ТАРИХ ТЕРЕҢІНЕН – БОЛАШАҚ БИІГІНЕ
Төретам кентіндегі №85 орта мектепте тарих пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тарих тереңінен – болашақ биігіне» тақырыбында апталық өтті. Онда оқушылар тарихтағы біртуар тұлғалардың тұлғасын сомдап, жан-жақты білімдермен қанықты.
Апталық аясында Қазақ хандығын құрушы хандар, құқықтық жүйенің орнығуына үлесін қосқан билер, ел басына күн туғанда жауға шапқан батырлар, тәуелсіз ел ұрандарының шеруі өткізілді. Сонымен қатар 6-7 сынып оқушыларына «Оян қазақ» кинофильмі көрсетіліп, талданды. Мұнан бөлек пән мұғалімі Г.Медетова «Ұлы тарих ізімен...» тақырыбында интеллектуалды сайыс өткізді. Сайысқа 10-сынып оқушыларынан құралған «Сақ тұмарлары», «Көшпенділер» және «Ұлы дала ұрпақтары» тобы қатысты. Сайыста «Ежелгі Қазақстан бекеті», «Түркі бекеті», «Алтын Орда бекеті» «Қазақ хандығы бекеті», «Тәуелсіздік үшін күрес бекеті», «Тәуелсіз Қазақстан бекеті» жоба қорғау айдарымен аяқталды. Оқушылардың белсенділігі жоғары, сұрақтарға шапшаң да дұрыс жауап берді. Сайыс соңында жеңімпаздар марапатталды.
Сондай-ақ пән мұғалімі А.Жиенмұратованың ұйымдастыруымен «Тарихтың мәңгілік тұлғасы» атты 7-сыныптар аралығында ТЕД форматында пресс-конференция ұйымдастырылды. Оның барысында қазақ халқының ұлы тұлғалары, тарих ғылымына ерекше еңбек сіңірген С.Асфендияров пен Е.Бекмаханов жайлы талдау жасалды.
«Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» тақырыбында көңілді үзіліс жүргізілді. Оқушылар тарихи ойын тарихи монополияны ойнау барысында тарих пәніне қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы марапаттарға ие болды.
Ал Т.Сегізбаева «Тарих білгірлері» тақырыбында 5-сынып оқушыларымен сайыс ұйымдастырды. Оқушылар сайысқа белсенділікпен қатысып, кезең-кезең бойынша өз білімдерін дәлелдеп, І орынды «Болашақ», ІІ орынды «Алаш», ал ІІІ орынды «Көкбайрақ» тобы иеленді.
Сонымен қатар Ж.Серікбаеваның ұйымдастыруымен «Тарихи шайқас» атты білім сайысы өтті. Онда оқушылар тарих пәнінен алған білімдерін қолданды. Тарихи тұлғалар, көтерілістер туралы тың мәліметтермен танысты.
Тарих пән бірлестігінің мүшелерімен «Қазақ даласы – тарихта қалған ұлылардың алтын бесігі» тақырыбында апталық қорытындыланды. Қорытынды кеш барысында ашаршылық кезеңі, ұлт зиялыларының халық үшін жасаған қызметі, күрес барысы сахналанып, қазақ тарихы жайлы монологтар оқылып, «Тәуелсіздік» әні шырқалды.
Гүлназия МЕДЕТОВА,
№85 мектептің мұғалімі