АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ҒҰЛАМА
Аудандағы «Руханият орталығында» аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі белгілі діни қайраткер, ислам ғұламасы, Сыр мен Арқаның әулие абызы атанған Марал ишан Құрманұлының 245 жылдығына арналған «Асыл дінді асқақтатқан әулие – Марал баба» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға ишанның ұрпағы Смағұл Қауысұлы, ардагер-журналист, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Алтай Үсенов, Журналистер одағының мүшесі, ақын Дастанбек Мырзабекұлы, сондайақ мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Іс-шара әсерлі өлеңмен, қобыздың мұңды әуенімен басталып, жиналған көпшілікті терең толғанысқа жетеледі. Одан кейін аудандық жыраулар үйінің директоры, жыршы Айгерім Ешбаева «Көтер Қалқай басыңды» атты термесін орындап, баба рухына тағзым етті.
Бұл шараның өзегі – ел тарихында өшпес із қалдырған, талай тар кезеңде тарыққанның жанашыры, зарыққанның сүйеніші болған Марал ишанның өмір жолы мен рухани мұрасын жас ұрпаққа таныту.
Марал баба Құрманұлы 1780 жылы дүниеге келіп, 1841 жылы 61 жасында туған жеріне сапары кезінде қайтыс болған. Анасы Фатима жерленген Қараөзек бойындағы «Қамыр» қорымына қойылып, кейін бұл жер ел ішінде «Қырық мешіт», бүгінгі күні «Марал баба қорымы» деп аталып келеді. Сол қорымда үлкен баласы Қалқай ишан, немерелері Оспан ишан, Тобағабыл ишан, Қауыс ишан, Әмит ишан да мәңгілік тыныс тапқан.
Халық арасында әулиелігімен, ғажайып істерімен танылған Марал ишанның есімі бір кездері тарих қойнауында көмескі тартқанымен, бүгінгі таңда оның рухани мұрасы қайта жаңғырып, ел құрметіне бөленіп отыр. Ол патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы шығып, Кенесары ханның көтерілісін ашық қолдаған қайсар тұлға ретінде тарихта қалды.
Марал ишан – ислам дінінің көрнекті насихатшысы, терең білім иесі. Ол алғаш Бұхара медресесінде, кейін Ауғанстандағы Мазари Шариф медресесінде ілім алып, өз дәуірінің озық ойлы ғұламаларының бірі болған. Елге оралған соң ағартушылықпен айналысып, Сыр мен Арқа өңірлерінде имандылық пен білімнің таралуына үлкен үлес қосады. Бүгінде Қызылорда, Қызылжар, Қостанай облыстарында оның есімімен байланысты бірнеше мешіт пен медресе жұмыс істейді.
Іс-шара барысында ардагер журналист Алтай Үсенов пен ақын Дастанбек Мырзабекұлы Марал ишанның өмірі, ел бірлігі жолындағы еңбегі туралы құнды деректер келтіріп, бабаның қазақ руханиятындағы орнына тоқталды. Ал Смағұл Қауысұлы жиналған оқушыларға өз бабасына қатысты отбасылық мәліметтерді, шежіре тағылымын баяндап берді.
Одан кейін №30 мектептің 7-9 сынып оқушылары өздері дайындаған зерттеу жобаларын таныстырып, Марал ишанның ел тарихындағы рөліне, діни-ағартушылық қызметіне ғылыми көзқараспен баға берді. Бұл жұмыстар жас буынның тарихқа деген қызығушылығы мен ізденісін көрсетті.
Дөңгелек үстел отырысының соңында қатысушылар бабаның өнегелі ғұмырын, елге сіңірген еңбегін, әділдік пен адалдықты ту еткен өмір жолын еске алды. Марал ишан ұстанған бағыт – адамгершілік, имандылық, мейірім мен әділет жолы. Осындай асыл құндылықтарды кейінгі буынға жеткізу – бүгінгі қоғамның маңызды міндетінің бірі екені айтылды.
Іс-шара рухани мазмұнымен ерекшеленіп, қатысушыларға тарихи тұлға мұрасын танудың, оны қастерлеудің маңызын қайта еске салды. Марал баба есімі – қазақ халқының рухани тарихындағы шоқтығы биік, мәңгілік өлмес мұра.
Ерсін СӘДУҰЛЫ















