ЕЛ ІРГЕСІН БЕКЕМДЕГЕН АУЫЛ
Енді осы кісілермен бірге осы уақытқа дейін ауылымыздың дамуына үлес қосып, ауызбірлігін сақтауда, жастарға бағытбағдар беруде өздерінің өмір жолымен, жасаған еңбегімен үлгі болып келген кісілердің есімдерін атайын: Серік Төлегенов, Жетпісбай Маханбетов, Жамбыл Жетпісбаев, Қанағат Қуаңбаев, Пахраддин Байшораев, Алтынбай Қошантаев, Серік Садықов, Ағытай Жәкеев, Абылай Итбаев, Бекасыл Бердібеков, Рахмет Абауов, Қанибек Ибраев, Қашақ Ибраев, Қали Әділов, Ордабай Қазиев, Шаухар Әлиев, Асыл Омаров, Мырзағали Сеңгірбаев, Нұрлыбек Рахметов, Шөкеш Есмамбетов, Әлімжан Есқалиев, Әлмағанбет Есқалиев, Салмат Есқалиев, Нұрдәулет Есқалиев, Нағашыбай Жауқашқанов, Сардар Тайманов, Нағашыбай Өтемұратов, Айжарық Нөсеров, Мырзағали Кәрібаев, Әлиасқар Бекқадамов, Сарқытбай Ділмағанбетов, Тұрсынбек Сәрсенов, Әкімтай Сержанов, Алтыру Ысқақов, Сәбит Шамшатов, Төлеген Әбдіраманов, Ұзақ Жетпісбаев, Жақсылық Нұрмаханов, Орынбай Нұрмаханов, Шалқарбай Әлиев, Оңғар Құрақбаев, Бақытжан Қазиев, Кәжденбек Қалдашбаев, Ордабай Қазиев, Орден Қартабаев, Ашабек Қисықов, Нұрмаш Жолмырзаев, Қанибек Сматов, Темірхан Жұбанышов, Шаймардан Шаймаханов, Жарылқасын Есбергенов, Кәжденбек Өтешов, Сәрсенбек Өтешов, Әділбек Жұмыров, Әлімжан Бермағанбетов, Кенжебай Дұрғазиев.
Жоғарыда айтылған ұйымдастыру шараларымен қоса өндіріс реттілігі, еңбек тәртібі, ішімдікпен күрес, ұжымдық ауызбіршілік, адамдар арасындағы адами психологиялық қатынастар секілді маңызды жұмыстарды жүргізуіміз керек болды. Бастапқы кездерде кеңшардың өндіріс бағытының белгісіз болуы, үнемі жұмысшылардың жетіспеушілігі, келген жұмысшылардың тұрақтанбауы, олардың «чемоданмен» келіп жұмыс істеуі, еңбек тәртібін бұзуы жұмысшылар тарапынан орын алып келді. КОКП-ның бас хатшысы М.Горбачев «сухой закон» деген атпен ішімдікпен күрескен науқаны тарихтан белгілі. Айналамыздағы басқа елді мекендерге қарамай, кәсіподақ, комсомол және көпшіліктің жалпы жиналысында келісіп, біз ішімдік ішпейтін ауыл тәртібін енгіздік. Ауыл аумағында той, отырыстарда дастарқанға ішімдік қоймайтын болдық. Шоферлар жолдама алар алдында ауылдың медиктерінің қатысуымен күнделікті тексеруден өтіп отырды. Сонымен қоса ішімдік ішіп, еңбек және қоғамдық тәртіп бұзғандардың жыл аяғында берілетін қосымша ақылары бригада коллективінің қаулысына сәйкес ұсталатын болды. Дегенмен басқарудың түрлі тиімді әдістерін қолдану, бұрын орын алған тәртіпсіздіктердің азаюына өзінің ықпалын тигізді.
Еңбек тәртібін жақсартумен қоса егін егу, оны жинау, тағы басқа сан түрлі жұмысты тез-шұғыл басқару үшін диспетчерлік қызмет енгізілді. Бригадирден бастап механиктерге, бас мамандарға, орталық жөндеу, қырман, экспедитор және басқа қажетті қызметкерлерге Болгариядан рация алынып, машиналарына орнатылды. Бұл өз кезегінде ұйымдастыру жұмыстарының оперативті шешілуіне қызмет етті.
Тағы бір игілікті істі атап өтемін
Қыс кетіп, көктем, жаз шыққанда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілетіндігі белгілі. Тап осы кезде механизатор, диқандар дала қостарында жатып жұмыс істейді. Олардың көгалдандыру жұмыстарын істеуге мүмкіншілігі болмайды. Осы жағдайды шешу мақсатында құрылысшылар жанынан арнайы бригада ұйымдастырылып, олар үйлеріне қарауға мүмкіншілігі жоқ адамдардың үйіне жүргізілетін көгалдандыру, тал егу, үйлерін ақтау, шартақтарын жөндеу, күл-қоқыстарын сыртқа шығару секілді жұмыстарды атқарды.
Осындай сан-салалы жүйелі жұмыстар, оң өзгерістер басқа ауылдардың назарын аудара бастады. Ауылға адамдар көшіп келе бастады. Сырттан келгендер бұрынғы қаңырап бос тұрған үйлерге орналасты. Оларға жаңадан үй салып үлгере алмадық. Енді тұрғындардың мыңға толуын асыға күттік. Көп ұзамай 1983 жылы ол қуанышқа да қол жетті. Ерлі-зайыпты Молдабай Нысанбаев пен Лида Алдажарованың отбасында мыңыншы тұрғын Төрехан деген азамат дүниеге келді. Бұл қуанышты ауыл болып атап өтіп, ата-анасына жаңадан салынған үйдің кілті табысталды. Күннен күнге жақсара бастаған тұрмыс, ауызбіршілік, тұрғындар арасындағы психологиялық ахуалдың жақсаруына себеп болды. Бұл өзім басқарған тұстарды асыра мақтағандық емес, сол кездегі бірге еңбек еткен әріптестерім, оларды тыңдап өскен жас буын көпшілік арасында кең тараған кеңшар өміріне берілетін оң баға оған дәлел.
Енді сол кезеңдерде ауданды басқарған басшылардың кітабындағы естеліктерден үзінді келтірсек. Қармақшы ауданын 10 жылдай басқарған Елеу Көшербаевтың «Өндіріс ұйытқысы» деген кітабында «Мысалы Жосалы совхозының директоры Жалғасбаевты алайық, ол осы қызметке келмес бұрын басқару қызметінің барлық сатысынан өтті. Еңбек жолын шопыр, қарапайым жұмысшыдан бастады. Қатардағы гидротехник, өндіріс бригадирі, бөлім басқарушысы, колхоз, партия комитетінің секретары болып, совхоз директорына дейін көтерілді. Еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Комсомол комитеті мен партбюро құрамына халық депутаттары аудандық, ауылдық депутаттығына үзбей сайланып келеді. Қазір ол басқарып отырған Жосалы совхозының шаруашылығы мен экономикасы жыл сайын жақсара, нығая түсуде» дейді.
Еңбекшілер депутаты, Қармақшы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып көп жыл бойы қызмет атқарған, ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұртілеу Салықов жазушылардың көп аса қаламына іліне бермейтін тың тақырып, орта буынды өндіріс, орта дәрежедегі кадрлар өмірін зерттеп жазып келеді. «Ғибратты ғұмыр», «Тереңнен тін тартқан тектілер», «Ақтөбе ауылының асулары» атты үш томдық кітаптардың авторы. «Ақтөбе ауылының асулары» кітабында бұрынғы Жосалы кеңшары еңбеккерлері жайлы былай дейді: «Кезінде Жосалы совхозының еңбеккерлері жан дүниелері мен пейілдері кең, қиындыққа жасымайтын, ауызбіршілігі мол ел болды. Ол совхоз «Чехнасос» арқылы 1500-1800 гектар жерге дейін күріш егіп, көкөніс-бақша дақылдарын өсірудің облыста көшбасшысы болды. Совхоз шаруашылығын басқаруда, оның экономикалық өсуіне, қарыштап дамуына үлесін қосып, халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына байланысты ізденімпаздықпен жұмыс істеп, әр жерден құралған елдің ауызбіршілігін сақтауда үлкен біліктілікпен жұмыс жасаған Жақсылық Жалғасбаев, осы ауданның түлегі» деген болатын. Нұртілеу інімнің ауылдың ауызбіршілігі мықты болды дегеніне мына мысалды келтіре кетейін.
Ауылда Ағытай Жәкеев деген сиыршы болды. Өзі ақкөңіл, ауызы ашылса көмейі көрініп тұратын. Оның аңғалдығын қулар, ұрылар пайдаланған. Біреулері майда малын іріге айырбастаса, екіншілері ұрлаған. Әр жыл сайын жүргізілетін санақта әркімнің малын әкеліп, түгендеп жүрген. Ақыры пышу-пышу әңгіме менің құлағыма тиіп, малдарды сырғалап, қатаң санақ жүргізгенде 56 бас малы кем болып шықты. Өзім туып өскен Ақжар кеңшарының жағдайын айтсам, санақта кем болған 76 бас сиыр үшін қаншама адам сотты болды.
Енді жан алқымға тірелді. Қалайда жол табу керек болды. Ойлана келе жиналыс ашып, көпшілік алдына шыққанда, суырылып қарсы сөйлемесін деп төрт-бес шалды, аппарат қызметкерлерін шақырып, ауылдан 56 бас сиыр жинауымыз керектігін айттым. Олардың келісімін алғаннан кейін көпшілікке жиналыс ашып, «Ағытайдан бастап 30 адам сотталайық па, әлде бір бас малдан бересіңдер ме?» деп айтуым сол екен, отырған жұрт бір-бір сиыр беретін болып тарқастық. Үйге келіп, әйеліме мәнжайды түсіндіріп, үйдегі екі сиырдың бірін бұзауымен азанда контордың алдындағы электр бағанына апарып байладық. Сөйтіп үш күннің ішінде 56 бас сиырды түгендеп, жас аралығы жетпеген жағдайда салмағының айырмасын айлығының есебінен ұстадық. Осындай жағдайларда да ауылда қыңқ еткен бір адам болған жоқ. Бұны ауызбіршілік демей не дейміз?
Жоғарыдағы сан-салалы ұйымдастыру жұмыстарымен қоса, ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегі, олардың арасындағы ауызбіршіліктің арқасында 1993 жылдарға экономикасы өскен, халықтың тұрмыстіршілігі жақсарған орта дәрежелі елді мекенге айналдық.
Атап айтар болсақ, жан басы 1200 адам, 200 үйге жетті. Егіс көлемі 3000 гектардан асты. Инженерлік жүйемен тегістелген жер көлемі 3200 гектар жер болды. Күріш дақылының үлес салмағы 1600 гектарды құрады. Тегістелген жерлерге қатынау үшін 40 шақырым қашықтыққа тас жол төселді. Алты типтік үлгідегі дала қостары салынды. Егістіктен су қашыртқылау мақсатында 10 электронасос орнатылып, оның суы 30 шақырым жердегі Қарамерген сайына құлатылды. Дала қостарына, су қашыртқыларындағы насостарға ұзындығы 57 шақырымға жететін жоғары кернеулі электр жүйесі тартылды. Ауылшаруашылығы техникаларын сақтайтын қора, оның басына қарауыл қойылып, қарауыл үшін тұрғын үй салынды. Механикаландырылған қырман іске қосылды. Ауылдың бәрін қамтитын жылу қазаны салынып, бастапқыда мектеп, клуб, балалар бақшасы, дүкен, кеңсе, пошта, тігін шеберханасы, 57 тұрғын үй, МТМ, көптеген әлеуметтік орынға жылу берілді. Көкөніс дақылдарының өнімін арттыру мақсатында Алматы облысы Жетіген ауданынан «Жолыбын» әдісімен істейтін 0,25 гектарлық жылыжай құрылғысын сатып алып, оны орнатып, көшеттер дайындала бастады. Жеңіс көшесі жанындағы ұңғыманың жанында шомылатын жасанды пляж жұмыс істеп тұрды. Үш көшенің өне бойына төбе басынан 4 ай бойы құм төгіліп, биіктетіліп, 2 көшеге тас төгілді. 1 көше асфальтталды. 57 шақырым жердегі ІІІ Интернационал колхозынан ауылға ауыз су құбыры тартылды. Жаңадан үш қабатты мектеп, типтік үлгідегі дүкен құрылысы іске қосылды. Бұдан басқа екі чех насос, 60- қа жуық СПН 500-10 су көтергіш насос, 120- ға жуық түрлі маркадағы трактор, 57 жаткакомбайн, 2 эксковатор, 1 кран, 50-ге жуық автокөлік және көптеген ауылшаруашылық құрал-сайманы болды. Ауыл орталығына ерте көктемнен бастап көгалдандыру мақсатында қайық үстіне орналастырылған насосқа дейін иелендік. Жоғарыда келтірілген 2 механикаландырылған сиыр қорасы, жем-шөп дайындайтын цех тұрақты түрде жұмыс істесе, ірі қара малының саны 1600 басқа жетті. Осыншама байлықпен нарықтық экономикаға жеттік.
(БАСЫ ӨТКЕН САНДА)
Жақсылық ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері