» » Тірлігі қайнаған механикалық зауыт еді...

Тірлігі қайнаған механикалық зауыт еді...

Кеңес өкіметінің тұсында жүргізілген саясаттың бірі – индустрияландыру болса, сол бағыттың жемісі – қасиетті Қармақшы өңіріндегі шағын өндіріс орны – Жосалы механикалық зауыт. Біздің өлкеде кен орны болмаса да кеңес заманындағы индустрияландыру бағытын жүзеге асыру кезінде қалыптасқан Жосалы механикалық зауытының өзіндік даму жолы мен тарихы бар деуге болады. Дегенмен зауыт тарихын көне көз аға ұрпақ пен зауытта еңбек еткен ардагерлер ғана білсе, кейінгі ұрпаққа осы бір шағын өндіріс орнының болғандығы беймәлім еді.

Кеңес өкіметі тұсында негізі қаланып, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында тынбастан күні-түні еңбек етіп, майданды қару-жарақтың бір түрі – минамен қамтамасыз еткен зауыт ірі өндіріс ошағына айналды.
Соғыстан кейінде дүние жүзіне әйгілі болып, 400-ден аса кәсіпорын мен геологиялық басқармаларға өз өнімдерін жіберіп отырды. Мысалы Куба, Ауғанстан, Иран, Вьетнам, Аргентина, Сирия, Тунис, тағы басқа мемлекеттерге зауыт өнімдерінің маркасы танымал болған.
Міне, осындай тарихы бар туған жер төсіндегі зауыт тарихы бізді де бейжай қалдырмады. Бір жағынан маған атақты физик Паскальдің «Ақиқатты ізде, ол сені күтіп тұр» және елбасының «Біздің жастарымызға мақсаткерлік, болашаққа деген шүбәсіз сенім, мойымас жігер, кез келген істі қолға алуға құлшыныс тән» деген сөздері жігер берсе, екінші жағынан мені ойландырған жайттың бірі неліктен аға ұрпақ өкілдері туған жер төсінде талай ұлттың басын қосып, дүние жүзіне өнімін таратып, дамылсыз жұмыс істеген зауыт тағдырына немқұрайлы қарады деген ой тыным бермеді.
Осыдан бастау алған зауыт тарихы 1925 жылдың 10 маусымына сай келеді. Сол күні КСРО Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің арнайы қаулысымен Атбасар түрлі-түсті металл тресті құрылды. Бұл тресті құрамына Қарсақбай комбинаты мыс балқыту зауыты, Байқоңыр көмір шахталары мен Жосалы темір жол стансасының қасынан мыс қабылдап тиейтін қойма кірді. Бұл қойма орнына кейін тұтынушылар одағының дүкендері орналасты.
1938 жылдың 19 қазаны Қарсақбай зауыты өміріндегі ерекше күн болды. Бұл күні Қарсақбай зауыты алғашқы металын және Байқоңыр шахтасы көмірін бере бастады. Болашақ Жосалы механикалық зауытының іргетасы, Жосалы автобазасы негізінде қаланды деп айтуға болады. 1930 жылы Жосалы стансасында құрылған автобаза Қарағанды-Жезқазған темір жолы іске қосылғанша 9 жыл бойы мыс кенін тасудың басты күретамыры болған. Елімізде ашаршылық болып жатқанда, бұл кәсіпорын жүздеген азаматтарды аштықтан құтқарды. Жоғарыда айтқан темір жолдың іске қосылуына байланысты және жұмыс көлемінің ұлғаюына орай 1939 жылы 15 маусымда КСРО түсті металлургия Халық комиссариатының бұйрығымен Қарсақбай зауытының бұрынғы автомашина жөндеу шеберханасының базасында Жосалы бұрғылау құрал-саймандары шығаратын зауыт ұйымдастырылды. Бұл зауыт қосалқы тау-кен барлау құралдарын дайындайтын «Түсті метал» тресінің құрамында қалды. Зауытта бар-жоғы 3 жүк машинасы, 3 түйе, 7 жылқы, 3 есек қана болды. Зауытқа жаңа заманға сай келетін құралдар да берілген жоқ, көпшілігі істен шыққан, тозығы жеткен дүниелер болатын. Жарамды станоктар Қарсақбайға алып кетілді. Сонымен қатар жұмысшы, инженер қызметкерлер ұлттық кадрлар, нағыз мамандар жеткіліксіз еді. Алғашқы кездері зауытта құю, механикалық цехтары жұмыс істеді, мұнан басқа электростансасы және қазанда қайнатылып шығарылатын бу әзірленетін. Бұрғылау құрал-саймандары шахтадан су тартатын насостар шығарылады. Ол кезде небәрі 142 адам жұмыс істеді. Зауытта өнім шығарудың көпшілігі қол күшімен атқарылады. Бұл жағдай сол кездегі зауыттың жаңа басшыларын, партия ұйымын қатты ойландырып, шұғыл шара көруге мәжбүр етті. Осылайша зауыт өмірін қайта құрудың нәтежесінде 1940 жылдың 10 қыркүйегінен бастап бірыңғай тұрақты жұмыс істеуге көшті. Жергілікті басшылыққа шаруашылық, партиялық-саяси жұмысты жолға коюға көмек берді. Партия ұйымы мен дирекция КСРО-ның түсті металлургия Халық Комиссариаты арқылы ФЗУ ашып, 30 токарьді оқытуға қол жеткізді.
1939-1940 жылдардың алғашқы кезеңінде зауыт алға қойған жоспарын орындап шықты. КА-300, КА-500 деп аталатын станоктарды шығару 1940 жылы детальдің 78 түрі игерілді. Зауыт алдында геология барлау қызметі үшін техникалық база ретінде жаңа құрал түрлерін игеру, механикалық цехты ұлғайту міндеті қойылды. Аз уақыт ішінде зауыт ұжымы құюшы және механикалық цехты қайта жабдықтай бастады.
1941 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 тамызға дейін зауыт жаңа өнім шығару жағдайына қалыптаса бастады. Осы уақыт аралығында зауытта 160-тай түрлі құрал-жабдықтар мен геолог барлаушыларға арналып, бірнеше аспаптардың түрлері шығарылды. Зауыт соғысқа дейінгі жылдарда одақтық маңызы бар кәсіпорын болып саналады. Өндірістің дамуымен бірге ондағы жұмысшы қызметкерлерінің білім дәрежесі, мәдениеті де өсті, мамандық шеберлігі ұшталды. Осылай өсіп, дамып келе жатқан зауыт өмірін бүкіл Кеңес халқының басына зор қасірет әкелгенін фашистік Германияның шабуылы күрт өзгертті. Зауыт аяғынан қаз тұра бастаған сәтте бүкіл Кеңес халқына үлкен ауыртпалық әкелген 1941-1945 жылдары аралығында созылған сұрапыл соғыс зауыт ұжымының жұмысына кері әсерін тигізді.
1941 жылдың 22 маусымында, кешкі сағат 19.00-де механикалық зауыт клубында Қармақшы ауданының жұмысшылары мен қызметкерлерінің митингісі өтті. Оған қатысушылар барлық жұмысты қайта құрып, оны соғыс жағдайына бейімдеп, еңбек өнімдерін арттыруға, еңбек тәртібін нығайтуға барлық күш-жігерлерін салатындықтарын айтып, бірауыздан шешім қабылдайды.
Кеңес елінің басына түскен қаһарлы күндерде көптеген жұмысшы өздерінің бейбіт кәсібін соғыс жағдайына бейімдеп, қолдарына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Майданға аттандаған аға-әкелердің орнын ақ жаулықты аналар мен 14-15-тегі балалар толықтырды. Жасөспірімдік шағы сұм соғыс уақытымен тұспа-тұс келген, сол кезеңде зауытта тынымсыз жұмыс істеген еңбек ардагері Жұмағали Төрешов ауыр кезеңде былай деп еске алады «1941 жылы 10 маусымда зауытқа жұмысқа тұрғаннан кейін, көп ұзамай соғыс та басталды. Жасым 15-те, жұмысым шойын құюшы. Өте ауыр болса да жастық жігермен қиындыққа төзіп, еңбек етуге құлшындым. Қаншама жұмысшылар майданға аттанып, орны босап жатқанымен бос станокқа біз сияқты жастар келеді. Цехтар күндіз-түні жұмыс істеп жатты. Ұстазым Виталий Савельевич Бессарабов деген кісі еді. Ал цех бастығы Гончаров қатал да әділ болатын. Жұмыс десе, ішкен асын ұмытып, беріліп жұмыс жасайтын. Сондықтан жұмыс та өнімді болатын. Шығарған қаруымыз минаны кідіртпей, майданға жөнелтіп жаттық. Қанша шаршап-шалдықсақ та, жауға қарсы қуатты қаруды көптеп шығаруға тырыстық. Сөйтіп, Отан қорғауға өз үлесімді қостым деп айта аламын».
Сонымен бірге 1942 жылғы 5 қаңтардағы берген хабарында резбалы калибрдың нұсқасын жасап, оны Ташкент қаласына өңдеуге, оны өз дәрежесіне жеткізу үшін жіберемін деген мәліметтер келген. 1942 жылы 23 қаңтарда Қорғаныс Комитетінің қаулысымен Жосалы механикалық зауытына 82 мм-лік шойын миналарды шығару тапсырылды.
1942 жылдың 6 наурызындағы КСРО түсті металлургия Халық Комиссиараты бұйрығымен тек қана наурыз айында 10 мың дана мина шығару міндеті алға қойылды. Зауыт жұмысшыларының қажырлы еңбегінің арқасында осы жылдың 1 сәуірінде арнайы тапсырысты орындауға 13 станок жұмылдырылып, тәуліктік мөлшер 500 данаға жетті. Мамырда 1084, маусымда 5802, шілде де 7472 дана шығарылды, сонда айына 5800 данадан шығарылған еді. Сөйтіп бір жыл мерзім ішінде зауытта диаметрі 82 мм-лік келетін мина шығару жұмысы ешқандайда сырттың көмегінсіз толығымен меңгерілді. 1942 жылы зауыт 627500 жаңа өнімін шығарды. Бұл жоспар бойынша 104,9% -ті көрсетті.
1943 жылдың алғашқы кезеңінде 82 мм-лік шойын минаның 23058 данасы шығарылды. Өндірістік тапсырма 128%-ке артығымен орындалып, еңбек өнімділігі 148%-ке көтерілді. Өнімнің өзіндік құны 5%-ке түсті.
«Барлығы майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін» деген ұранмен жігерленген жұмысшылар соғыс жылдарында бүкіл еліміз бойынша жүргізілген екі жүздікшілер қозғалысына да белсене қатысты. Шикізат пен жұмыс уақытын үнемдеу сол сәттерде қатаң назарға алынды.
Соғыс жылдарында да социалистік жарыс өрістеді. Оған қатысушы әрбір бесінші жұмысшы стахановшы, әрбір алтыншы еңбек екпіндісі аттанды. 1943 жылы сәуір айынан бастап халық Комиссариаты бұйрығымен арнайы өнім шығарылудан босатылып Халық Комиссариатының кәсіпорындар үшін қосалқы бөлшектер дайындауға ауыстырылды. Зауыт «Главгеолмашцветмет» тресінің қарамағына беріліп, 26 сәуірден бастап әскери бұйым шығару тоқтатылды.
Қалып құюшы цех автотранспорт бөлшектерін дайындауға бейімделді. Цех жұмысы тез арада қайта құрылды. Бұрғылау құрал жабдықтарын шығаратын бұйым тапшы болғанына қарамастан артығымен орындалды. Зауыттың жаңа бұйымдар шығаруға икемделуі жаңа кадрларды қажет етті. Қысқа мерзімде 5 жаңа бұйымның түрі игерілді. Ал 2 ай ішінде 37 жаңа бұйым шығарылды. 1945 жылы зауыт ұжымы аса қиын агрегат КА-300, КА-500 деп аталатын бұрғылау станогын игеріп, оны шығаруға кірісті. Соғыс аяқталып, зауыт ұжымы қайтадан бейбіт өмірге көшті. Негізгісі бұрғылау құралдары болып табылатын 30-дан астам номенклатурамен шығатын өзінің өнімін барлық одақтық және автономиялық облыстарға жібере бастады. 1940 жылмен салыстырғанда өндіріс өнімін шығару 20 еседен артық көбейді.
Соғыстан кейінгі жылдарда зауытта соғыстан оралған жауынгерлер еңбек етіп, оның жандануына өз үлестерін қосты. Жылдар өте келе зауыт ұжымы кемшіліктерді жойып, қиыншылықтарды жеңуге ұмтылды. Жоғарыдағы кемшіліктерді болдырмау үшін зауыттағы кәсіподақ ұйымы цехтық және зауыт әкімшілігімен біріге отырып, сапалы өнім шығарудың жолдарын іздестірді. Ол үшін ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін зауыт өміріне енгізу және жұмысшылармен инженер, техникалық қызметкерлердің жағдайын жақсарту қажеттілігі туындады. Нәтижесінде жалпы көлемі 350 кв.м тұрғын үй, монша, су өткізетін мұнара мен су тартатын станса салынды. Өндірісте кейбір құралдарды механикаландырды. Мысалы, құрылыс бөлімінде ағаштарды кептіру үшін кептіргіш пеш салынды. Арнайы өнертапқыштық комиссия құрылды. Зауытта соғыс жылдары және соғыстан кейін түрлі ұлттар еңбек етті. Аудандық мұрағат құжаттарын ақтарған сәтте зауыт еңбеккерлерінің көпшілігі қазақ, орыс, шешен ұлты болғандығын, сонымен қатар өзбек, тәжік, кәріс, татар, еврей, латыш, украйн, беларусь, тіпті финдердің еңбек еткенін анықтадық. Ұлты венгр болған Богнар Владислав Иванов 1954 жылы еңбек еткен, 1954 жылы 96 адам еңбек етсе, оның 34-і қазақ, 41-і шешен, 8-і грек, 10-ы орыс, 2-уі татар, 1-уі кәріс ұлтынан екен.
Соғыстан кейінгі жылдарда зауыт тарағанға дейін Иван Кузьмин, Павел Бородий, Владимир Шматов, Анатолий Пушкарь, Михаил Кобышев, Әнуарбек Кусепов, Аппаз Қанатбаев, Ақназар Бекшебаев, Бақберген Нақыпов, Кетебай Жабағиевтер басшылық етті.
2 жылдай басшылық жасаған Бородийдің кезінде зауыт жұмысшылары үшін тұрғын үйлер салынса, одан әрі зауытқа Шматов басшылық етті. Оның тұсында цехты қайта құру жұмысы аяқталды. 1956 жылы зауыт маңында балабақша, электростанса, тағы басқа құрылыстар салынды. Жұмысты көп жағдайда қолмен атқаруға тура келетін. Механикалық цехта детальдарды қолдап таситын, мұны көбінесе көмекші әйелдер атқаратын. 1956 жылы Пушкарь бас инженерлік қызметіне келді. Анатолийдің ұсынысымен көптеген өзгеріс жүзеге асты. Оның тұсында балабақша, жөндеу цехы, электростанса және тұрғын үйлер салынды. Сол кезде құрылыс бөлімін өз ісіне адал Ақмырза Қуатов басқарды. Материалдың жетіспегеніне қарамастан қыстақ орталығында зауыт демеушілігімен кинотеатр және мектеп салынды. Пушкарьдің басқару тұсында кездескен қиыншылықтарды зауыт әкімшілігі қоғамдық ұйымдармен біріге отырып шешуге ұмтылды. Одан кейін келген директор Кобышевтың ұсынысымен өндірістік қызметті жақсартуда тиісті шаралар ұйымдастырылды. Осы кезеңде жұмысшылар мен инженер-техниктердің 46 жаңалығы 22 мың сом пайда келтірді. 1968 жылы зауыт еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтежесінде зауыт пайдасы 242 мың сом болды, жоспар 105%-ке орындалды.
Механикалық зауыт машина құрылымы саласымен геологиялық ұйымдардың тапсырмасын мүлтіксіз орындап шықты. Зауытта шығарылатын негізгі өнім топсалы құлып, шарнирлік кілттер, ФКО сүзгішінің барлық түрлері бірінші санатқа ие болды. Зауыт жұмысшыларының еңбегі де дер кезінде бағаланды. 9 жылдық жоспарды орындаудағы табысы үшін 5 адам Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталып, 45 адам «Бесжылдық озаты», «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісіне ие болды. Облыстық «Жоғарғы сапа үшін» конкурсында зауыт еңбеккерлері 3 орынды иеленіп, облыстық Кеңестің құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлығын жеңіп алды. 11 бесжылдықта шығарылатын өнім сапасы жақсартылып, еңбек өнімділігі артты. Өнімнің жаңа түрі шығарыла бастады. Соның бірі – қысқа мерзімде мемлекеттік стандартқа сәйкес келетін слесарьлық ВС-2 өнімі мен 10,2-12,5 ожау шығару игерілді.
1970-1980 жылдары зауыт ұжымы өнімнің жаңа түрлерін игеріп, олардың сапасын арттырды. Өндіріс тауарларының 46%-і 1989 жылы мемлекеттік сапа белгісімен шығарылды. Олар дүние жүзінің 19 мемлекетіне жіберілді. Зауыт 3 ауысыммен жұмыс істеп, барлығы 600-ге жуық адам еңбек етті. 11 бесжылдықта зауыт өнімдері шетелге шығарылып, әсіресе Өзара Экономикалық Кеңес мүшелері елдері геологтарының бұрғылау бұйымдарымен қамтамасыз етілді. Зауыттың шығарған өнімі жайлы сол кезеңдегі Чехословак Социалистік Республикасының мамандарының бірі Миклаш былай деп жазды: «КСРО-да ФКО сүзгішін дайындаудың алғашқы толқыны ЧССР-ге Жосалы механикалық зауыты дайындап, «СоюзГеотехника» арқылы жеткізілді».
1983 жылы мемлекеттік комиссия сапа белгісін берді. 1984 жылы ФКО сүзгіші Мәскеу қаласындағы «Геоэкспо-84» халықаралық көрмеге қатысып, құрмет дипломына ие болды.
Өкініштісі сол, ел игілігі үшін қызмет еткен зауыт нарық кезінде тоқырауға ұшырып, құнды бағалы станоктары иесіз қалып, талан-таражға түсіп, металл қалдығына өткізілген. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан күндіз-түні жарығы сөнбей, дүрсілдеген станок үні бір тынбаған зауыт орнына тұрғын үйлер бой көтеріп, бір кездері қайнаған тіршілік көзі әп-сәтте сап тыйылып, үнсіз қалды.
Жарты ғасырдан астам өмір сүрген зауыт тарихы – қатпар-қатпар. Біздің білгеніміз сол тарихи беттің бір сәті ғана.

Баршагүл САХИЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
экскурсия жүргізушісі

10 қыркүйек 2023 ж. 674 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031