ХАЛЫҚ ХАН КӨТЕРГЕН ЕЛЕКЕЙ
Еліміздің қалыптасуы, өсіп-өркендеуі, қорғалуы, сақталынуы жолындағы хандық елді басқару жүйесі тарих бетінде қажетті, өзіндік орны бар жүйе болды.
Сонау Жошы хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандардың 1465 жылдары Тәуелсіз, «Қазақ елі» боламыз деп көтерген ту астына жиналған халықтың бірігуінен алғашқы рет өз алдына дербес шаңырақ көтеріліп, «Қазақ хандығы» құрылды. Міне бүгінгі күнге дейін сол ту астында қазақ мемлекеті болып дамып, өркендеп келеміз.
Ұлысы, тайпасы, руы, кейбір тілі де бөлек халықтар «еркіндік», «ерікті», «тәуелсіз» деген ұғымды беретін «қазақ» деген сөзбен аталып құрылған ел, көтерілген ту астына жиналып, болашақ үлкен мемлекеттің негізін құрады. Сонан бері Қазақ хандығы талай өрлеу мен құлдырауды, қайта өркендеуді бастан кешті. Елі, жері үшін талай хан, сұлтандар, би, батырлар, халық маңдай терлерін төкті, қару асынып елін, жерін қорғады, өмірлерін қиды.
Тарих бетінде Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Хақназар хан, Есім хан, Жәңгір (салқам Жәңгір) хан, Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Абылай хан, тағы басқа хандардың есімдері өзіндік орын алды.
Қазақ елін басқарған тарихта белгілі 14 ханның 7-еуі шайқаста, елін, жерін қорғау соғыстарында шейіт болған. Олар үнемі ат үстінде қолдарына найза ұстап, қылыш асынып, жаугершілік өмір өткізген. Қазақ даласында 360 жыл көлеміндегі хандық елді басқару жүйесі 1822 жылдан бастап жойылып, сұлтандық басқару жүйесі енгізілді. Дегенмен, кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның баласы Жәңгір хан 1845 жылға дейін хан болған. Сол сияқты Абылай хан немересі, Қасым хан баласы Кенесары хан 1847 жылға дейін хан болған.
Ал Сыр бойында 1845-1853 жылдар аралығында төре әулетінің өкілі Қасымұлы Елекей хан болған. Азан шақырылып қойылған есімі Ермұхаммед (1819-1883 жж). Тегі – Әбілқайыр хан – Ералы хан – Бөлекей хан – Қасым хан – Елекей хан. 1845 жылы қазақ старшындары Елекей сұлтанды қолдап хан көтерді. Оның қол астына кіші жүзден Шөмекей, Кете, Қарасақал, Рамадан рулары мен Орта жүзден Керейдің бір бөлігі қарады.
Әкесі Бөлекейұлы Қасым хан қоқандықтармен шайқаста қаза тапқанда Елекей жас болатын. Дегенмен, жастайынан тектілік, қадір-қасиетін бойында ұстанып, алғырлығы, ақылдылығымен, батырлығымен көзге түсіп, ел басқарушылық қабілеттілігін білдірді. Сыр бойы халқы оның төрелігін мойындады.
Әкесі Қасым хан кенеттен шайқаста қаза табуына байланысты ел билігі көкесі Сауқым ханға көшкен болатын. 1844 жылы ол да қоқандықтармен шайқаста қайтыс болған соң, елі Елекейді хан көтерді. Ол қарасты аймақта елді басқаруды жүргізді. Ресей саясатына қарсы әрекеттер жасап отырды. Әкесі Қасым хан мен көкесі Сауқым хан сияқты Сырдария бойында қоқандықтармен шайқастар жүргізді.
Елекей хан батыр, шешен, халқына қадірлі хан болған.
«...Жауларға елімізді алғызбайды,
Биеге шолақ шалғын шалғызбайды.
Еліміз Елекейді хан қойғалы,
Тайлағымыз боталап, тайымыз құлындайды».
«Әрі хан, әрі батыр, мал менен бас, ауғаны бір адамға соншама ықылас» деп Елекейдің ел басқарған заманын халқы бейнелейді.
Қармақшы ауданы, «Төрткөл» өлкесінің тумасы Құлынбайұлы Баспан жырау (1853-1916 жж) «Төребай би туралы» толғауында...
«...Сағынғандай күн боп тұр,
Ерәлі, Сұлтан, Бөлеген (Бөлекей),
Қасым, Елкей ханымды.
Құшақтап отын жаға алмай,
Қаптаған малын баға алмай.
Заманым сөйтіп тарылды,
Абырой беріп сақтай көр,
Төрт Шөмекей, Бес Бозғұл,
Енді қалған барымды...» деп жырлап, заманның қиын кезеңін атай отырып, бұрынғы елдің басқарылуындағы жайлы дәуірді аңсаушылығын білдіреді.
Қазақ даласының ол кезеңде Ресей патшалығының ықпалында болуына қатысты замандық өзгерістерге сай, Елекей хан 1853 жылы хандықтан бас тартып, Ресей патшалығына қызмет атқаруға келісімін береді. Бұл кезде өзіне қарасты 22 сұлтаны, 40 төлеңгіті болды. Хандық ретінде басқарған өлкесінде аға сұлтан (старшын) қызметін атқарды.
1853 жылы Орынбор шекаралық комиссия басшысы Елекей сұлтанға мынандай мінездеме берген: ...Бұл сұлтан табиғи, ақыл-түйсігімен дарынды, тәуекелшіл, қуатты адам. Әрбір сөйлеген сөзінде шабыттанып, көздерінен от ойнайды. Өзі қысқа әрі салмақты сөйлейді. Оның айтуынша, қоқандықтар мен хиуалықтар оның батырлығын талай рет бастарынан өткерген...».
Оның бойындағы қабілеті мен елдегі беделін ескерген Ресей билігі оны пайдаланып 1853 жылдан бастап Шөмекей руына 10 жыл бойына басқарушы еткен. Осы қызметте Елекей сұлтан әскери «старшын» шенінен бастап «подполковник» шеніне дейін жоғарылаған. (А.Қият, 265-б).
Елекей хандық құрған, одан кейінгі сұлтандық кездерінде Хиуа, Қоқан хандықтарына қарсы ұрыстар жүргізіп отырған. Қоқан билеушісі Ақмешітке жаңадан басшы етіп Мырза Дәулетті Ақмешітке тағайындап, ол қазақтарға шабуылдамақ болғанда, Елекей сұлтан 400 жігітті дайындап, басшылығына Сауқымұлы Базар сұлтанды бекітіп, қоқандықтарға қарсы қазақтарды қорғауға аттандырған.
1893 жылдары Ресей патшалығы тарапынан Сыр бойы аймағында санақ, ел отырған орындарын анықтау, құжаттамаларға енгізу шараларын жүргізген. Нәтижесінде 1913 жылы «Вестникте...» Ресей патшалығы мамандарының жерді пайдалану ресми құжаттарына енгізілген мәліметтер бойынша Қармақшы болысының Ыза көл, Кең түбек, Сұлтан тоғайы, Қызыл шекпен, Қара түбек төңірегінде отырған елдің белсендісі болып Әбу Қасым төре көрсетілген. Бұл Елекей ханның немересі, Үсен сұлтанның баласы Әбдет болатын.
Әлен тоғайы, Үңгірлі көл, Тораңғы көл, тағы басқа жер-су, көл аттары көрсетілген. Осы төңіректе полковник Елекейдің «памятнигі» қойылған делінген. Бұл «Хан қорымы» аталған әулет қорымындағы Елекейдің бейіті, қойылған көктасы болатын. Бұл жерлер «Төрткөл» төңірегіне жататын аймақ болатын.
1740 жылдан бастап Орта жүздің түстігін алып жатырған Сыр бойының екі жағынан Амударияға, Хиуаға қарасты аймаққа дейінгі аралық, Қызылқұм аумағы арғы атасы Ералы ханға, оның ұрпақтарына қарасты болып келген. Сол себепті оның ұрпақтары Бөлекей хан, Қасым хан, Сауқым хандар осы аймақтарда хандық құрған. 1844 жылы қайтыс болған көкесі Сауқым хан, оның ұрпақтары, басқа да сұлтандар, қазіргі Қуаңдария елді мекенінен 20 шақырымдай жердегі қорымда жерленген. Елекей сұлтан отбасы, әулетімен Төрткүл өлкесі аймағындағы атақоныстарында мекендеген.
Елекей ханның 3 (кей мәліметтер бойынша 7) әйелі болған. Әйелдерінің есімі Сұлау ханым, Дәмеш ханым, Мәмила ханым. Бір әйелі Кенесары ханның қызы болған. Осы әйелдерінен 12 ұл тараған. Атап айтқанда, Үсен, Омар, Елмаш, Нұржан, Абдулла, Ерғали (Ерім), Ыбрагым (Ыбырай), Мұхаммедәлі, Оспан, Ахмет, Мұхамедияр, Жүсіп. Сұлушаш есімді қызы белгілі.
Елекей сұлтан 1883 жылы қайтыс болып, ұрпақтары оны әулеті отырған аймақта жерлеген. Денесін бұрынғы Төрткөл өңірі, қазіргі Дүр Оңғар (Жаңажол ауылдық округі) елді мекенінің солтүстік шығысынан өтіп жатырған Сырдария өзенінің шығыс беткейінде 1,5 шақырымдай жерге арулап қойған. Осы тұста Елекейдің үлкен баласы Үсен сұлтанның ауылы дарияның екі бетін жайлап отырған. Айманша қыстауы, Айманша көлі орналасқан аймақ. Ханнан 12 ұл бала тараса, үлкен баласы Үсен сұлтанның өзінен 8 ұл, 7 қыз тараған. Үсен балалары – Жаханша, Сыдық (Сүндет), Айманша, Қаппар, Мұзарап, Кәрімбай, Жүніс, Әбу (Әбдет), Аққағаз, Хадиша, Бахыт есімді қыздары тараған.
Елекей ұрпақтары да Кеңес үкіметі кезеңіндегі хан, сұлтан, төре ұрпақтарына төнген талай қудалау, қиындықтарды, жалған айып тағып соттау, жер аудару сияқты дүрбелеңдерді бастарынан өткерді. Ата-баба, салт-дәстүрі ұрпақтарымен жалғасын тауып, хан, сұлтан, төре әулеті ұрпақтары елге қызмет етті, халықпен бірге Ұлы Отан соғысында қан кешіп елін қорғауда соғысқа дейінгі және онан кейінгі бейбіт өмірде еліміздің әлауқатының жақсарып, өсіп-өркендеуіне, мәдениетінің дамуына, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қосып келді.
1917 жылы Ақпан революциясының жеңісі туралы хабары жетісімен, Ақмешіт қаласының тұрғындары сауаттылығы, дін ұстанымдылығы, белсенділігі, халық арасындағы беделі басым Қасымов Ерғали (Ерім) Елекейұлын (1869-1932 жж) Ақмешіт Ұлттық Комитеті басшылығына сайлаған. Ұлтшылдық, саяси айтыстартыстарға бой бермеген Төрткөл өлкесінің тумасы Қасымов Ерғалиді 1925 жылдың 25 наурызында Ақмешіт Уездік Ұлттық Қазақ Комитетінің төрағалығына салтанатты түрде сайлаған. Қазақ комитеті ұлттық дербестікке ұмтылып, өз халқын өркениетті елдер қатарына қосуға талпыныс жасап, сол үшін қызмет етті.
Е.Қасымов Алаштық қозғалысты қолдаған партия мүшесі болатын.
Төрткөл өлкесінің тумасы Қасымов Ыбрагім Елекейұлы (1880-1937 жж) Қармақшы ауданының орталығында 1895 жылы ашылған орыс-түзем мектебіне 1903 жылы меңгеруші болып тағайындалады. Аталған мектептің жергілікті сарттың жалдамалы бөлмесінде орналасқанын, материалдық-техникалық жабдықтың жеткіліксіздігін, оқушылардың аздығын, арасында қарапайым отбасы балаларының жоқтығын ескеріп, жергілікті халықты сауаттандыру, білім беруді, ол үшін мектеп салуды жоспарлайды.
Жергілікті ауқаттылар, белсенділерден қаржы жинап, өз әулетінен қосып 1909 жылы аудан орталығында алғашқы еңселі мектеп, училище-интернат ғимаратын салады. Мектепке білім алуға жергілікті қарапайым қазақ отбасыларының балалары тартылады. Осы мектепте 17 жыл көлемінде меңгеруші, ұстаздық қызмет атқарған. Бұл мектеп «Ыбырай төре» мектебі атанып кеткен. Аталған мектеп үлкен білім ошағы №26 Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің негізін қалаған. 1918- 1920 жылдары Шымкент қаласындағы мұғалімдер дайындайтын училище директоры, одан кейінгі уақытта Қармақшы аудандық білім инспекторы, 1922 жылы Қармақшы аудандық атқару комитетінің сайланбалы тұңғыш төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасының алғашқы ұстаздарының бірі, саясиқоғам қайраткері. Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім. 1928 жылы 47 жастағы Қасымов Ыбрагім Елекейұлына Одақтық дәрежедегі зейнетақы тағайындалған. Өкімет тарапынан бірнеше рет марапатталған. Алайда, халықты сауаттандыру, білім беруге бүкіл өмірін сарт еткен Қасымов Ыбрагім хан-сұлтан ұрпағы ретінде жалған жаламен айыпталып, 1937 жылы репрессияға ұшырап атылған. 1957 жылы бұл айыптардан ақталған.
Төрткөл өлкесінің тумасы Елекей немересі Үсенов Айманша 1934-1937 жылдары «Төрткөл» колхозының директоры болған. Егін шаруашылығын жүргізген, Сырдария төңірегінде кендір жіп өндіретін зауыт салып, өнімін өткізіп отырған. Хан, сұлтан ұрпағы ретінде жалған тағылған айыппен 1937 жылы репрессия құрбаны болған. 1953 жылы айыптан ақталған. Айманша қыстауы, Айманша көлі аталған орындар әулет қонысы аумағында осы кезге дейін бар.
Төрткөл өлкесінің тумасы Елекей немересі Үсенов Жүніс (1884-1943 жж) Қармақшы ауданы орталығындағы мектептен білім алған соң Қармақшы, Қазалы аудандарында ұстаздық еткен. «Қызылтам» теміржол мектебінде, Қармақшы ауданы орталығындағы мектепте меңгеруші болған. 1928 жылы ауданға қарасты «Қашқан су» табанындағы елді мекенде «Желдербай» тірек мектебін ашқан. Өмірінің соңына дейін Жаңажол ауылдық округіндегі №107 мектепте мұғалім болып шәкірттерге дәріс берген. 1943 жылы қайтыс болған.
Жүнісұлы Әбен (1913-1982 жж) Ұлы Отан соғысының ардагері, физика-математика пәнінің мұғалімі, Жүнісұлы Жәлел (1920-2008 жж) Ұлы Отан соғысының ардагері, Жүнісұлы Ермек (1935-1997 жж) физика-математика пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарған.
Елекей немересі Үсенұлы Жағыпар (1910-1943 жж) жоғары білімді, беделді журналист болған. Репрессия құрбаны.
Төрткөл өлкесінде туылған Елекей ұрпағы Жәңгірова Рабиға елге белгілі саяси-қоғам қайраткері. Республикалық Казтұтынуодағы бастығының орынбасары, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, Қазақстан Орталық партия Комитетінің әйелдер арасында жұмыс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық партия комитетінің басшысы қызметтерін атқарған. Елге жасаған еңбегі бағаланып, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Құрмет белгісі» медальдерімен марапатталған.
Елекей ұрпағы Мұхамедиярова Рая «Менің атым Қожа» атты көркем кинофильмінде мұғалім тұлғасын сомдаған актриса.
Қасымов Ыбрагім Елекейұлының (Ыбырай төре) қызы Хадиша Кенесары хан ұрпағы Натай Кенесаринге тұрмысқа шыққан. Натай Өзбек Республикасының академигі болған. Бұлардан тараған 2 қыз, 1 ұлдың ғылымға қатыстары болған. Шымкент, Алматы қаласында тұрып жатыр.
Мұндай ұрпақтар жетістіктерінің тізбесі қызмет, білім, ғылым, басқа да салаларында жалғасын табуда.
Аңыз, болжамдарға емес шындыққа негізделген тарих жариялы болу керек. Шынайы тарихтың кейінгі ұрпаққа деген тәрбиелік мәні елеулі. Тарихсыз болашақ жоқ. Осы күнге жеткізген ата-бабаларымызды еске алып, тағзым етеміз.
Әулет қорымында жаңғыртылып, Қасымов Елекей ханға белгі қойылды.
Рахат МЕДЕШОВ,
ардагер














