» » "ҚАРМАҚШЫДАН СӨЙЛЕП ТҰРМЫЗ!"

"ҚАРМАҚШЫДАН СӨЙЛЕП ТҰРМЫЗ!"

Қармақшы аудандық газеті редакциясында сонау жетпісінші жылдардан бастап радио хабарын ұйымдастырушы қызмет атқарды. Тарихымызды тануда газетпен бірге радионың да қоғамдағы орны зор. Радионың жұмысы өзінше бір қайнаған өмір. Толассыз тіршілік. Уақыттың талабынан қалыс қалуға болмайды. Жаңа ақпараттар, сан түрлі саланы қамтитын тың деректер, еңбек адамдарының өмірі... Осы жайлар газеттен де бұрын радио толқынымен хабарланып тұрса ғажап емес пе?!

– Аптасына үш рет жергілікті радиодан хабар таратылып тұрды. Сол уақыттағы газет редакторы Әзілхан Аманов аға редакцияға келген жігіттердің көпшілігін радио хабарын таратушы етіп қабылдағаны есімде. Бұл журналистік міндеттердің қырларын ұғындыруға, жеделдігін түсіндіруге бағытталған тәсіл тәрізді. Шығармашылыққа қадам басқан жастардың қаламы төселіп, ширыға түсуіне үлкен демеу болса керек-ті. Орнықты ойларымен, салмақты жазбаларымен оқырман есінде қалған Оқас Тәженов, Ибрагим Бекмаханов, Кенже Күмісбаев, Мейрамбек Битеновтер өз ғұмырбаяндарын жергілікті радиодан бастап еді. Бұл қызметті Төребай Кенжебай ұзақ уақыт атқарды. Кейінірек дикторлық штат беріліп, жазуға құштар біршама жастар жұмыс істеді, – дейді саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған Бақыт Қаналиева апамыз.
Ардагердің айтуынша, сонау жылдары жас толқын – Мейрамкүл Байжанова, Патыма Төлепова, Шәмшәгүл Битенова, Рәш Жөнейтова, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті "Журналистика" факультетінің студенті атанған Айгүл Райымбаевалар балауса шақтарын радио жұмысымен өткізіп, мұның рухани мол жан азығын талап ететінін білімдерімен дәлелдеген. "Эфирден оқу мәнері арқылы тыңдаушысының сезімін баурап, аққу арманның үніндей, сағыныштың сазындай әсер берді. Ауылшаруашылығы жаңалықтары, "Сыр елі – жыр елі", айдарымен берілетін жүрек елжіретер жырлар, адамның жан-дүниесін байытатын әңгімелер, халықтың жырын жырлап, мұңын мұңдайтын жайлар жергілікті радио хабарының негізгі тақырыбы болды" дейді ол өткенге көз жүгіртіп.
Әрбір уақыттың өзіне тән құбылысы, ерекшелігі болады. Тәуелсіздік алғанға дейін радио мен үйдегі көкжәшікте дикторлардың сыңғырлаған дауысы құлақ құрышын қандыраса, егемендік орнаған соң олардың орнын журналистер басты.
Дегенмен тарих – талайдың жүріп өткен жолы, өмірнамасы. Бүгінгі буынға сонысымен де құнды, сонысымен де бағалы. Балаң көңілді баурап алатын биязы үн кімнің жүрегіне жол таппасын?! Әрбір шаңырақтың төрінен табылған радиоқабылдағыштың өз уақытында ерекше маңызға ие болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.
1970 жылдары журналистикаға, шығармашылыққа деген қызығушылық әсем үнді Патыма Ешниязқызын да радиоға алып келген еді.
– Мен дикторлықты 1975 жылы бастағанмын. Жергілікті радиохабары кешкі 19 сағат 45 минутта басталатын. Хабардың шымылдығын "Қармақшыдан сөйлеп тұрмыз!" деп ашып, "Сарыарқа" күйін күмбірлете беретінбіз. Оркестрден шыққан сан түрлі аспаптың үні қосылғанда адамды рухтандырып, бойыңды ұлттық мақтаныш сезімі кернейтін. Алдымен соңғы жаңалықтар, содан соң еңбек озаттары туралы хабарлар жүргізетінбіз. "Өнерлі өрге жүзер", "Талаптыға нұр жауар", "Дәрігерлік кеңес" сияқты тағы басқа да рубрикалар болды. Онда студия үлкен поштада (өртеніп кетті ғой) орналасты. Сол студияға әсіресе қақаған қыста атшаптырым жерден жаяу баратын едім. Кейде жолдасым мотоцикл көлігімен апарады. Әркез ерте баруға күш салатынмын. Осының бәрі – мамандығымды қатты сүйіп жұмыс істегенімнен болар, – деп еске алады П.Төлепова.
Студияға қонақ ретінде шақырылғандардың арасында өнер иелері әннен шашу шашса, тақырыпқа сай сала басшыларымен сұқбаттар жүргізілген.
Патыма Ешниязқызы жүргізушісі ғана емес, жағымды жаңалықтардың жаршысы – тілші де, әріп қатесін жөндеуші корректор да болып қызмет атқарған. 2015 жылы балабақшадан зейнеткерлікке шыққан.
Бір өкінерлігі, 1992 жылы радио жұмысын тоқтатты. Бүгінде тарихқа енген басылым ретінде ғана елдің жадында сақталып қалды.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

14 наурыз 2020 ж. 765 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 999

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031