» » Тарих қойнауындағы қазына

Тарих қойнауындағы қазына

«Өткенді еске алғаның өскенің, өткенді ұмытқаның өшкенің» дейді халық даналығы. Адамзат тарихына көз жүгіртсек, қазақ хандығының тарихы Керей мен Жәнібектен бастау алғанымен, сақ, ғұн, көк бөрі түркілер, үйсін, қаңлы, қыпшақтар әлем тарихындағы ең құпияға толы тұлғалардың бірі әрі бірегейі болған – Шыңғысхан ұрпақтары билік құрған кезең, төл тарихымыздың таспаланып жазылған беттері сыр шертеді. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы замандарынан кешегі шерлі Желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресі бар. Ел мен жердің иесін дәлелдейтін тарихымыз. Қазақ ұлтының бүгінгіге дейінгі қат-қабат тарихының мазмұны азаттық үшін күреске сайып келеді. Тарих – елдің елдігін, ділдің бастауын көрсететін, дәлелдейтін ұлттық, халықтық құндылық. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген сөзі дәлел. Естеріңізде болса, 2019 жылдың 24 тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапары барысында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтіп, сонымен қатар оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау туралы бастама көтерген болатын. «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек. Сонымен қатар Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын Жезқазған өңіріндегі Жошы ханның кесенесіне зиярат етіп тұрып. Сондықтан да биыл Қазақстан мен Моңғолия билігі тарихымыздағы осы бір ортақ мерекені атап өтуде. Бұл қазақ халқының, жерінің тарихтағы орнын дәлелдеудің тағы бір мүмкіндігі деп түсінемін.
1219-1224 жылдар аралығында Шыңғысхан бастаған Моңғол империясының әскерлері жаулап алудың нәтижесінде қазіргі Қазақстан территориясын басқарды. Десек те, Алтын Орда мен Ақ Орда төл тарихымыздың ортағасырлық кезеңі, Жошы ұлысының тарихы.
Жошы ұлысы – дүниенің төрт бұрышына билігін жүргізген Шыңғыс ханның өз иелігіндегі жерлерін төрт ұлына бөліп бергенде Жошының үлесіне тиген аса үлкен территориялық аумақ. Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 проценті кірген. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен. Жошы қыпшақ даласына келіп өз ұлысын құрғанымен моңғолдық дәстүрмен жүрген жоқ. Жергілікті қыпшақ халықтарының ділі мен дініне еркіндік берді. Көп ұзамай Жошының ұрпағы жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен тұрмысына қарай икемделіп, бір жолата сіңісіп кетті. Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының еңбектеріне сенсек: олар үшінші ұрпағынан бастап қазаққа айналған: «Яғни, сол кездің өзінде мұсылмандықты қабылдап, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен» деп жазады ол. Мұны ғылыми тілде ассимиляция деп атайды. Ассимиляция барысында бір халық өзінен үлкен екінші доминант халыққа сіңіп кетіп, ана тілін, әдет-ғұрпын, дінін, мәдениетін, өзіндік сана-сезімін, т.б. ұлттық ерекшеліктерін жоғалтады. Алтын Орда – Қыпшақ даласындағы Жошы ұлысында ХІІІ ғасырдың 40 жылдары батысқа жорығынан кейін Батый хан құрған мемлекет. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырға созылды.
Жошы ханның баласы Батый 1227-1255 жылдары Алтын Орданы билеген. Мұсылман деректерінде ол әділ адам болғандығы айтылады. 1235 жылғы бүкілмоңғолдық құрылтайда Батысқа жорық жасауға шешім қабылдаған кезден бастап, Батыйдың есімі тарихи деректерде айтыла бастайды. Батысқа жасалған жорық жеті жылға (1236-1242 жж) созылған осы жорықтар нәтижесінде Батыс елдері жаулап алынып, Алтын Орданың шекарасы кеңейіп, күшейе түскен. Алтын Орданың саяси және экономикалық жағынан жақсы дамуы Берке (1257-1266 жж) мен Өзбек (1212-1242 жж) хандары тұсында болған. Әсіресе, Беркенің кезінде Алтын орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында керемет байланыс болғандығын тарихтан білеміз. Себебі 1262 жылы Беркемен өзара достық қарым-қатынас орнату үшін елшісін жіберіп, кейіннен әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнатқан. Орданың беделі өсіп, күшейгенін көрсететін тағы бір дәлел – Беркенің бүкілмоңғолдық құрылтайға қатысудан бас тартуы еді. Әрине, 1259 жылы ұлы хан Мөңке қайтыс болған соң, Алтын Орда өз алдына күшті мемлекет болды. Берке хан Кавказ жеріне жорықта (1266 ж) қайтыс болған соң орнына Меңгу Темір (1266-1280 жж) келді. Өз кезегінде айтарлықтай саяси өзгеріс жасамаса да, Египетпен байланысына кедергі келтіріп отырған Византияға 1271 жылы соғыс ашпақшы болады. Дегенмен Византия императоры тарапынан болған бейбіт ұсынысты қабылдап, екі ел арасында татулық орнаған.
1269 жылы көктемде қазіргі Қырғызстан аумағындағы Талас жерінде ұрпақтары мен моңғол ақсүйектерінің қатысуымен моңғол империясының соңғы құрылтайы өтіп, моңғол империясы құлайды. Талас құрылтайының шешімімен үш ұлыстың шекарасы айқындалды. Үгедей, Шағатай және Жошы ұлыстарының өкілдері жиналған жиында Алтын Орда Моңғол империясынан бөлініп, өз алдына дербес болды. В.В.Бартольд Талас құрылтайының маңыздылығына тоқталып, оны Қайдудың ұйымдастырғанын атап көрсетеді. Қайду хан тарихта 1236-1301 жылдары Шағатай ұлысының аумағында, қазіргі Қазақстанның оңтүстігі, Шығыс Түркістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан өңірінде 65 жыл бойы билік жүргізген. Құрылтайға Шағатай ұрпақтарынан – Барақ, Үгедей ұрпақтарынан – Хайду, Жошы ұрпақтарынан – Менгу Темір хан мен Беркежар қатысады. Бұл жайында Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегінде былай жазады: «Хижраның 667 (1269 жылы) жылы көктемінде ханзадалардың барлығы Талас пен Кенжектің жайлауында жиналды, сөйтіп бір апта тойлатқан соң, сегізінші күні кеңес құрылтай өткізді. Әуелі Қайду сөйледі:
– Біздің даңқты атамыз Шыңғыс қаған әлемді парасаттылығымен, ақылымен және қылыш пен оқтардың соққысымен басып алып, тәртіпке келтірді, дайындап өз әулетіне тапсырды. Міне, біздің бәріміз әкелер жағынан бір-бірімізге туысқанбыз. Өзге ханзадалар болса, біздің аға-інілеріміз, олардың ортасында келіспеушіліктер мен алауыздық жоқ. Не үшін келіспеушіліктер мен алауыздықтар біздің ортамызда болуы керек?!» деді. Сөйтіп құрылтайдың шеші¬мімен үш ұлыстың шекарасы айқындалған.
Тохты хан (1312-1342 жж) кезінде орда саяси жағынан зор беделге ие болып, Иран, Кавказ елдерімен сауда байланыстарын жандандырды. Әсіресе, Өзбек хан (1342-1357 жж) мен оның мирасқоры Жәнібек хандар (1342-1357 жж) билік жасаған уақытында Алтын Орда саяси жағынан күшейіп, бүкіл елге танылды.
Қалаларда медреселер салынып, жаңа ғимараттар бой түзеген. Елде ислам дінінің таралуына зор ықылас болған. Елде іс жүргізу жұмыстарын түрік жазуымен, дәлірек айтқанда, орта ғасырлардағы ұйғыр жазуымен жүргізген. Іс-қағаздарын жазушыларды «білікшілер» яғни хатшылар деп атаған. Ал азаматтық істерге уәзір билік жүргізген. Ұлыстық аумақтық бөліктерін билеушілер әмірлерге, мыңдықтар нояндарға, ал нояндар беклер бекке бағынған.
Жәнібек хан өлгеннен кейін, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына таласқан феодалдық қырқыс бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орданың әлеуметтік және мәдени даму дәрежесін түсірді. 1357-1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты. Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі өрістеді. ХIV ғасырдың аяқ кезінде Мәуереннахр билеушісі Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. 1380 жылы Куликово даласында Мамай хан бастаған монғол әскерлерін талқандаған орыс княздары Алтын Ордадан тәуелсіздік алды. Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды.
Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлініп кетеді.
1359-1379 жылдардағы «Ұлы дүрбелең» кезеңіне дейін ұлы да құдіретті мемлекет, қазіргі әлемде жер көлемі жағынан 9-шы орын алатын Қазақстаннан төрт есе үлкен аумақты алып жатқан еді. Әрине, сол құдіретті мемлекеттің бүгінгі мұрагері болуға орналасқан жері бойынша- Қазақ елі.
Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы. Ендеше, осы оқиғалар ұлы даланың тарихынан терең сыр тартады. Әр тарихи кезеңде рухты бабалардың кейінгі ұрпақтары өз тарихын, өзіндік ділін қалыптастырып, кейінгі ұрпақтың бет-бейнесін жасап отырған.Ендеше, өскелең ұрпаққа кешегі өткен тағылымды тарихты жадында сіңіру мен жеткен жетістіктерімізді мақтан тұтар ұрпақ ретінде тәрбиелесек, елдігіміздің байрағын биіктете түсеміз деп ойлаймын.
Осы мақсатта ауданымызда түрлі шараға оқушылар қатысуда. Үстіміздегі жылдың 29 сәуір күні Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар» кафедрасының ұйымдастыруымен қала, аудан мектептерінің 11 сынып оқушылары арасында Қазақстан тарихы және Дүние жүзі тарихы пәндерінен облыстық олимпиада өтті. Олимпиаданың 2-ші кезеңінде «Алтын Орда тарихы» тақырыбында жоба қорғау тапсырмасы берілген.Осы олимпиадаға Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 11 «г» сынып оқушысы Мөлдір Рахымжанова қатысып, ережеге сай 3 кезеңдік тапсырмаларын ойдағыдай орындап ІІ орынды иеленді. Әрине, бұл жақсы жетістік деп ойлаймын.Сондықтан алдағы уақытта аталмыш мерейтойға қатысты шараларға атсалысуға тырысамыз.
Сөз соңында айтарым, 2020 жыл – Алтын орданың 750 жылдық мерейтойы екі елдің достығына, әлі де болса тарихтың ашылмаған сәттерін толығырақ зерттеуге түрткі болмақ.
Қарлығаш ЖҰМАҒАЛИЕВА,
№250 мектеп-лицейінің мұғалімі
18 шілде 2020 ж. 1 048 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031