» » Әскери құпия кешегіге дейін сақталды

Әскери құпия кешегіге дейін сақталды

ХХ ғасырдағы әлем қақтығыстарының бірі болған Вьетнам соғысы туралы не білеміз? Ол туралы азды-көпті білетініміз бір елдің арасына іріткі түсіп, екіге бөлінді. Бір жағын Қытай мен КСРО қолдаса, екінші жағына АҚШ пен СЕАТО ұйымы араласты. Осыдан кейін қырғи қабақ соғысқа ұласып, көп жылға созылды. Ал осы соғысқа жалғыз қазақ қатысқанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол Қармақшы ауданының тумасы – Иса Бисенов.

Ақжар кеңшарында дүниеге келген ағамыз еңбекке ерте араласып, тез есейеді. 8 сыныпты бітіріп, Қазалыдағы СПТУ-ға «тракторист-машинист» мамандығына түскен. Ол кезде «мектепті бітіріп, екі жыл жұмыс істесін» деген үкіметтің қатал заңы болса керек. Иса ағамыз әлгі мамандықты бір жыл оқып, аудандағы РТС-қа жұмысқа орналасады. Ол жақтағы жұмыстың ауырлығына шыдамай кетіп қалады. Әкесіне келіп, оқу оқығысы келетінін жеткізеді. Әкесі Бисен баласының әлі де шыңдалғанын қалады ма, оқуға жібермей Кемесалғандағы жол бойына жұмысқа жібереді. Тоғыз ай шпал тасып, ауыр жұмыстың бейнетін көрген ол, әкесіне қайта келіп, оқуға барғысы келетінін тағы айтады. Бала көңілін қимаған әке айтқанын орындайды. Мектепті қайта жалғастырып, жақсыға бітіреді.
1960 жылы Қызылордадағы медицина училищесіне түсіп, төрт жыл оқып, диплом алып шығады. Сол арада Калининде фельдшер болып жұмыс істеген. Уақыт созбай Әлия апайымызбен шаңырақ көтереді. Алғашқы сәбиін сүйген уақытта әскерге шақырылып, Ленинградқа борышын өтеуге жібереді. Бірде дивизияның дәрігер қызметін атқарып жүрген Иса Бисеновті қолбасшысы шақырып алып, одақтас елге баратынын айтады. Кеңес өкіметі Вьетнам соғысына қолдау білдіру мақсатында бір полк әскер жібергелі отыр екен. Полкте орыстар, беларустар, латыштар, украиндықтар, бір өзбек және жалғыз қазақ Исаның бары да айтылады. Міндеті – Оңтүстік Вьетнамды АҚШ қарулы күштерінен қорғау. Тапсырма талқыланбайды. Айтылды, бітті орындалады. Сарбаздарды үш ай дайындықтан өткізіп, үстеріне қарапайым азаматтық киім беріп, Қытай арқылы Вьетнамға ұшырады. Соғыстың сұрқы сұмдық болса керек, Кеңес әскерінің басшылығы осындай қадамға барған.
– Ол жақта ракеталық атқыштар полкі құрамында болдық. Орманның ішінде қауіпсіз болу үшін вьетнамдықтарды ракета атуға үйреттік. Жастардың патриоттығы мен алғырлығы сонша аудармашы арқылы алты айда ракетаны меңгерді. Содан кейін ашық алаңға ұшақтарды қабылдауға шықтық. Ракетамыз он мен отыз алты қашықтықта келе жатқан ұшақты атып құлатады. Бастапқыда америкалық ұшақтар қаз-қатар тұрып шабуылдады. Оларды жерден қабылдап, радарға түскенін төрт-бесеуден жайраттық. Бастапқыда ойымыз іске асты. Кейіннен олар да соғыс тәсілін біліп алды. Бұрынғыдай бірігіп ұшпай, енді бір-бірден шабуыл жасады. Ал бізде бір ракета бір ұшаққа тиесілі болды. Соғыс дегеннің өзі ойын секілді. Америкалықтар да ойынның әдісін тез меңгеріп алды. Ұшақты нысанаға алып, ракетаны аспанға жібергенде, көкте келе жатқан ұшақ бірден жерге қарай өзін төмен тастады. Ракета адасып қалады. Осылай жиі қайталап, біраз әбігерге салды. Осыдан кейін басшылық бір ұшаққа екі ракета шығындауға рұқсат берді. Олардың ұшағы әлгі тәсілдерін қайталап бірінші ракетадан қашып құтыла бергенде, екіншісін қайта жіберіп атып түсірдік, – дейді Иса ақсақал.
Вьетнам қазақ жеріндей кең емес, шағын болғандықтан ракеталарды елді мекендердің ішіне орналастыруға тура келіпті. Одан бөлек бір соғысқан жерде бір күннен артық тұрмай орын ауыстырып отырған. Себебі оқ атылған жерден түтін көтеріліп, әуеден көрініп қалады екен. Осылайша әр жерге тұрақтап, жаумен шайқасқан. Ұшақтан атылған ракеталарды талай адастырып, қаңғалатқан кездері де болыпты. Осылай тәжірибе жинақтаған олар Вьетнам әскеріне үйретіп, алыстан үйренгенін бақылап та отырған екен. Күндердің күнінде бұлар жасырынған жерге снаряд келіп жарылады. Қиғаштап келіп соққан оқ, жерді қопарып қалың топырақтың астына көміп тастады. Осы сәтте Иса Бисенов ауыр жарақат алып, миы шайқалады. Содан бір ай емделіп, ауылға оралады. Осылайша Вьетнамда бір жарым жыл соғысып қайтады. Елге оралған сарбаздарды бірден үйлеріне қайтармай, соғыстың құпиялығын сақтау үшін тағы үш ай әскерге алып қалған. Тіпті әскери билетке соғысқа қатысқан деген мөр де басылмаған. «Тек Ауған соғысынан кейін ғана бізге айтуға рұқсат берілді, Вьетнам соғысының ардагері екенімді ашық айта бастадым», – дейді қарт жауынгер.
Білікті фельдшер – Иса Бисенов Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылындағы ауруханаға отыз екі жыл бойы басшылық еткен. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға осы жерден жәрдем көрсеткен. Екі мыңдай халқы бар шағын ауылдың дәрігері Қызылдың қойнауындағы малшы ауылдарды да аралап, шопандардың денсаулығын бақылайды. Ауылдың ақкөңіл адамдары «Бисеновтен асқан білгір дәрігер бар» дегенге сенбеген дейді сол кезде. Антына адал болып, ауылдық аурухананы ұзақ жылдар бойы басқарған дәрігердің өмір жолы соғыстан кейін осылай өрбіді.
2013 жылдың сәуір айында Қызылордаға Вьетнамның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа іссапармен келген болатын. Осы іссапар барысында Нгуен Ван Хоа облыс әкімінің қабылдауында болып, Қазақстан бойынша Вьетнам соғыс қимылының қатысушысы, соғыс ардагері, жерлесіміз Иса Бисеновке Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті мен елшіліктің сыйлығын табыстады. Кейін елшіліктен арнайы шақырту алып, зайыбымен Вьетнам еліне барып, Президент Труонг Тан Санктың қабылдауында болып, сол елдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып келді. Сонымен қатар Премьер-министрінің қолы қойылған Құрмет грамотасы мен «Достық» медалін кеудесіне тақты.
Иса ақсақал қандай ортаға барса да ақыл кеңесін айтып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Сонымен қатар өзі ұзақ жыл қызмет атқарған медицина саласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
«Ер есімі – ел есінде» деген дана қазақ. Адамзаттың өткен өмірі ұмыт қалмай бүгінгі және болашақ ұрпақ зердесінде сақталуы тиіс.

Ерсін СӘДУҰЛЫ


13 қазан 2020 ж. 638 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031