» » ЕСКЕРТКІШТЕР ЕСКІРМЕЙДІ

ЕСКЕРТКІШТЕР ЕСКІРМЕЙДІ

Ұрпақтан-ұрпаққа мирас боп келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың ұлылығы ұмыт қалмақ емес. «Цифрлы Қазақстан» жобасы қаймағы бұзылмаған қазыналарымызға жаңа 3 D форматындағы интерактивті картасын әзірлеп, QR-код орнатуда. Яғни, әрбір ескерткіштегі осындай кодты енгізіп, ғаламтор арқылы барлық мәліметке қаныға аласыз. Өңірдің өрісін кеңейтер бұл бастама туристерге қолжетімді мәліметтер базасын жинақтайды. Бүгінде облыс бойынша 150-ге жуық тарихи-мәдени мұраға QR-код орнатылса, оның 15-і Қармақшы аумағында.


Жерлесіміз, өлкетанушы Айдынбек Айтбайұлының айтуынша, кенттегі барлық ескерткіш пен Қорқыт ата кешені, Тұрмағамбет ескерткіші, Сортөбе қалашығы, Моншақ тастар сынды тарихи-мәдени нысандар тізімге енгізілген. Облыс бойынша QR-код орнатылған 150 нысанның ішінде ең көп мұраны цифрлы мирас еткендер қатарында Қазалы мен Қармақшы ауданы алда көрінеді. Құнды жәдігерлерді заманауи үлгіде ақпараттандыру – бүгінгі қоғам талабы. Өйткені, туризмді дамыту, шетелдіктерді елге тарту алдыңғы кезектегі мәселе. Бұл ретте, аталған бастама ең маңызды факторлардың бірі болары сөзсіз.
– Бүгінгі күні интерактивті карта облыстық тарихи және мәдени ескер­ткіштерді қорғау жөніндегі ком­муналдық мемлекеттік мекемесінің www.kyzylorda-pamyatniki.kz ресми сайтында орналастырылып, қолжетімді болып тұр. Онда ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміндегі нысандар, республикалық және жергілікті маңызы бар 150 тарихи-мәдени ескерткіш қамтылды. Аталған картада ескерткіштер арнайы белгілермен белгіленді, қолданушы оны басқанда өзіне қажетті ақпаратты алуына мүмкіндігі бар. Инновациялық әдістер мен компьютерлік бағдарламалардың көмегімен ескерткіштің толық витруальды моделі қалыптасып, барлық ракурстан түсірілген көлемді бейнесінен кез келген нүктеден көруге болады және нысан туралы 3 (үш) тілде толық ақпараттық база дайындалған, – деді өлкетанушы А.Скендіров.
Тізімдегі нысандар жайдан-жай ірік­телген жоқ. Алдын ала облыс орталығы мен аудандарда заманауи техникалармен жабдықталған далалық экспедиция ұйымдастырылған. Бұл шара ескерткіштердің 3D форматтағы моделін дайындау кезінде аэрофото түсірілімін, ескерткіш орналасқан орны мен табиғи ландшафтын көрсететін сканерлеу жұмыстарын атқарып, нысандардың тарихы мен аңыз-әңгімелері жинақталды. QR-код – «Quick Response» – шұғыл жауап деген мағынаны білдіреді. Яғни, бағзы заманнан жалғасқан мұраның тарихын әп-сәтте бір тетік арқылы біле аласыз. Бұл мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін, екі өлшемді штрих-код. QR-кодтың көмегімен интернет желісін қолдану мүмкіндігі бар жерлерде (мобильді байланыс тартатын, интернет қолданылатын орындар) ескерткіштер туралы кез келген ақпаратты алуға болады. Тарихи орындармен танысу барысында QR-кодты қолдану өте қызықты және ыңғайлы интерфейс болып табылады. Тарихи мәліметтерді алумен қатар, туристер сол орынды еркін бағдарлап жүре алады. Бүгінгі күні QR-коды бар тақтайшалар облыс орталығы мен аудандардағы мобильді байланысы бар жерлердегі ескерткіштерге орнатылды.
– Бұл жобалар өлкеміздің тарихына қызығатын кез келген азаматтың, оның ішінде жастардың ізденіс жұмыстарын жүргізуге үлкен көмегін тигізері хақ. Әрбір жас туған жері мен оның тарихын танып білуі үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуі тиіс. Осы орайда, аталған жобалар тарихи-мәдени мұраларымыз туралы кең-көлемді ақпарат алу және насихаттау жұмыстарында таптырмас құрал, – деді Айдынбек Айтбайұлы бізбен әңгімесінде.
Бұған қоса, ескерткіштерді жаңғырту мәселесі де қолға алынған. Өңірдегі тарихи орындарды сақтау мақсатында қайта жаңғырту жұмыстарының маңызы жоғары. Соңғы жылдары Қорқыт ата кешені де жаңа кейіпке енген. Аудан аумағындағы Қалқай ишан кесенесі де өзгерді. Биыл бұл қатарға аудандық бюджеттің қолдауымен Марал ишан мазары қосылды.
– Нысанды реставрациялау жұмыстарын жүргізуге 2 999 000 теңге бөлініп, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу заң талаптарына сәйкес мердігер «Ұлытау Ұлар МЖЖФ» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылды. Айта кетейік, Марал ишан мазары Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18-шақырымда орналасқан. Қызылорда облысы әкімдігінің 2018 жылғы 25 мамырдағы №19 қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген, – деді А.Скендіров.

Түйін.
Тамырсыз тасында да тарих тұнып тұрған туған жердің әрбір түкпірі құтқа толы. Қазынамыздың қадірін ұғына білсек, ол мемлекет үшін де тиімді болмақ. Өйткені, шетелдіктер мұхит асып біздің бет-әлпетімізді қызықтауға емес, тарихымызға терең үңілу үшін келмек. Мәселенің мәнісі осында болып тұр.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
05 желтоқсан 2018 ж. 2 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 256

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 356

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930