Есімі ел есінде
Соғыс деген сөз өте зілді, ауыр. Соғыс – кесапат, қан мен тер. Осыдан 35 жыл бұрын Ауған алауы тұтанғанда еліміздің тұс-тұсынан жас боздақтарымыз әскери борышын өтеуге жат елге аттанды. Мемлекет бұйрығын бұлжытпай орындап, жұлқынып алдынғы сапта тұрғандар неткен рухты еді. «Қаһарман деген кім?» деп сұраса, қолыңа қару алып елін күзеткен батыр деп жауап беруші едім. Қасіретті де қауіпті 10 жылға созылған әскери қақтығыстың аяқталғанына биыл 35 жыл. Бұл қақтығыс талайдың тас талқанын шығарды. Көңілден құт қашырды. Қанмен келген қақтығыс отбасыларды алыптарымен емес, табыттарымен табыстырды. Ерлердің жасаған ерлігі тарихтың бір үлкен бөлшегі болып қалмақ.
Қарапайым отбасынан шығып хат таныған, мамандық алам деп училищеге оқуға келген Нұрланның да Ауғанда ізі қалды. Нұрлан Айсауытов 1976 жылы Дүр Оңғар ауылында 8 сыныпты бітіріп, аудан орталығындағы №14 кәсіптік-техникалық училищеге кең көлемді тракторист-машинист мамандығы бойынша №1 топқа қабылданады. Шәкірті туралы ыстық естеліктерді айтып отырған топ жетекшісі, еңбек ардагері Бекмат Өтемұратов былай дейді: «Нұрлан ауылда әжесінің тәрбиесінде болды. Отбасының көмекшісі, еңбекқор болып өсті. Оқуда озат, тәрбиелі, мінез-құлқы жақсы оқушы болатын. Топ ішінде комсомолға жетекшілік етті. 1979 жылы оқуды бітіріп кең көлемді тракторист-машинист мамандығы бойынша диплом алды. Автомобиль жүргізушісі куәлігі қоса берілді. 1979 жылы күзде әскер қатарына шақырылып, Венгрияға аттанды. Венгриядан Ауғанстанға ауысып, әскери қызметін сонда жалғастырды. Бірақ ажал оғы Нұрланды айналып өтпеді. Бір шаңырақтың ұйытқысы болған батырдың шамы өшті. Бәйтерегі құлады. Ботадай боздаған баланың артында жыламсыраған отбасы ғана қалды. Кейін Нұрлан туралы көптеген ақпаратты бірге қарулас болған жерлесі Алтай Жыңғылбаев айтып берді. Ол да қазір марқұм болды. Шәкіртімнің орны мен үшін өшпес мәңгі алау. Мен кеудемді ұрып тұрып Нұрланмен мақтанамын. Аудан орталығында Нұрлан Айсауытов атындағы көше бар. Бұл көше барда Нұрлан есімі мүлдем өшпейді».
Иса Байзақов дүниеден қыршын кеткендер «Мезгілсіз, мерекесіз кеткендердің әруағы бізді де айт деп сыбырлайды» деген екен. Жастайынан қыршын кеткен, той мен мереке көрмеген боздақтардың есімін жаңғырту біз секілді жас ұрпақтың міндеті. Нұрландай ағаларымыздың жасаған еңбегі қазіргі буынға үлгі мен өнеге. Міржақып Дулатұлы келіссөздер жүргізуге жалғыз кетіп бара жатқан Ахмет Байтұрсынұлына қарап тұрып: «Қойдан қоңыр Ақам-ай, талауға түскен тулақтай тоз-тоз болған жұртының қамы үшін, жалаңдаған жыланның ордасына жалғыз кетіп барасың-ау», – деген екен.
Бүгін Нұрлан Айсауытовпен бірге Әнуарбек Өміровті, Рақымжан Доспановты еске аламыз. Бұл ағаларымыз туралы да алдағы уақытта тұлғатанушылар мен жазушылар мәлімет ұсынар, естелік қалдырар. Ауғанда аунаған ағаларымыз біз үшін батыр, жанын берген боздақ, қаһарман, ержүрек. Жоқ. Жоқ. Сөнген жоқ. Өлген жоқ олар. Бойындағы күллі күш-қуатын, барлық мүмкіндігін сарқа жұмсаған саңлақ ерлер. Күрделі уақыт тудырған күрескер перзенттер. Сендердің ерліктерің мәңгі жасай бермек.
Нұрасыл БЕКМАТОВ