» » Тарихты ұлықтау – ортақ парыз, ескерткіш орнату – жауапты іс

Тарихты ұлықтау – ортақ парыз, ескерткіш орнату – жауапты іс

Тарих - ұлттың рухани жадын қалыптастыратын, өткен мен бүгінді жалғайтын баға жетпес құндылық. Ел тарихынды өзіндік із қалдырған тұлғаларды ұлықтау, олардың өнегелі өмірі мен еңбегін кейінгі жеткізу – маңызды міндет.
Осы мақсатта тарихи тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіштер, бюсттер, стелалар және мемориалдық нысандар орнатылады. Алайда мұндай бастамаларға келгенде бір маңызды мәселені назардан шығармаған жөн. Тарихи тұлғаны ұлықтау мен белгілі бір ру-тайпаны дәріптеудің ара-жігін ажырата білу қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мәселелерге үстірт әрі біржақты қарамау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Президент: «Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек», – деп, тарихты жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалауға болмайтынын айтқан.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елдің басты қуаты халықтың бірлігінде екенін атап көрсетеді.Бұл ұстаным ескерткіш орнату мәселесіне де тікелей қатысты.
Өйткені белгілі бір тұлғаның есімін тасқа қашап, елді мекеннің төріне бюстін орнату – жай ғана сәулеттік немесе көркемдік шешім емес.
Ол - қоғамның  сол тұлғаға берген тарихи бағасы.
Сондықтан мұндай шешім белгілі бір әулеттің, жергілікті топтың немесе бір рудың ғана қалауымен емес, тарихи деректерге, ғылыми негізге, заң талаптарына және жалпы қоғамдық мүддеге сүйене отырып қабылдануы тиіс.  
Қазақ қоғамында ру-тайпа тарихының өзіндік орны бар. Тұлғаның ел тарихындағы орны оның руымен емес, мемлекетке, қоғамға, елдің дамуына қосқан нақты еңбегімен бағалануы қажет. Тұлғаның өмір сүрген кезеңі, атқарған қызметі, ел тарихындағы орны, нақты еңбегі туралы мәліметтер сенімді дереккөздермен расталуы қажет. Ауызша тарих, шежіре, ел арасындағы әңгімелер құнды дерек болуы мүмкін, бірақ оларды ғылыми зерттеу және тиісті тарихи деректермен салыстыру қажеттігі сақталады.
Ескерткіш орнату мәселесі тек қоғамдық пікірмен шектелмейді. Қазақстан Республикасында монументтік өнер құрылыстарын орнатудың арнайы тәртібі белгіленген. Қолданыстағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларына сәйкес ескерткіштер, стелалар мен бюсттер аса көрнекті тұлғаларды және маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында орнатылады. Қағидаға сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнатуға қатысты нақты талаптар бар. Атап айтқанда, құрылыс жалпы пайдаланудағы мемлекеттік меншіктегі жерлерге орнатылады және бір елді мекенде бір аса көрнекті тұлғаға немесе маңызды тарихи оқиғаға бірден артық осындай құрылыс орнатылмайды. Сондай-ақ жалпы ереже бойынша тұлға қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана орнату қарастырылады. Ескерткіш орнату мәселесі тиісті мемлекеттік органдардың құзыреті мен белгіленген рәсімдер аясында қаралуы тиіс.                                  
Бұл жерде тарихи-ғылыми негіздеме, жер мәселесі, сәулеттік шешім, қаржыландыру көзі және қоғамдық маңыз секілді мәселелер кешенді түрде бағалануы қажет.
Кей жағдайда белгілі бір тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру туралы ұсыныстың негізгі дәлелі оның белгілі бір рудан тарағаны, сол рудың шежіресінде кездесетіні немесе ұрпақтары арасында кеңінен дәріптелетіні болуы мүмкін. Алайда мұндай деректер тұлғаның тарихи маңызын анықтайтын жалғыз өлшем болмауы тиіс. Ең алдымен «Бұл адам ел тарихында қандай орын алады?», «Қандай қоғамдық немесе мемлекеттік қызмет атқарды?», «Қандай еңбегімен халыққа танылды?», «Оның қызметі тарихи деректермен қаншалықты дәлелденген?» деген сұрақтарға жауап берілуі керек. Бұл – белгілі бір тұлғаның еңбегін жоққа шығару емес. Керісінше, тарихи тұлғаға лайықты бағаны шынайы әрі объективті түрде беру.
Сондықтан мемлекеттік қорғауға алынатын обьектілерді таңдауда жәке әулеттік немесе рулық мүддеден гөрі жалпыұлттық, өңірлік тарихи және ғылыми құндылық басым болуы қажет. Бұл ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарихи тұлғаларды ұлықтау мәселесінде де әрбір бастаманы жан-жақты ойластырып, ескерткішті орынсыз көбейтпеу, тарихи тұлғаның шынайы еңбегі мен қоғамдық маңызын негізге алу қажеттігі туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан пікірімен үндеседі. (Президент: «Кейінгі кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнатуға сәнге айналмауы тиіс. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған тосқауыл болуы керек.Әр адам өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады.- деп нақты ескерткен»). Бабаны құрметтеу міндетті түрде оны мемлекеттік тізімге енгізу немесе ескерткіш орнату арқылы жүзеге асуы шарт емес.Тарихи тұлғаның есімін зерттеу, архивтік деректерін жинақтау, ғылыми мақала жазу, музейлік және мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізу арқылы да ұрпақ жадында сақтауға болады.   
Тарихи тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыруға ұмтылыс – құптарлық бастама. Бірақ бұл бастама заң талаптарына сәйкес келіп, тарихи деректермен негізделіп, қоғамның ортақ құндылықтарына қызмет еткен жағдайда ғана өзінің шынайы маңызын ашады. Өткенді құрметтеу – оны қалай болса  солай дәріптеу емес.
Ескерткіш - белгілі бір рудың немесе әулеттің мәртебесін көтерудің құралы емес, ел тарихында айрықша орны бар тұлғаны жалпыұлттық деңгейде ұлықтаудың белгісі. Сондықтан ескерткіш орнату бастамаларында рушылдық пен трайбалистік көзқарасқа жол бермей, тарихи дерек пен заң таалптарын басты өлшем ету қажет.
Өткенді құрметтеу - тарихты бұрмаламай, әр тұлғаның ел алдындағы нақты еңбегін әділ бағалау. Сондықтан ескерткіш орнату мәселесінде басты ұстаным біреу болуы керек: тарихты ұлықтай отырып, рушылдыққа жол бермеу, заңдылықты сақтау және елдік мүддені бәрінен жоғары қою.
Г.Байкубекова, 
К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің маманы 
08 қазан 2026 ж. 72 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 048
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 264

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031