ОСПАН ИШАН ЖӘНЕ ЕЛ АУЗЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕР
Жуырда Марал баба Құрманұлы ізімен жорыққа шыққан шерушілердің іс-шарасы киелі Қармақшы топырағында қорытындыланды. «Үш жүзге пір атанған әулие» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы – Мұхамедхан Қасымханұлы әулиенің ұрпағы.
Марал баба мен Қалқай ишан, оның тарихтағы орны, атқарған жұмыстары туралы толығынан айтылып келеді. Әлі де айтылар әңгіме жалғасын табуы сөзсіз. Осыған орай мен де бабаның ұрпағы – Оспан ишан туралы естіген, білгенімді жеткізгім келеді.
1986 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай оқып, аяқтадым. Мемлекеттік емтиханды тапсырарда ұстазым әрі жерлесіміз, профессор Әнес Жақыпов дипломдық жұмыс жазуымды тапсырды. Тақырыбы – «Қармақшы ауданының жер-су атаулары» туралы болды.
Тақырыпқа байланысты ауданға қарайтын Қарақұм, Қызылқұм елді мекені, теміржол бойындағы Жалағаш, Қазалы ауданының аралығындағы елді бекеттердің (станса, разъезд) атаулары қамтылды. Қармақшы ата, Қорқыт баба, Жосалы кенті, тағы басқа елді мекеннің тарихы, жер-су атауларының көненің көзі екендігі, онда небір тарихи сыр бар екені зерттеліп, талдап жазылды. Сонымен қатар Қармақшы ауданынан 16 шақырым жердегі Марал баба мен Қалқай ишан және ұрпағы Оспан ишан туралы, олардың әулиелігі, емшілігімен халықтың есінде қалған тұлға екені қамтылып жазылып еді.
Диплом жұмысын тексертіп, талдау жасаған жетекшім Әнес Жақыпов ағай, Марал баба және ұрпақтары туралы жазылған жұмыспен танысқан соң, «Әзірге бұл Марал баба туралы жұмысты қоспай-ақ қой, уақыты келеді, сонда барлығы айтылады» деп қысқартып еді. Бұл жағдай сол кездегі саяси идеологияның әсері болуы мүмкін. Міне, оған да биыл 40 жыл толып отыр.
Шежіре бойынша Құрман ата – Марал баба – Қалмұхаммедұлы (Қалқай) Оспан ишан ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген емші, әулие, көріпкел (телепат). 1928 жылы Марал баба қорымына жерленген.
Оспан ишан туралы мәліметті қармақшылық Тынымбайұлы Омар ақсақалдан алып едім. Омар ақсақал кешегі совет-партия қызметкері, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған, ескілікті әңгімелерді көп білетін, өлең жазатын, терме айтатын, ел алдында үлкен беделі бар ақсақал болатын.
Оспан ишан туралы бірінші әңгімесі.
– Ишанды алғаш көргенімде 9-10 жастағы кезім деп бастады, – әңгімесін. – Оспан ишан менің әкем Тынымбаймен құрдас, дос-жаран болған екен. Бір күні Марал баба басындағы жайлауда отырған ишанның үйіне әкеммен бірге ере келдім. Шай-су ішіп, кетуге рұқсат сұраған соң Оспан ишан: – Тынымбай аялдай тұрыңдар, мына төбенің астында бір ауру, міскіндер келеді, оларға ас-ауқат дайындалып жатыр, бірге табақтас болыңдар, – деді.
Күн бастыс жақтан төбелердің арасынан, түйе жетектеген атты адам көрінді. Түйенің қоршауында жас жігіт, әйел және бір ер адам отырды. Түйені шөгерем дегенше, қоршаудағы жас жігіт аласұрып, әл бермей жатты. Сол мезет, Оспан ишан үйге кіріп, қолына қамшысын сүйретіп қайта шықты. Қоршаудан түсе берген жігітті 2-3 рет қамшымен тартып жіберген ишан әмірлі дауыспен: – Су құй мына кісілердің қолына, – деп құманды ұстата берді. Науқас тез есін жиып, дірілдеген қолымен су құя бастады.
«Бәлекеттің беті қайтты, білем, иншалла сәтін салса, 3-4 күнде қалыпқа келіп қалар» деп қонақтарын үйге бастады. Әкемнің айтуынша, Оспан ишан ем алуға келетін адамдарды алдын ала біліп отырып, ас-суын дайындатып отырады екен.
Омар ақсақалдың екінші әңгімесі.
Қармақшы елді мекенінен Қызылорда қаласына бару ертеректе тек пойызбен қатынайтын, себебі Сырдария мен Қараөзектің суы көктемде, күзде жайылып өткел бермейтін. Сырт жол, пошта жолы Марал бабаның үстімен, Қарабдал, Қаракөлді айналып барып қалаға жететін. Күздің қара суығында Қызылордадан шыққан пошташы Марал бабаға жақындағанда күн батуға айналады. Жарау атпен келе жатқан ол, аттан түсіп, дәрет алуға еңкейіп, тонының етегін көтере бергенде асау ат үркіп, шылбырын сүйрете шығандай кетеді. Артынан құрқұрлап жүгіргенмен аттың тоқтайтын түрі жоқ. Айдала, алды кеш, енді қасқырға жем болу не тоңып, жаурап өлу. Жаны қысылған пошташы: – Я, аруақ, Марал бабам, қолдай гөр пендеңді, көмегіңді бер, қалдырма мына далаға, – деп жалбарынады. – Оспан ишан, сен тірісің ғой, құтқар мына пақырыңды, – деп отыра қалып, ақсарбасын атап, тілек тілейді. Кенет, алыстан ат қалаулап, тоқтай бастайды. Ентігіп, жүгіріп жетсе, аттың шылбыры бір түп сексеуілдің бұтағына оралып тұр екен. Қайта ерттеп мініп, елге аман-есен жетеді.
Бірде Қармақшыдағы көне базарға келсе, бір танысынан Оспан ишан жақын маңдағы үйде мәжіліс құрып отырғанын естиді. Танысына айтады: – Мен жолда далада қалып, Марал баба, Оспан ишан, барлығына жалбарынып көмек сұрап, ақсарбас құдайыжолы атап, аман қалып едім. Міне, қара басып, ұмытып кетіппін, енді не істеймін, – дейді. Сонда танысы: – Базардан бір қой алып, сәлем беріп, кешірім сұрап, алдынан өт, – деп кеңес береді. Пошташы базардан бір қой алып, үйге кірсе, Оспан ишан дастарқан басында мәжілісте сөйлеп отыр екен. Оспанға ешкім қарсы келіп, сөзін бөлмейді екен.
– Ассалаумағалейкум, тақсыр, – деп кірген пошташыға: – Әй бәдпақ, келдің бе?! Бесін намазына ұйып тұрғанымда, «шайтан болып кетпесең Оспан сен тірісің ғой» дедің. Атыңды мен ұстамасам, далада өлетін едің деп, – ашу шақырған екен. Пошташы жылап-еңіреп, қолын сүйіп, кешірім сұраған екен деп әңгімесін аяқтады Омар ақсақал.
Оспан ишанды «тентек ишан» деп те атайды екен. «Сіз Марал бабаның ұрпағысыз, неге боқтай сөйлейсіз» дегенде, «өйтпесем мені аруақтар бұл жерден алып кетуі мүмкін» депті, Оспан ишан.
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
ардагер-ұстаз
















