Тарихи-мәдени мұралардың сақталуы: бүгінгі көзқарас
Тарихи-мәдени мұра – ұлттың рухани қазынасы, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Әрбір тарихи ескерткіш, көне қала орны, сәулет туындысы мен киелі мекен – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінің, салт-дәстүрі мен дүниетанымының айқын айғағы. Сондықтан тарихи-мәдени мұраны сақтау – тек мәдениет саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.Тәуелсіз Қазақстанда тарихи-мәдени мұраны қорғау мен сақтау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтау, мемлекеттік есепке алу, ғылыми зерттеу, қалпына келтіру, қорғау аймақтарын белгілеу және оларды тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, заңнамалық негіздер жетілдіріліп, тарихи мұраларды қорғау тетіктері күшейтілуде. Қазіргі таңда тарихи мұраларды сақтаудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Урбанизация, табиғи факторлар, уақыттың әсері және кейбір жағдайларда адамның жауапсыз әрекеттері тарихи ескерткіштердің бүлінуіне немесе жойылып кетуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір тарихи нысанға ғылыми тұрғыдан қарап, оның бастапқы келбетін сақтай отырып қорғау – басты талаптардың бірі. Бүгінгі көзқарас бойынша тарихи мұраны сақтау тек қалпына келтіру жұмыстарымен шектелмейді. Бұл – тарихи ескерткіштерді толық құжаттандыру, цифрлық форматқа көшіру, геоақпараттық жүйелерге енгізу, ғылыми айналымға қосу және кеңінен насихаттау жұмыстарын да қамтиды. Заманауи технологиялардың дамуы тарихи нысандарды 3D модельдеу, аэрофототүсірілім жасау, электрондық деректер базасын қалыптастыру сияқты жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.Тарихи-мәдени мұраларды сақтауда жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми мекемелердің, музейлердің, архивтердің, қоғамдық ұйымдардың және жергілікті тұрғындардың өзара ынтымақтастығы ерекше маңызды. Себебі тарихи ескерткіштердің көпшілігі елді мекендерде орналасқан және олардың сақталуы сол өңір тұрғындарының жанашырлығына да байланысты.Соңғы жылдары тарихи-мәдени мұраларды туризм саласымен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Киелі орындар мен тарихи ескерткіштерді мәдени туризмнің маңызды нысанына айналдыру арқылы олардың танымалдығы артып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да оң әсерін тигізеді. Алайда тарихи нысандарды туристік мақсатта пайдалану кезінде олардың тарихи келбеті мен мәдени құндылығын сақтауға ерекше мән берілуі тиіс. Қармақшы өңірі – сырлы тарихы мен көне өркениеттің іздері мол сақталған қасиетті мекен. Сыр бойындағы әрбір төбе мен әрбір ескі орынның өз айтары, өз тарихы бар. Қорқыт ата мемориалдық кешені, Бәбіш мола, Баланды, Сырлытам, Тік асар, Жетіасар секілді тарихи орындар – ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, дүниетанымын танытатын баға жетпес мұралар. Бүгінде тарихи-мәдени мұраларды сақтау – тек мамандардың немесе арнайы мекемелердің ғана міндеті емес. Бұл – барша қоғамға ортақ жауапкершілік. Өйткені ескерткішті жоғалту – бір ғана нысанды жоғалту емес, тарихымыздың белгілі бір парағын жоғалту.
Тарихи нысандарды қорғау, оларды зерттеу, қалпына келтіру және кейінгі ұрпаққа аман жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар тарихи орындарға ұқыпты қарау, қоршаған ортасын таза ұстау, заңсыз қазба жұмыстарына жол бермеу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен маңызға ие.
Әсіресе жас ұрпақтың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Туған өлкенің тарихын білген бала өз жерін құрметтейді, оның құндылығын түсінеді. Ал тарихын құрметтеген ұрпақ елдің рухани негізін сақтай алады. Ұлттық құндылықтарды қорғау арқылы біз келер ұрпаққа бай тарихымызды, мәдениетімізді және рухани мұрамызды аманат етеміз. Тарихи мұраның тағдыры – елдің рухани келбетінің айнасы. Сондықтан тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау ісіне мемлекетпен қатар қоғамның әрбір мүшесі жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өткенін қадірлеген халықтың ғана болашағы баянды, келешегі кемел болады.
Тарихи мұра – бізге өткеннен қалған аманат. Оны сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік.
Сондықтан әрбір тарихи ескерткішке көздің қарашығындай қарап, оның сырын танып, қадірін кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Өткенін сақтаған елдің болашағы берік.
Г.Байкубекова,
К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің маманы

















