт салдыртып, солардың бәрін рухани орталыққа, білім ұясына айналдырады. Ахмет Байтұрсыновтың жазбасында: «Бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы туралы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рухы да сондай». Демек, Марал бабамыздың қолбасшыларды желеп-жебеп, ақ батасын беріп отырғандығы да кездейсоқ емес. Бұл – рух құдіретінің киелі парасаты. Даңқты Кенесары өзінің қарын бөлесі Марал ишанның данышпандығына бас иіп отырған. Сондықтан ұлы әулиені өз хандығының рухани көсеміне тағайындайды. Ұлт-азаттық қозғалыстың басшысына осындай қасиетті қайраткер ауадай қажет болды. Марал бабаның ақыл-кеңесімен Кенесары талай шайқастарда жеңіске жетті. Патша өкіметі халқымыздың дініне ауыз салып, Исламнан бездіруге әрекет-айла жүргізгені мәлім. Міне, осы бір қиын-қыстау кезеңде Марал ишан мұсылман қауымға араша түсіп, зорлық-зомбылық көрсеткен кәпірлерге қарсы «ғазауат соғысын» бастаушылардың ұйытқысы болды.
Халық алдында берген уәдесін орындай отырып, Марал ишан Сыр бойына қоныс аударды. Мұнда ол діни, емшілік, көріпкелдік қызметін кеңінен өрістетті. Оның асыл қасиеттеріне сенбей, күмән келтірушілер де болды. Марал ишан өз кереметтерін жұртқа көрсетіп, кемеңгерлігін талай рет айғақтады. Ишан халық жадында ел қорғаған батырлардың демеушісі, қиналған-қысылған шақта сүйеніші, жұрттың жа­рыл­­­­қаушысы, ақ тілеулі аналардың қорғанышы, баршалардың медет қылар пірі ретінде сақталып отыр. Жабыққандар мен зарыққандарға пана, қамқор болды.
«Туғанға өлім болмақшы, ноқтаға ажал ұқсаған» – деп Сәдуақас хазірет жырлағандай, Марал бабаға да ажал нәубеті 62 жасында кез болды. Өзі қоныс еткен «Әулиекөлге» сапар шегіп барған Марал ишан сол жақта жаз айында дүние салады. Шыжғырған ыстық кез екен. Мәйітін қара былғарымен орап, жақсылап тігеді де, күндіз қалперілері құдық қазып, сулы топырақпен көміп тастайды да, түнде алып жүріп жетінші қонағаға «Қырық мешітке» Қармақшыға жеткізеді. Көзі тірісінде өзі өсиеттегеніндей Баба рухы Қармақшы кентіндегі анасы Фатима қорымында мәңгілікке тыныстауда. Марал ишанның өлі денесін алып келе жатып жолшыбай қазған құдықтардан шыққан су көздері кейін бұлаққа айналған. Ол жерлерде ағаштар пайда болып, көлеңкелі саябақтар орнаған. Сол маңайда тұратын халық бұл жердің қасиетті шарапатын көзбен көріп, сол құдықтардың басына түнейтін болған. Осы кезге дейін сол «әулие бұлақтардың» басынан халық үзілмейді. Қазір бұл зират елге әйгілі киелі қорымға айналып отыр. Қазақта Маралға дейін Маралдан кейін де ишандар көп болған. Десек те Марал ишан – бірегей, дара, сонысымен де асқақ, сонысымен де қымбат.

Арайлым ШӘКІМБАЕВА.
04 мамыр 2019 ж. 1 538 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031