» » ЕЛ ІРГЕСІН БЕКЕМДЕГЕН АУЫЛ

ЕЛ ІРГЕСІН БЕКЕМДЕГЕН АУЫЛ

Ауданда Жосалы қыстағынан басқа жерде базар жоқ. Базарға өнімді алып барғанда күніне көп дегенде 2 қап, яғни 100 келідей ғана сата аласың. Сонда 60000 келі көкөністі 100 келіден сатқанда 600 күн керек екен. Қауын қабылдайтын орын бар, ал көкөніс өнімін мемлекет қабылдамайды. Енді бұрынғы Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласындағы әскери нысандарды аралап сату мәселесін қарастыра бастадық. Байқоңыр жабық (режимдегі) қала. Оған кіріп шығудың өзі қиын. Арғы жағындағы площадкаларға бару тіпті мүмкін емес еді. Сондықтан әскери генералдарға жолығып, мәнжайды айтып, өнім сатуға рұқсат алу керек болды. Алдымен Байқоңыр ғарыш айлағының командирінің тыл жөніндегі орынбасары, генерал-майор Погосов деген кісіге жолығып, қала ішіндегі барлық әскери дүкенге мемлекет бағасында өнімдерімізді өткізе бастадық. Біртіндеп площадкалардағы әскери бөлімшелерге саттық. Оларда қауын мен қарбыздың сұранысы жоғары болғаннан кейін, көкөніс деп құжат алған күндеріміз де болды. Осындай түрлі мүмкіндікті іздестіріп, жұмыс жасаудың нәтижесінде жыл сайынғы көкөністің жоспарын орындап отырдық. Енді жоғарыдан күріш егумен айналысатын шаруашылықтар егілген әрбір гектар күрішке бір бас сиыр малынан ұстау керек деген нұсқау келді. Демек 1600 гектар күрішке 1600 бас іріқара малының басын жеткізу қажет. Қолда бары 137 бас. Енді 1463 бас сиыр сатып алынуы керек болды. Қосымша қора-қопсы, жем-шөп дегендей көптеген жұмыстың басы көріне бастады. Бізге бекітілген жерлер 15 шақырымнан басталып, 50-60 шақырымға дейін созы­ латынын жоғарыда айттым. Келешек мал қораларының ауыл орталығына жақын орналасқаны дұрыс. Бұндай жағдайда малшыларды іріктеу, оларға мәдени-әлеуметтік қызмет көрсету оңай болары сөзсіз. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ауылдың батыс жағынан 100 бастық бір типтік дәрежедегі механикаландырылған сауын сиыр қорасы, 100 басқа арналған бұзау қорасы салынды. Ол қорадағы малдардың қиын техникамен сыртқа шығарып, оны егістікке пайдаландық. Сиыр сауатын агрегаттар қолданып, қоралар тенмен жылытылды.
1980-1985 жылдар аралығында Кеңес одағының түкпір-түкпірінен 700-ден астам асыл тұқымды сиыр басы сатып алынды. Сырттан келген малдың біздің жерді жерсінбейтіні тағы бар. Мал басын, онан өндірілетін өнімді көбейту үшін жем-шөп базасын жасауды қолға алдық. Осыған байланысты күріш егісінің ауыспалы ротация ережесін сақтап, жоңышқаның көлемін көбейттік. Ал мелиоративтік алаңға бидай дақылы егілді. Қолда бар күріш пен бидайды малға жем етіп беру жеткіліксіз, міндетті түрде жүгері дәні араласқаны дұрыс. Сондықтан жүгеріні көптеп еге бастадық. Жем-шөп базасының көлемін арттыру жұмыстың тек бір жағы ғана. Енді оны майдалап, табиғи шөптерді турап, булап, ысырапсыз, малға беру жұмыстары алға шықты. Оны жасау үшін шөпті өлшеп қабылдайтын қойма, оның қасынан жем-шөп дайындайтын цех, бидай, күріш қалдықтары мен жүгеріні қосып, мемлекеттен сатып алынатын жемнің құнарынан кем емес жем дайындадық. Мұнымен қоса жүгерінің көкмайсасы (силос) жеткілікті дәрежеде болды. Осындай жұмыстарды ұйымдастыру нәтижесінде малдан өндірілетін өнім көбейіп, бұрын мемлекетке сүт тапсыру атымен жоқ болса, енді сүт таситын машинамен тонналап сүт өткізетін жағдайға жеттік. Ал 1990 жылдың бірінші қаңтарындағы мәлімет бойынша сиыр малының саны 1600 басқа жетті.
Күріш, көкөніс және мал басының көбеюі, соған байланысты жұмыс қолы­ ның жетіспеушілігін шешудегі жұмыс көп.
Кеңшар тарихының алғашқы та­рауында келтірілген, шаруашылықты ұйымдастыруда орын алған обьективті қателіктер дамудың барлық кезеңіне кері әсерін тигізіп отырды. Қой шаруашылығын өркендету міндетін орындаудың бұлыңғырлана бастауы кеңшардың немен айналысуы анық болмай тұрғанда жұмысшылардың келуін тежеді. Ал келгендері тұрақсыз, келіп-кетіп жүрді. Жұмысшылар дайын тұрған үйлерге көшіп келуге асыққан жоқ. Ел келіп қоныстанады деп жаңадан салынған үйлер қаңырап бос тұрды. Жұмысшы қолының жетіспеуі өндіріс көлемін арттыру үшін алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға үлкен кедергі жасады.
Енді осы өмірлік маңызы бар күрделі істі шешуде диқан мен механизаторларға мәдени-тұрмыстық қызметті жақсарту үшін егіс бригадаларының басына типтік үлгідегі дала қостарының құрылысын бастап, төрт дала қосы соғылды. Кейінірек батыс жақтағы көкөніс дақылдарына арналған 250 гектар жер инженерлік жүйемен тегістеліп, сол жерге ауылымыздағы орта мектептің өндірістік бригадасы үшін бесінші дала қосы соғылды. Олар егіншілер мен механизаторларға алаңсыз жұмыс жасауы үшін қызмет етті. Бұрын бір жерде ондаған адам жатса, енді төрт адам бір жерде, кереует үстінде жататын болды. Сонымен қатар арнайы асхана бөлмесі, онда дайындалатын ас мәзірі қала асханасындағыдай мәзір арқылы әзірленді. Егін жинау, егу сияқты қа­ уырт кезеңдерде комбайнерлер мен жаткистерге штурвалдан жерге түсір­ мей тамақтандыру жүзеге асты. Дала қосында арнайы бір бөлме бөлініп, онда теледидар, шахмат-дойбы, газетжурналдар қойылып, демалуға мүмкіндік жасалды.
ЕҢБЕКШІЛЕРДІ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒЫНАН ЫНТАЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІ БАСҚАРУҒА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕТІКТЕРДІ ҚОСУ
Бұл аталған екі мәселені өндіріске енгізгенде бірін-бірі толықтырып отырды. Нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, күрішшілер күрішімді білемін, механизатор механизмге жауап берем демей, бәрінің мақсаты бір өнім өндіруді көбейту болды. Бір бригадада 4 жатка, 4 комбайн қажет болса, оның төртеуінің ғана егесі бар, бірақ төрт механизатор өзінің төрт комбайнымен қоса қалған төртеуін де күзгі егін жинауға дайындап қоюы тиіс. Сол егесіз дайындалған комбайн жаткаларға республикамыздың түкпір түкпірінен келген механизаторлар отырып жұмыс жасады. Ол техникалар егін орағының бас кезінде-ақ сыр бере бастаса, кейбіреуін үнемі жөндеумен болады. Нәтижесінде алыстан келген механизаторлар табыс таба алмай қайтса, кеңшарда егін жинау науқаны ұзаққа созылып, көптеген ысырапқа жол беріліп, өнім өз дәрежесінде болмаған кездері болды.
Тағы бір айтатын нәрсе күріш егетін диқандардың да дала шығымдылығын алу, түптету, күріш өсіп, ораққа түскенге дейінгі аралықта сәл демалатын уақыты бар бригадалық мердігерлік әдіске көшуді қолға алдық.
БРИГАДАЛЫҚ МЕРДІГЕРЛІК ӘДІС
Бұл әдісте кеңшардың ауылшаруашылық өнімдерін жоспарлау, оған жұмсалатын шығындарды анықтау, ол үшін жыл сайын жасалатын технологиялық картасы болады. Осыған байланысты бригадаға берілетін өндірістік тапсырмалар да, жұмсалатын шығындар есептеліп, чек бригадирге беріледі. Ол чекпен кеңшар орталығындағы машина-трактор жөндеу орталығымен, жанар-жағар май, тұқым, материалдар қоймасы, тағы басқа жерлермен чек арқылы күнделікті есептесіп отырады.
Бұл әдісті өндіріске енгізу барысында көптеген қиындықты шешіп алдық. Алдымен жұмыс қолының жетіспеуі азайды. Егіннен өндірілген өнімнің сапасы мен саны көбейді. Бригада мүшелерінің барлығының дерлік жұмысқа деген жауапкершілігі артты. Өнім өндірушілерге материалдық ынталандыру енгізілді. Алған өніміне қарай жыл аяғында қосымша ақы төленді. Бригада мүшелері бұрынғыдай емес жұмсалатын шығындарды есептей бастады. Бұрынғы «Күріш звеносы» деген аты жойылып, «Механикаландырылған күріш звеносы» болып құрылды, механизаторлар айлықты звеноның көрсеткішімен алатын болды.
Диқандар мен механизаторлар бұрынғыдай санаспай бірін-бірі ауыстыратын жағдайға жетті. Бригаданың есепшісі қарамағындағы 30-40 адамға есеп жүргізіп, істеген жұмысына қарай наряд жазып, ақша төлеуді қойды, керісінше жұмысшылардың жұмысқа қатысқан күніне табель жүргізіп, кесімді айлық төленді. Нәтижесінде бригада мүшелері артық алған өнімі үшін жыл қорытындысында алатын қосымша ақыларымен қоса, өнім өндіруге жұмсалатын шығын көлемін үнемдегеннен түсетін ақшаны да қосып алатын болды. Міне, бұндай өндірісті басқарудағы экономикалық тетік жаңалық жоғарыдағы аталған тиімділігін көрсетті. Соның нәтижесінде кеңшар еңбеккерлеріне әр айдың 15- не аванс, айдың аяғында уақытылы айлығын алып тұруы қамтамасыз етілді.
МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІ ӨНДІРІСКЕ ТАРТУ
Кеңес үкіметі кезінде жастарды еңбекке баулу, тәрбиелеу жолға қойылды. Мектеп жасындағы оқушылардан бастап, техникум, институт студенттері құрылыстарда, әсіресе күзгі егін жинауға жаппай жұмысқа тартылды. Кеңшар басшылығы жетіспей жатқан жұмыс қолдарын шешу үшін барынша ішкі мүмкіндіктерді пайдаланып, мектеп бітірушілерді 2 жылға өндіріске тартып, кейін жолдамамен жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсетін үкімет қаулысына сүйене отырып, 1980 жылы қаңтар айында мектеп бітірушілермен кеңшардың клубында салтанатты жағдайда мамандық таңдау кешін өткіздік. Бұл кешке ауылымыздың алдыңғы қатарлы механизаторлары, диқандар, түрлі саладағы мамандар шақырылып, қатыстырылды. Осы бас қосқан жиналыста бітірушілердің барлығы 12 жас бітіруші өндірісте қалып жұмыс жасайтын болды.
Енді осы мектеп бітірушілерге үш-төрт айдың ішінде тракторист мамандығын алып беру жұмысы алда тұрды. Аудан басшылығымен келісіп, №199 орта мектебі жанынан СПТУ-дың күшімен трактористер даярлайтын филиалын ашып, арнайы тракторлардың бөлшектері қойылып, теория мен практика сабақтары жүргізілетін арнайы кабинет жабдықталды. Сабақ тәулігіне 2 сағат оқытылып, бітіруші 12 оқушы аттестатпен қоса тракторист куәлігін алып шықты. Ал оқытушының айлығы кеңшар есебінен төленді. Сөйтіп жұмысшылардың қатарына 12 жас қыз бен жігіттерді қостық. Ер балалардың трактор айдауына көбіне таңданбаймыз ғой, сондықтан қыздардың трактор айдап, жетіспей тұрған механизаторлардың қатарын толықтыруы жайлы айтайын.
Менің Тынымбай Досбатыр деген інім осы ауылда жұмысшылар комитетінің төрағасы, экономист қызметін атқарған ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі өзінің «Қостаған» деген кітабының «Тракторшы қыз – Ғалия» бөлімінде «Сахнаға қос бұрымын қайыра өріп, гүлдеп бантик байлаған балғын жүзді қыз бала шықты. Құрметті ауыл еңбеккерлері, қадірлі механизатор ағалар, біз мектеп бітіруші түлектер класымызбен ауылшаруашылығында қалып, совхозымыздың экономикасы мен мәдениетін нығайтуға өзіміздің үлесімізді қосамыз деп шештік. Менің таңдаған мамандығым тракторист болу», – дейді /24-бет/. Демек бұл сөздер жоғарыдағы мектеп бітірушілердің кеңшар өндірісінде қалып еңбек етеміз деген қыз балалардың өз қалауы екендігінің дәлелі.
Осы сөз болып отырған Ғалия 1981 жылдың қорытындысымен өзіне бекітілген МТЗ-80 тракторымен 780 орнына 1035 эталон гектар етіп, міндеттемесін 115 пайызға асыра орындаған. Сөйтіп Ғ.Ысқақова сол жылы еңбек озаттарының аудандық фотогалереясынан орын алды. Демек, мектеп қабырғасынан ашылған трактористік курсты бітіріп, бас-аяғы 1,5 жылда еңбек озатына айналып отыр. /24-25-беттер/.
Сол жылы мектеп бітірген Сәрсенкүл Есқалиева, мал шаруашылығын өркендетуде жем-шөп базасын жолға қоюда ерекше жұмыс жасады. «Теріс ашаның» бойынан 50 гектар жүгері егіп, өнім жинау тапсырылды. Нәтижесінде жоспарлы өнім жиналды. Осыдан бастап Сәрсенкүл еңбек озаты атала бастады.
Одан кейін Гүлжахан Алдамбергенова, Қарашаш Аққалиевалар өздеріне бекітілген «Белорусь» тракторымен жазда егін даласында, қыста тыңайтқыш тасумен жүріп, үнемі озат механизаторлардың қатарында болды.
Әдетте темір дәнекерлеу қиындығы мол, көп тәжірибені қажет ететін, нәзік жандылар түгіл көрінген ер адам батылы жетіп тәуекелге бара бермейтін мамандық. Ал Ләззат Сержанова деген қызымыз осы жұмысты үйреніп, электрмен дәнекерлеуші мамандығын таңдап, мамандық бағалау комиссиясының шешімімен ІV разрядты дәнекерлеуші біліктілігін алып, өзіне бекітілген Т-28 тракторымен жылжымалы электр дәнекерлеуші болып жемісті жұмыс атқарды. Осындай жақсы істеген жұмысы үшін еңбекшілер депутаты аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. Айгүл Мамырбаева әкесі Тоқтарбектің қасында токарьлық мамандығын үйреніп темірден түйін түйетін жағдайға дейін жетіп, ауылымызда көптеген уақыт еңбек етті.
Жадыра Тастанбекова атындағы сыйлықтың иегері, Чапаев атындағы колхоздың озат механизаторы Мейрамкүл Нұржақыпова 1981 жылы аудандық комсомол комитетінің жол­ дамасымен біздің ауылға көшіп келді. Күйеуі Әлібек Тасымов шофер болса, енесі Ұлшан ауданда тігін цехының озаты болатын. Сөйтіп жұмысшы қатары үш маман иелерімен толықты. Әлібекке су таситын машина, ал Ұлшан апамызға арнайы бөлме, тігін машинасымен жабдықталып, жұмыс жасауға жағдай жасалды. Ал Мейрамкүл болса жаңа комбайн тізгініне отырып, кеңшардағы «Жас толқын» жастар бригадасында күріш бастыруға кірісіп кетті. Сол жылы 5000 центнер күріш бастырып, алдыңғы қатарға шықты. Жас партия мүшесі Мейрамкүл Нұржақыпованың еңбегі жоғары бағаланып, аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланды.
1984-1985 жылдар аралығында мектеп бітіріп, өндіріс саласында қалып жұмыс істеген жастарымыз өте көп. Бұлар он екіде бір гүлі ашылмаған жапжас болса да, ауылымыздың әлеуметтікэкономикалық ахуалын жақсартуға, ауылшаруашылық өнімдерін молайтуға саналы ат салысып, ең бастысы жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігін азайтты. Олардың біршамасы осы уақытқа дейін ауылда тұрып жатса, бірсапырасы еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Енді оларды атап айтсақ Мәдина Еспенбетова – механизатор, Гүлжаһан Алдамбергенова – механизатор, Райхан Байшораева – күрішші, Райкүл Мәмбетова – күрішші, Күлпаш Асарбаева – күрішші, Бақыт Ниязбаева, Шолпан Нұрмаханова, тағы басқалар.
Жастардың өндіріске көптеп келе бастауы, олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, олар орналасатын дала қостарын жастардың талғамдарына сай жабдықтау, мәдени-тұрмыстық қызмет, бос уақытын көңілді өткізуге байланысты көптеген ұйымдастыру жұмысы атқарылды. Арнайы күріш егетін жастар бригадасы жасақталып, оны «Жас толқын» деп атап, бригадир болып жоғары білімді маман Нұрғабыл Есқалиев тағайындалды. Сонымен қатар олардың күріш егуде тәжірибесі жоқтығы ескеріліп, әрқайсысының қасына бұрыннан күріш егіп келе жатқан кісілерден үйретушілер бекітілді. Осы №4 «Жас толқын» бригадасы еңбек еткен жылдары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендігін ауыл халқы ұмытқан жоқ. Сонымен қатар 1983 жылы 30 жас ұл-қызымызды кеңшар есебінен туристік сапармен Польша мемлекетіне демалуға жібердік. Екі жыл жұмыс жасағаннан кейін арнайы құжатпен ақша төлей отырып, жоғарғы оқу орындарына түсуіне көмектестік.
Енді кеңшар ұйымдастырылған алғашқы жылдарынан бастап ауылға көшіп келіп, алғашқы қиындықтарды еңсеріп, шаруашылықтың қалыптасып, көтерілуіне зор үлестерін қосқан жанұялар жайлы сыр шертсек.
Тынымбай Досбатыр «Қостаған» кітабында біздің бір жанұямыз туралы былай дейді: «Шағын совхозымызда қоғам байлығын молайту, ел дәулетін арттыру ісіне жан-тәнімен тер төгіп еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары аз емес. Сол еңбек иелерінің бірі – Қошантаевтар отбасы. Алтынбек Қошантаев совхоздың қадасын қағып, құрылысын қолмен салғандардың бірі. Жәмила апа болса он бір бала тәрбиелеп өсірген, Батыр ана, үлгілі отбасының ұйытқысы. Балалары совхоз өндірісінде еңбек етуде. Үлкен баласы Сейсенбек 1977 жылы арнаулы оқу орнын бітіріп келіп, бригада механигі болып қызмет атқарды. Онан кейінгі баласы Дүйсенбек – күрішші-механизатор. Төлегені – тракторист, 1980 жылы мектеп бітірген Ақкүміс отбасылық звено құрамында күріш егіп жүр. Қошантаевтардың отбасылық звеносы өткен жылы 100 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 50 центнерден өнім жинады. Сондай-ақ Дүйсенбек, Төлегеннің отбасылық звеносы 1200 эталон гектар жұмыс көлемін атқарып, 93 гектар күріш орды. Ал оныншы бесжылдық жылдарында 346 гектар күріш егіп, гектарынан 51,7 центнер өнім жинап, 23840 центнер күріш жинаған. Совхозға 472546 сом пайда әкелген.
1981 жылы Мырзағали Сеңгірбаевтың отбасынан 4 адам 120 гектар күріш егіп, гектарынан 51,5 центнер өнім жинаған. Жетпісбай Маханбетов 194 гектар күрішті дестеге салса, Нұрахан Маханбетов 1470 эталон гектар жұмыс көлемін атқарған». Міне, осындай көптеген жанұялық еңбеккерлерді атай беруге болады.
(Басы өткен санда, жалғасы келесі санда)
Жақсылық ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері
16 тамыз 2025 ж. 65 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 225
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031