» » Әуежайда өткеннің ізі қалған

Әуежайда өткеннің ізі қалған

"Жосалы аэропортының" тарихын аға буын өкілі болмаса, кейінгі жас толқын біле бермейді. Себебі дерек аз, бары мардымсыз. Кезінде осында жұмыс істеген азаматтардың бірқатарының туған-туысымен хабарласып, мағлұмат алғандай болдық. Олардың өзі де бүгінде жасы жетпіске таяған. Мұндағы мақсатымыз – өткенді аңсау немесе сағыну емес, бір сәт кейін шегініп, тарихымызды түгелдеу,  барымызды бағалау.
Жосалының аэропорты қашан құрылды? Сол бір жылдары Индияның мемлекет басшысы әуежайда аялдағаны рас? Жерлестерден кімдер қызмет етті? Тізе берсек, сұрақ көп. Енді осы сауалдардың жауабын іздеп көрейік.
Дереккөзге қарағанда, біздің аэропорт Орта Азиядағы ең ескі аэропорттың бірінен саналады. Оның қабырғасы шамамен 1920 жылдары қаланған. Кемеліне келіп, құрылымның дами бастағаны – 1930 жылдар. Мұны үлкендер мысты өңір – Жезқазған мен Қарсақпай қалаларының өндірісімен тығыз байланыстырады. Екі жылдан соң "Мәскеу – Тәшкен" авиақатынасы ашылып, ортада бірнеше аэропортқа қону жоспарланады. Оның ішінде Жосалы аэропорты да бар. Әуеліде өндіріске  «К-5» маркалы ұшағы қолданылған, одан соң ол «АНТ-9» маркасына  ауыстырылып, жаңартылады. Қиын-қыстау заманда, 1934 жылы оның мақсаты өзгеріп «Мәскеу – Самара – Ақтөбе – Жосалы – Тәшкен» рейсі хат-хабар тасып,  пошта қызметін атқарады. Мұндай әуе қатынасы қыстан басқа мезгілде үздіксіз жұмыс істеп тұрған. Сондай-ақ күнара «Жосалы – Қарсақпай» бағытыменұшырылым жалғасқан. Ал 1936 жылы аталған бағыт кестеге сәйкес күнделікті жүргізілсе, екі жылдан соң жазғы мезгілде «Мәскеу – Пенза – Куйбышев – Ақтөбе – Жосалы – Тәшкен» әуе қатынасы күнделікті ұйымдастырылған.  
Адамзат тарихында Ұлы Отан соғысының елге нендей зардап әкелгені мәлім. Осынау халқымыз армандаған жеңісті жақындатуға адам күшімен қатар, техниканың да жұмылдырылғаны анық. Айта кетейік, аталған аэропорт елдің басына қасірет түскен зобалаңда да керегімізге жарапты. Қару-жарағы сай,  әскер күшімен едәуір басым жау шебіне ойсырата соққы беру – оңай іс емес еді. Дегенмен, Жосалы әуежайының осыбір тар жол тайғақ кешуде маңызды рөл атқарып, көптеген шаруа тындырғанын білеміз. Соның ішінде ең алдымен Орта Азия мен КСРО-ның Еуропалық бөлігін жалғап, әуе қатынасында айтарлықтай орыны болды. Сұрапыл соғыс аяқталған кезеңде де аэропорттың ісі алға баса берді. Әскери мақсатта қызметі бейбіт күнге ұласып, жолаушы тасымалдауға көшті. Соның негізінде «Мәскеу-Тәшкен» авиарейсі қолға алынды.
Әуеліде «Ли-2», 1947 жылдан бастап «Ил-12» ұшағы айшылық алыс жерлерді жақындатып, жолаушы тасыды. Мекеменің қызу жұмыс істегенін 1955 жылғы Мәскеудің "Люберцы" аэропортынан күніге ұшақтардың үш мәрте ұшырылғанынан аңғару қиын емес. Енді оған қоса, екі, үш айда халықаралық «Мәскеу – Кабул» авиарейсі тұрақты қызмет көрсетті. Билет құнының 1949 жылы Мәскеуден Жосалыға дейін 450 сом болғанын ескерсек, сол кездегі Кеңес одағындағы еңбеккерлердің орташа жалақысы 569 сомды құраған.  
Сөз арасында әуежайдың әскери мақсатта да пайдаланылғанын атап өткен едік. Мысалы, 1950-1960 жылдары көктем мен күзде Орынбор жоғары әскери авиациялық училищесінің курсант-ұшқыштары Жосалыда жойқын ұшақтар – «Ил-28», «Миг-15»-терді дүрсін-дүрсін сынақтан өткізіп, оқу-жаттығуларын жасаған. Ал 1955-1956 жылдары Жосалы аэропорты «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасының қалануына орай  «Як-40» ұшағының базасы ретінде қолданылған. Келесібір мәліметке сүйенсек, 1950 жылдары ондаған әскери маман экспедиция құрамында зерттеу жұмысын жүргізсе, 1990 жылдардың басына дейін қайта жолаушы және пошта тасымалымен айналысып, оған «Ан-2» ұшағы жұмылдырылған.  Мұнан соң аэропорт сирек жағдайда ғана қажетке жаратылды. Тоқырау жылдарында "Жосалы аэропорты" деген атпен дүниені сілкінткен әуежай иесіз қаңырап бос қалды.
2010 жылдары бойына қайта қан жүгіріп, жергілікті кәсіпкердің қолдауымен ғимарат толық жөндеуден өтті. Бүгінде мейрамхана ретінде тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуде.
Индия демекші, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетовтің «Сүйем сені, Сыр елі» атты кітабының 39-бетіндегі азатжолда былай деп жазылыпты: «Бір заманда Жосалы әуежайына Джавахарлар Неру, Закир шах секілді мемлекет басшылары келіп қоныпты. Ал, Байқоңырдың қазығын қағып жатқан Мәскеудің маңғалбастары алдымен Жосалыға түсетін...».
Келесі деректі – Сәпен (Сәби) Аңсатов ағамыздың «Мәуелі мерзім» тақырыбындағы «Мейірім суына шомылған» атты атақты дәрігер Тәуен Құлмұратов жайында жазған мақаласынан кезіктірдік. Мұнда да: «...Қармақшының орталығы – Жосалының әуежайы ол кезде Орта Азия бойынша алысқа ұшатын, тіпті өкімет адамдары мінетін ұшақтар қонатын ірі аэродром болатын...» деп атап көрсетіліпті. Ия – тарихи шындықтан ешкім аттап өте алмайды. Туған жеріміздің аспанында реактивті жойқын ұшақтардың талай мәрте ұшырылғаны, тіпті кейде адам шығыны болғаны да расталады.  
– 5-6 жастағы баламыз. Аэропорт өзінше бір қалашық. Арғы жағында ұшақ қонатын үлкен ашық алаңқай. Ол жаққа құс ұшырмайды, аң жорғалатпайды. Біз тек бергі жағынан қайтамыз. Көкте әскери ұшқыштар оқу-жаттығуын жасайды. Қарлығаш сияқты бір-бірін қуалап, неше түрлі көрініс көрсетеді. Алаңқайда биіктігі 50-60 сантиметр көлемінде ұшақтың жолына арнайы жарық шамдары орналасқан. Олар ұшаққа бағдар береді. Түн мезгілінде түзу сызық жарқырап көрікті көрінеді. Әуежайға баратын жолдың екі бетінде сонда жұмыс істейтіндердің тұрғын үйлері салнған. Олардың дені орыстар. Ұшып-қону радиусына кіре алмасақ та, сырттан тамашалағанға төбеміз көкке жетеді. Азанды-кеш ұшақтардың гүрілдеген дыбысы естіліп жатады. Ұшу обьектісінің бағдарын нақтылайтын екі үлкен локатр айналып тұрады. Ауыл  баласына мұның бәрі таңсық әрі қызық, – деп еске алады ардагер-ұстаз Төленді Мырзабаев ағамыз.
 
АҒАЙЫНДЫ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВТЕР


Әрбір мамандықты құрметтейміз. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Бірақ кейбір сирек кездесетін мамандық жайында айтылғанда оған басқаша көзқараспен қаратынымыз өтірік емес. Ауыл үшін жаңалық болып саналатын авиация саласындағы техник немесе механик мамандығы да сол қатарда десек қателеспейміз. Сондай маманның бірі, бәлки бірегейі – Сайлау Төлепбергенов еді. Тың игеру кезінде қазақтың жігіт-қыздары комбайн, трактор тізгінін жүрексіне қолына алғанда, қарапайым қазақ баласы үшін ой-шұқыры беймәлім авиасаланы таңдауының өзі ерлікпен пара-пардай.
Менің қолымда  1961 жылы 23 қаңтар және 10 сәуірде жарық көрген "Советский пилот" газетінің 2 нөмірі. Сарғыш тартқан қағаздың ескіргені сол, бөлініп қала ма деген оймен әрең ұстадым. Үлбіреген газеттің алғы бетіндегі материалға көзіміз түсті. Бірінде – кейіпкеріміздің жеке суреті басылған қысқа хабарлама берілсе, екіншісінде – "Смена Усяткина" тақырыбындағы кең көлемді репортаж назар аудартады. Онда Жосалы аэропорты ұжымының еңбек озаттары дәріптеліпті. Оның ішінде инженер Усяткиннің бригадасында жұмыс істейтін қармақшылық Сайлау Төлепбергеновтің де еңбек екпінділерімен бірге түскен суреті оттай басылды. Арада алпыс жыл... Газеттің осынысына риза болсың да. Әріптері анық, қолмен қойғандай. Басылымның бұл да бір артықшылығы емес пе?
Өткен күндерден сыр шерткен рухани қазына авиатехниктің туған қарындасы Зағира апамыздың сандығында сақталып келіпті. "Ондағы мақсатым – кейін немере-шөбересіне табыс етермін деген ой" дейді ол сөзін әрі қарай жалғастырып.         
– Ағам Сайлау Ізтайұлы – Ақтөбенің ұшқыштар училищесін бітірген өңірдегі алғашқы авиатехник, механиктің бірі. Ол кезде Жосалы аэропортына жұмысқа тұру үшін алдымен Тәшкеннен комиссиядан өту керек. Бауырым да тексерудің сатыларынан мүдірмей өтіп, өзі-туып өскен еліне сұранып келді. Осында аты әйгілі  Жосалы аэропортына қызметке қабылданды. Үстіндегі әсери киімі көз қарықтыратын. Жігіттің төресі дерсіз. Мінезі ашық-жарқын, біреуге көмектесуге даяр еді. Арада біраз уақыт өтті ғой. Ұмытпасам, 1959 жылы жұмыс істеп бастағаннан мекеме Қызылордаға көшірілгенге дейін, яғни 1966 жылға дейін осында еңбек етті. Қалаға шақырғанда: "Туған жерімнен ұзамаймын" деп бармай қалды. Мұнан соң "Қазсельхозтехника" мекемесінде жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеді. Өз ісінің кәнігі шебері болғанын ел жақсы біледі. Бірде "Сарыағаш" санаториясына демалуға барғаны бар. Сонда Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлымен бірге болыпты. Баукең жайында ауызынан тастамай айтып жүретін. Әңгімесін ұйып тыңдайтынбыз. Адамгершілігі, мейірімділігі қандай? Әкем менің бір жасымда дүниеден озыпты. Сол кісінің жоқтығын білдірмеді. Әке орнына әке, аға орнына аға  болып, қамқорын соқты, – дейді қарындасы Зағира Төлепбергенова.  
Апамыздың айтуынша, Сайлау Ізтайұлы 21 жасында үйленген. Зайыбы Кеңескүл Көпешқызымен 7 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген. Бүгінде ерлі-зайыптының ұл-қыздары өсіп-өніп, бір-бір шаңырақтың иесі. Өкінішке орай, Сайлау ағаның  ұрпағының қызығын көрер шағында, небәрі 40 жасында дүниеден өткен.
Айта кетейік, С.Төлепбергеновтің ағасы да осында ұзақ жыл жұмыс істеген.
– Жосалының әуежайы ең ыстық естелік. Қазір адам айтса сенгісіз. Өмір өзгереді, заман алға басады. Бірнеше ұрпақ өкілі ауысты. Бұл да тарихтың қойнауына енген мекеме. Естелік демекші, әкем Шәлтік Төлепбергенов ұшақтарды реттеп отыратын диспечер, одан соң қойма меңгерушісіболды. 1956 жылдан бастап 1964 жылға дейін абыройлы жұмыс істеді. Сондай-ақ қыстақтан Тұраш Сұлтанов, Төлепберген Арыстанбаев деген азаматтар да осында қызмет етті. Аэропорт алыс-жақын шетелге танымал еді. Мәскеуден тікелей қамтамасыз етілді. Өзіне қарасты балабақшасы, клуб үйі, асханасы, дүкені, медбекеті, бала және жұмысшы тасымалдайтын автобусы болатын. Жалақы да жоғары төленді. Аэропорттың ғимараты үш қабатты болса, жоғарысында билет сатылушы еді, – дейді еңбек ардагері Асқарбек Төлепбергенов.
"Өткенді білмеу – ұят, болашақты бағдарламау – қиянат" деген. Тәуелсіз мемлекеттің туы желбіреген Қазақстан бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешуде. Уақытқа, нарыққа бейімделу – басты талап. Жосалы аэропорты да тарихтың бір бөлшегі ретінде жаңарып, жасанып елдің пайдасына асуда.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК      
10 ақпан 2020 ж. 1 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 133

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930