Құрылтай
» » ЖОСАЛЫ – ҚАРСАҚБАЙ ЖОЛЫ: КЕШЕГІ ӨНДІРІС, БҮГІНГІ ТАРИХ

ЖОСАЛЫ – ҚАРСАҚБАЙ ЖОЛЫ: КЕШЕГІ ӨНДІРІС, БҮГІНГІ ТАРИХ

Еліміздегі іргелі өндіріс ошағының бірі саналған Жосалы механикалық зауыты кезінде ауданның экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеуіне, мәденитұрмыстық дамуына елеулі үлес қосып, тұрғындарды түрлі өндірістік мамандыққа баулыған, одақ көлеміне танымал үлкен мекеме еді.
Зауыт ұжымы 1930 жылдардың өзінде-ақ түрлі бағыттағы өндіріс цехтарын іске қосып, халық шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар шығарды.
Бұған дейін Жезқазған, Қарсақбай жеріндегі түсті метал кенін тасымалдау мақсатында қыстақта автобаза құрылған еді. Өз жұмысын 1926 жылы бастаған бұл мекемеде 350 адам әртүрлі жұмыс атқарып, кен игеру, оны тасымалдау ісінде қыстың боранды күндері мен жазғы ыстық аптаптарға қарамастан жанқиярлықпен еңбек етті.
Жосалы мен Қарсақбай арасында 1925 жылдарда үш мың түйемен ерсілі-қарсылы шұбырып, жүк тасыған қазақ керуеншілерінің, 1928 жылдарда тар табанды жылжымалы теміржол салып, локомотив жүргізген кен тасымалдаушылардың, отызыншы жылдарда бұл жұмысты «полуторка» атанған бір жарым тонналық ағаш кабиналы жүк машиналарымен жалғастырушылардың жанкешті еңбегі қазіргі уақытта тарих қатпарларына сіңіп, көмескіленіп бара жатқанын ескермеске болмайды. Тіпті, кешегі күндерге дейін ауданда өндірістік дамудың осы бір елеулі кезеңдері туралы айтып жүретін көзкөргендердің өзі де бүгінде некен-саяқ. Жоқ десе де болады.
Тарихтан белгілі, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде капиталистік дүниенің империализм сатысына өту кезеңі Еуропада, оның ішінде патшалық Ресейде қарқын ала бастады. Тап осы кезде мыс, қорғасын, жез сияқты түсті металдар мен арзан көмірдің мол қорының «иісін сезген» орыстар мен шетелдік кен іздеушілер иен жатқан қазақ жеріне ағыла бастады. Бұл кезде нарық жүйесінен хабары жоқ, «бір жұттық» малына сеніп, дүниенің тұтқасын ұстағандай болған қазақ байлары Жезқазған кенін небәрі 100 сомға бағалап, елдің қазба байлығын еуропалық кәсіп иелеріне су тегін тарту етіп жібергені тарихтан белгілі.
Кезінде патша үкіметінің қолдауымен СпаскВоскресенск мыс руднигі, Успенск мыс руднигі, Саранск мен Қарағанды таскөмір қазбалары ағылшындық және француздық акционерлік қоғам иелерінің қолына опоңай өтті. Бұлардан басқа да бірсыпыра кен орындары анықталып, оны игеруде ағылшындық, француздық, аустриялық алпауыттар еркін қимылдады.
Осы уақыттарда орталық Қазақстан даласындағы кен рудаларын тасымалдаудың ең жақын, ең тиімді жолы – Орынбор – Ташкент теміржолының бойындағы Жосалы стансасы болып еді. Кен рудалары түйе керуендерімен стансаға жеткізіліп, осы жерден вагондарға тиеліп, өңдейтін жерлеріне жөнелтіліп жатты. Тек Қазан социалистік төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін ғана шетелдік кәсіп қожайындарының қазақ жерінде кен орындарын игерудегі жұмыстарының тынысы тарыла бастады. Олар жер, су, орман, жердің асты-үсті байлықтары, салынған зауыттар мен фабрикалар, басқа да игіліктер бүкіл халықтың меншігі деп жарияланған кеңестік декреттер күшіне мінген соң аталған кеніштерді тастап шығуға мәжбүр болды.
Дегенмен, жаңа өкіметтің алғашқы жылдарында Қазан төңкерісінің түпкілікті жеңісіне күдікпен қараған ағылшындық ірі кәсіпорын иесі Урквард Риддер мен Екібастұз кенішін иемденбекші болып Ленинге өтініш жасады. Жасаған өтініші үлкен тойтарысқа тап болған ол: «Сіздер алдағы 50 жылда, тіпті 100 жылда да кен орындарын тауып өндіріс ісімен айналыса алмайсыздар. Маған Балқаш жеріндегі далалықты берсеңіздер шұқылап бірдеме табар едім» деген сыңайлы екінші ұсынысын алға тартты. Бірақ бұл өтініші де қанағаттандырылмай, амалсыз соңғы арбасын сүйретіп еліне бет түзеді.
Осыдан жиырма жыл өткенде Балқаш қаласында қуатты мыс балқытатын комбинат мұржасынан алғашқы түтін шықты. Елімізде өнеркәсіпті өркендетуде өндіргіш күштерді, өндірісті шикізат, энергия көздеріне жақындата орналастыру мәселесі жолға қойылды. Ауыр индустрияның өзегі – машина жасау өнеркісібі қолға алынды. Машиналардың қосалқы бөлшектерін жасайтын, металл өңдейтін, ауылшаруашылығы машиналарын, вагон, локомотив жөндейтін шеберханалар, кішігірім зауыттар салу ісіне ерекше көңіл бөлінді.
Міне осы кезде «Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Алматы, Гурьев қалалары мен Жосалы стансасында механикалық зауыттар салынды» деп көрсетеді осы зауыттардың қырық жылдық өрлеуі кезінде жазылған материалдар. («Қазақстан коммунисі», 1967 жылғы ақпан, №2).
Сонымен, Жосалы теміржол стансасына шикізат тасымалдайтын автобаза Жосалы – Қарсақбай, Қарсақбай – Жосалы маршрутымен кен рудаларын, азық-түлік, киім-кешек, құрал-жабдықтар тасып, кенші-жұмысшыларға транспорттық қызмет көрсетті. Бұл автобаза 1939 жылға дейін, яғни Қарағанды – Жезқазған теміржолы іске қосылып, Қарсақбай кенін тасымалдау тиімділігі Жезқазған жағына қарай ауысқанға дейін жұмыс істеп тұрды. Сол уақыттарда Жосалы қыстағында автобазадан Қарсақбай бағытына шығатын көшенің атауы кеншілер құрметіне «Қарсақбай көшесі» деп аталды. Бұл қазіргі Абыт көлінен солтүстік-шығысқа тартылған Бәйтереков көшесінің бұрынғы атауы. Ал Қарсақбай кенішінен Жосалыға бағыт алған жолдың шығар жеріндегі көше «Жосалы көшесі» атанған. Мұның өзі аталған өндірістік қалашықтарда еңбекшілерінің ынтымағын нығайтып, бірлесе еңбек етуге деген құштарлығын арттыруға себеп болған тарихи атаулар еді.
Ал екі ортада қанша тынығу бекеттері болды, оларда қанша тұрғын үйлер мен техникалық қызмет көрсету орындары бар еді, жүк тасымалына түйенің күшін пайдаланған кездер мен кейінгі тар табанды жұқа рельс бойымен қатынаған төрт вагонды паравоз, ағаш кабиналы «полуторкалар» үшін бұл бекеттердің маңызы қандай еді? – деген мәселе әлі де зерттей түсуді қажет етеді.
Біздің бұл жолы айтпағымыз – Қарсақбай кенінен тасымалданған шикізатты жергілікті жерде өңдеу мақсатында іргетасы қаланған Жосалы механикалық зауытының қалыптасу, даму, үлкен өндіріс ошағына айналу кезеңдеріне байланысты деректер ұсына отырып, кенттегі 550-600 адамды жұмыспен қамтыған, оларды өз ісінің білікті шебері, майталман мамандар етіп шығарған ұжымның жанжақты ізденістері жөнінде болмақ.
«1933 жылы механикалық завод жанынан комсомолдық құрылыс әдісімен 250 орындық клуб үйі салынып, жазғы бауға ағаш шыбықтары отырғызылды», «1935 жылы халықтық құрылыс әдісімен жазғы кинотеатр, өндірістік механикалық цех, 50 орындық асхана үйі салынып, пайдалануға берілді» деген шежірелік деректерге қарап, Жосалы механикалық зауытының тарихы жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан басталады деп топшылауға болады. Біздің қолымызда бар деректер бойынша зауыттың алғашқы директоры Ефимов деген кісі болған сияқты. Бұл кезде өндіріс партия ұйымын Т.Тоқболатов басқарып, жергілікті комитет, яғни кәсіподақ ұйымына Грачушников жетекшілік еткен. Ал жастар ұйымы, яғни комсомолдар тізгіні Хоровский деген азаматтың қолында болған сияқты.
1944 жылы зауыт басшылығына Храпых деген кісі келген. Осы жылдары механикалық өндіріс ошағының директоры Храпых, партбюро секретары Тоқболатов мекемедегі жұмысшы-қызметкерлерді ұйымдастырып, зауыт бағының ішіне адамдар демалып отыратын, түрлі ойындар ойнайтын, көрнекті орындар жасатты. Жазғы клубты оңдап, жұртшылыққа кино көретін жағдайға келтірді деген деректер бар.
Механикалық зауытта бұл жылдары Ким деген кісі басқарған құю цехы, Дорохов деген кісі басқарған механикалық цех жұмыс істеп, Губанов, Томанов, Цой сияқты токарь мамандығын игерген азаматтар елге таныла бастаған.
Зауыт директорлары Ефимов, Храпых деген кісілердің нақты аты-жөндерін әзірге кездестіргеніміз жоқ, ал 1958 жылдары директор болған Шматовтың аты-жөні – Владимир Евдокимович.
В.Евдокимович ұжымда өнімнің санын арттырумен бірге, сапасын жақсарту, жұмыс уақытын тиімді әрі өнімді пайдалану арқылы шығарылған өнімнің өзіндік құнын кеміту жолында қажырлы еңбек еткен кісі ретінде сипатталады. Қармақшы жұртшылығы бұл кезеңді зауыттың жаңа өрлеу жолына түскен шағы ретінде еске алады.
Өндіріс, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, басқа да қай саланы алмасақ та бұл кезең қоғамның қозғаушы күші болған социалистік жарысты уақыт талабына сай ұйымдастырып, өндірісте еңбек тәртібін мейілінше нығайту, рационализаторлық жаңашыл әдістерді өндіріске кеңінен енгізу ісіне баса назар аударумен баянды табыстарға қол жеткізген уақыт болды.
1959 жылы Ш.Баршигов жетекшілік еткен механикалық цехтың алдыңғы қатарлы әртүрлі мамандықтағы жұмысшылары өндірісті механикаландыру жұмыстарына белсене қатысады. Осы кездерде зауыттағы жаңашыл, ізденімпаз жұмыскерлерден түскен 30 ұсыныс түгел өндіріске енгізілді.
Цех шебері жаңашыл токарь Пак Сергейдің рационизаторлық ұсынысы бойынша бұрын жалғыз-жарымдап істеліп шығатын шарнир кілттері енді көп сатылы 40 ұясы бар карсель станогінде бірден 40-50 данадан жасап шығарылатын болды. Бұл механизммен жұмыс істегенде еңбек өнімділігі 2,5-3 есеге дейін артып, жыл бойына мекемеде қомақты қаржының үнемделуіне әсерін тигізді. Сол сияқты техникалық бөлімнің технологі А.Гусаков, разрядты слесарь И.Яковлевпен бірлесе отырып ұста балғасын механикаландыруды ойлап тапты. Ол бұрынғы қолмен атқарылатын жұмыстарды жеңілдетті. Сөйтіп, мұның өзі цех бойынша едәуір қаржының үнемделуіне көмектесті. Осының нәтижесінде шығарылған өнімнің саны көбейіп, сапасы жақсарды. Өзіндік құны төмендеді.
Бірақ бұл уақыттарда цех бойынша өңделетін шикізаттар станокке дейін қол күшімен жеткізілетін еді. Станокте дайындалып шығарылған детальдар одан әрі қарай да цех қоймасына қол арбамен тасылатын. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттыруға едәуір нұсқан келтіріп, жұмыс қолы мен жұмыс уақытын көбірек қажет ететін еді.
Цех ішіне орнатылған монорельстер механикаландырылмағандықтан станокке және басқа да өңделетін орындарға түсетін шикізаттар жұмысшы күшін көбірек қажет етіп, мемлекеттік қаржының үнемделуіне кері әсерін тигізді.
1960 жылғы бір есебінде зауыттың бас инженері Пушкарь: «Завод жұмысшыларының арасында социалистік жарыс ұйымдастырылып, олардың еңбек өнімділігін арттыру мақсатындағы жаңашыл ұсыныстар жасауына толық мүмкіндіктер жасалған. Техникалық советтің мүшелері завод жұмысшыларының арасында жиі-жиі болып, олардың ой-пікірлерін өрістетуге көмектесіп, орынды жаңашыл ұсыныстарын тікелей өндіріске енгізуге нақтылы басшылық етіп отырды. Мұның өзі заводта еңбек озаттары мен жаңашылдар қатарының көбейе түсуіне әсер етті. Өткен 1959 жылы завод жұмысшыларынан 105 жаңашыл ұсыныстар түсті. Олар техсовет мәжілісінде уақытылы талқыланып, тиімді деп табылғандары тікелей өндіріске енгізілді» деп көрсетеді.
Сөйтіп, осы жылдары советке түскен 105 ұсыныстың 61-і жарамды деп саналған. 15 ұсыныс қайтадан қарауға егелеріне жіберілген. Түрлі себептермен 30 ұсыныс жарамсыз болған. Өндіріске енгізілген жаңашыл ұсыныстардың нәтижесінде 1959 жылы зауытқа 417 мың сом пайда келтірілген.
Механикалық цехтың шебері Даку Ногаев, жинақтау участогінің шебері Пак Сергей, құю цехының слесары В.Бирюков аспаптар цехының слесары И.Мейстр, осы цехтың бастығы Ли Дмитрий және басқалардың орынды да тиімді ұсыныстары оларды «Еңбек жаңашылы» деген атаққа ие етті.
1960 жылдарға қарай құю цехында түрлі бұйымдар дайындайтын өнімділігі сағатына 5 тонналық қосымша бір багрян пеші орнатылып, іске қосылды. Механикалық цехтағы еңбек өнімділігін арттыру мақсатында бірқатар станок узлдары модернизацияланып, шығарылған өнімдерді механикалық өңдеуден өткізу штамповкіге көшірілді. Пайдалану бөлімшесі кеңейтіліп, транспорт цехындағы вагоннан металл сынықтарын түсіру, оларды механикалық цехқа көтергіш механизм арқылы жеткізу және басқа жұмыстар механизацияландырылды.
Жасалған ұсыныстардың негізі зауыттағы атқарылатын жұмыстар түрлерін механикаландырып, жұмыстың шапшаңдығын арттыруға, өнім сапасын жақсартуға бағытталды. Мұндай еңбек жанашырларының қатары мекемеде жыл сайын көбейіп, олардың әрқайсысы өнімді еңбекке өз үлестерін қосты.
1961 жылы зауыт инженері Пушкарь директор қызметіне тағайындалды, толық аты-жөні – Анатолий Гаврилович Пушкарь. Бұл кезде мекемеде партия ұйымының хатшысы Ж.Смайылов (Жора деген кісі болуы керек), кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақытжан Өтегенов болды.
1968 жылдан кейін мекемеге басшылыққа келген Ковышевтың уақытында бас инженер Әнуар Күсепов 1975 жылдардан кейін мекемеге ұзақ уақыт директор болды. Бұл осындай одақ көлеміне белгілі болған үлкен мекемеге алғаш басшы болған өз қандасымыз еді.
Зауыт ұжымы жаңа техникаларды өндіріске енгізуде, жұмыс өнімділігін арттырып, сапасын жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізді. Озаттар қатары күн санап көбейді. Олар ел дәулетін молайта түсуге үлес қосуды мақсат етіп, аянбай еңбек етті.
(Жалғасы бар)
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ
27 шілде 2026 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10523)

25 шілде 2026 ж.

№54 (10522)

21 шілде 2026 ж.

№53 (10521)

18 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 551
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 021

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031