ҚАРМАҚШЫ ӨҢІРІНДЕГІ СЫРҒА ТОЛЫ МҰНАРАЛАР ТАРИХЫ
Тарихи мұра – ұлттың өткенінен сыр шертетін, бүгінгі ұрпақты ата-баба аманатымен сабақтастыратын баға жетпес құндылық. Қазақ даласының қатпарлы тарихында өзіндік орны бар сәулет ескерткіштерінің бірі – мұнаралар. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл бірегей құрылыстар халқымыздың құрылыс өнерін, дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін және сол кезеңдегі қоғамдық өмірін танытатын тарихи жәдігерлер қатарына жатады.
Мұнаралар – адамзат өркениетінің әр кезеңінде түрлі мақсатта салынған сәулеттік нысандар. Тарихи деректерге сүйенсек, олар қорғаныс, күзет, діни рәсімдер, белгі беру және мемориалдық мақсаттарда пайдаланылған.
Орта Азия мен Қазақстан аумағында мұнаралы сәулет өнерінің өзіндік даму жолы бар. Әсіресе Сырдарияның төменгі ағысы бойында мұндай тарихи ескерткіштер жиі кездеседі. Бұл өңірдің ежелден өркениет пен мәдениеттің тоғысқан мекені болғанын аңғартады.
Мұнаралар атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олардың қатарында қорғаныс мұнаралары, күзет мұнаралары, діни-ғұрыптық және мемориалдық мұнаралар, сондай-ақ кейінгі кезеңдерде салынған техникалық мақсаттағы су мұнаралары бар.Қорғаныс мұнаралары ортағасырлық қалалар мен бекіністердің қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігі болған. Олар биік қабырғаларға жапсарластырыла салынып, айналаны бақылауға және жау шабуылынан қорғануға пайдаланылған.
Күзет мұнаралары көбіне биік төбелерге, елді мекендер мен маңызды жолдардың бойына орналастырылған. Мұндай құрылыстар арқылы айналаны шолып, қауіп-қатерді алдын ала байқауға мүмкіндік туған. Ал мемориалдық мұнаралар белгілі тұлғалардың рухына арналып немесе жерлеу дәстүрімен байланысты тұрғызылған. Олардың сәулеттік пішіні, биіктігі мен құрылыс ерекшеліктері сол дәуірдегі діни наным-сенімдер мен дүниетанымнан хабар береді.
Мұнаралар негізінен шикі кірпіштен, күйдірілген кірпіштен, тастан және саз балшықтан тұрғызылған. Құрылыс барысында табиғи климаттық жағдайлар ескеріліп, қабырғалары қалың етіп қаланған. Мұндай тәсіл ғимараттың беріктігін арттырып, ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік берген.Сыр бойындағы тарихи мұраларға бай Қармақшы ауданы аумағында да өзіндік ерекшелігімен дараланатын мұнаралы ескерткіштер кездеседі.
Солардың бірі – Мұнаралы мұнарасы.
Мұнаралы мұнарасы XVIII ғасырға жататын сәулет ескерткіші ретінде белгілі. Ол Көмекбаев ауылдық округінен солтүстік-батысқа қарай шамамен 35 шақырым жерде, Жаңадарияның көне арнасы маңында орналасқан.
Зерттеу материалдарында мұнараның биіктігі 7,4 метр, қабырғаларының қалыңдығы шамамен 1,45 метр екені көрсетіледі. Құрылыс шикі кірпіштен тұрғызылып, сазды ерітінді пайдаланылған. Төменгі бөлігі цилиндр тәрізді болып келсе, жоғарылаған сайын пішіні сүйірлене түседі. Ішкі бөлігі күмбезбен жабылып, жоғарғы бөлігіне қабырға ішіне орналастырылған айналмалы баспалдақ арқылы көтерілуге мүмкіндік болған. Мұнараның сыртқы және ішкі қабырғалары әкті сылақпен әрленген. Бұл оның тек тұрмыстық немесе қызметтік мақсатта ғана емес, сәулеттік-көркемдік тұрғыдан да ерекше мәнге ие болғанын көрсетеді. Мұнараның бастапқы қызметі туралы зерттеушілер арасында түрлі пікірлер кездеседі. Бірқатар болжамдарда оның мемориалдық мақсатта салынғаны айтылса, енді бір пікірлерде күзеттік немесе бағдарлық қызмет атқарған болуы мүмкін екендігі қарастырылады.
Бұл ескерткіш – Қармақшы өңіріндегі көне сәулет өнерінің өзіндік сипатын танытатын, тарихи маңызы зор мәдени мұра нысаны.Тарихи нысандарды сақтау жұмыстары ғылыми негізде жүргізіліп, олардың бастапқы сәулеттік келбеті мен тарихи сипаты бұзылмауы тиіс. Сонымен қатар жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, тарихи орындар туралы ақпараттарды кеңінен насихаттау да маңызды.
Қармақшы ауданының тарихи-мәдени мұралары қатарында өзіндік орны бар нысандардың бірі – Су қыспақты мұнаралар. Бұл құрылыстар ХХ ғасырдың басында теміржол қатынасының дамуымен бірге пайда болып, сол кезеңдегі техникалық инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналды.
Су қыспақты мұнаралар негізінен бу қозғалтқышымен жүретін паровоздарды сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған. Паровоздардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қазандықтарына тұрақты түрде су құйылып отырған. Осы қажеттілікті өтеу үшін теміржол стансалары мен бекеттерде арнайы су жүйелері ұйымдастырылып, биік мұнаралар тұрғызылды.Мұндай мұнаралардың жоғарғы бөлігінде үлкен көлемді су сақтайтын резервуар орналасқан. Су арнайы сорғылар арқылы резервуарға көтеріліп, биіктік пен қысымның әсерінен құбырлар арқылы паровоздарға жеткізілген. Осылайша, су қыспақты мұнаралар теміржол қозғалысының үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берген маңызды инженерлік нысандар болды. Қармақшы ауданында мұндай тарихи нысандар Жосалы теміржол стансасында, Диірментөбе, Қорқыт ата теміржол бекеттерінде орналасқан.
Аталған мұнаралар – өңірдің теміржол инфрақұрылымының қалыптасуы мен дамуының тарихи куәгерлері. Әсіресе Диірментөбе мен Қорқыт ата стансаларындағы су қыспақты мұнаралардың тарихи маңызы ерекше. Олар бір кездері теміржол бойындағы қозғалысты қамтамасыз еткен техникалық құрылыстардың бүгінге дейін сақталған үлгілері ретінде құнды.Су қыспақты мұнаралардың сәулеттік және инженерлік құрылымы дәстүрлі тарихи мұнаралардан өзгеше. Олардың негізгі қызметі қорғаныс, күзет немесе діни-ғұрыптық мақсатпен байланысты емес. Бұл – нақты инженерлік есеп негізінде салынған, су жинау және оны қысыммен тарату қызметін атқарған техникалық құрылыс.
Осы тұрғыдан алғанда, Су қыспақты мұнараларды көне дәуірлерде салынған мемориалдық немесе күзет мұнараларымен бір санатта қарастыруға болмайды. Дегенмен олардың тарихи-мәдени құндылығы кем емес. Себебі олар ХХ ғасырдағы теміржол құрылысының, өндірістік техниканың және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын дәлелі болып табылады.
Бүгінде бұл нысандар тек бұрынғы техникалық қызметін атқарған құрылыс ретінде ғана емес, өлке тарихының ажырамас бөлігі ретінде бағалануы тиіс. Оларды сақтау, зерттеу және кейінгі ұрпаққа таныстыру – тарихи жадымызды жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі.
Г.Байкубекова,
К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің маманы














