» » ІЗГІЛІК НҰРЫ

ІЗГІЛІК НҰРЫ

Елге елеулі, халыққа қалаулы болған есімнің бірі – Ерімбет Қойшыбаев өңірдегі алғашқы комсомол. Қиын-қыстау еңбек жолынан өткен ұлтжанды азаматты қармақшылықтар жақсы біледі десек, қателеспейміз. Оның есімі«Қарсақбайдағы» жас­тар мектебінің іргесін қалаған қоғам белсендісі, халықты оқу-білімге үндеген ұлағатты ұстаз ретінде етене таныс.
­ТАРИХ ТАСЫ ДӨҢГЕЛЕП
Ол – Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ел үшін аянбай еңбек еткен қоғам қайраткері. Жастайынан ілім-білімге қызық­қан Е.Қойшыбаев Жосалы кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте тарих пәнінен сабақ берсе, кейін білім бөлімінде инспектор, интернат-пансион директоры қызметін атқарған. Интернатқа соғыста қаза тапқан майдангерлердіңбаласын тарта жүріп, олардың білім алуына жағдай жасаған. «Қыз балаға оқудың керегі жоқ» деген ескі көзқарасты да жоққа шығарып, мектеп жасынан асып кеткен талай бұрымдының  білім нәрімен сусындауына ықпал еткен.
Жергілікті халық Қойшыбаевтар отбасын – ұстаздар әулеті деп текке атамайды. Оның өзіндік себебі бар. Жары Күлбәкіш те бүкіл ғұмырын бала тәрбиесі мен біліміне арнаған аяулы ұстаздың бірі еді. Сөздің балын тамызып сөйлегенде бала түгілі, үлкен де елітіп қалатын дейді көзін көргендер. Қазақ баласын ана тілінің ай сәулесіне шомылдыра жүріп, өзі де дүниеге 10 бала әкелді. Ұлтының санын көбейтіп, батыр ана атанды. Ғұмырының 40 жылын ғибраты мол білім саласына арнаумен қатар, өз перзентін де ұстаздық жолға бағыттады.
– Бұл біздің есімізде қалған керемет шақ. Әкем сол кездегі саясатпен жасы асып кеткен, бірақ оқумен қамтылмаған ауыл баласын тізімге алып ел аралап жүреді. Бірде үсті-басы шаң басқан ақ шалбар, ашық жейде киген ажарлы жігіт жиналысқа кіріп келгенде анам: «Осындай жігітім болса. Мәдениетті, оқыған. Ойланбастан күйеуге шығатын едім», – дейді. Ол кезде анамның жасы 14-15-те. Өзі жетім өскен. Аштықта бар жақынын жоғалтқан. Арада жылдар өтеді. №26 мектепте оқып жүрген кезі. Сыныпқа ұстаз кіріп келеді. Бұл сол кездегі қаршадай қыз – анамның бір көргеннен ғашық болған жігіті – біздің болашақ әкеміз екен. Айтса, сенгісіз. Анамыз: «Тілеуімді Алла қабыл еткен шығар» дейтін. Анам мектеп бітірісімен әкеммен бас қосып, жоғары оқу орнын тәмамдайды, – дейді қызы Сәнімкүл Ерімбетқызы.       
БІЛІМНІҢ ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫН
Міне, осындай ерлі-зайыптыдан тараған ұрпақ әке-ана жолын қуып, білім саласында қолтаңбасын қалдырып келеді. Ұл-қыздың барлығы жоғары білім алды. Олардың бірқатары кенттегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде ұстаз. Атап айтқанда, Күләш Ерімбетқызы – жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі. Гүлмира Ерімбетқызы – бастауыш сыныптың тәжірибелі маманы болса, Сәнімкүл Ерімбетқызы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қырық жыл сабақ берген сала үздігі. Шәкірт жүрегіне білім дәнін сепкен ұлағат иесі бүгінде зейнеткерлік демалысында. Оның жұбайы Әлихан Мұғинаддинұлы да білім саласының ардагері. Әліби Қойшыбаев – Ә.Егізбаев атындағы №121 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы болса, зайыбы Ботакөз Кеңесбайқызы – Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде математик-мұғалім. Әулеттің ке­­ліні Света Мәженқызы да сала ардагері. На­­ғашы ата­сының жолын жалғаған Сәбит Әлиханұлы өскелең ұрпаққа саламатты өмір салтын қалыптастыруда. 
ЖАҚСЫ БОЛМАҚ – ҰСТАЗДАН
Айтпақшы, жарасымды жанұяның білім саласындағы жетістігі сүбелі. Мысалы, Ә.Мұғинаддинұлының шәкірті Рашит Нұрекеев Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болса, Оспанов – елімізге сурет өнерімен танылып жүрген сирек талант иесі. Дарынды суретшілердің картинасы әлемнің көптеген елін шарлап үлгірген. Ал Сәнімкүл Қойшыбаева орыс тілі мен әдебиеті пәнінен өткен облыстық мұғалімдер  олимпиадасында жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
– Пединститутты бітіргенде облыстық білім басқармасының басшысы Тұралиев: «Ал балдызым, қаладағы қай мектепке барасың?» десе, мен: «Жосалыға», – деппін ойланбастан. Сол кезде әкем қайтыс болып, анам жеті баламен қалған. Ойым – соларда. Қала мен оның жайлы өмірін ысырып тастап, туған жерімде бала оқытсам дедім. Мүмкіндік бола тұра оны пайдаланбадым.Яғни тағдырымды ауылдан сынап көруге бел байладым. Бір кезде ол: «Мақұл, Жосалы болса, болсын. Онда қай мектепті таңдайсың?» – деді тағы сауал тастап. Ол сұраққа да мүдірместен: «№27 мектеп», – деппін. «Туған жерге туыңды тік» дегендей, алған білімімді туған жерімнің қажетіне жаратсам, көңілі алаң анамның жанына жалау болсам деген ниет қой менікі. Өзім оқыған мектепте алғашқы еңбек жолым басталды. Үйде бір уақытта бес студент оқыды. Кейінгісі мектепте. Қалай болғанда да оларға көмектесуім керек деген мақсат болды, – дейді С.Қойшыбаева.
Оның айтуынша, ұстаз жадында бірінші бітіруші түлектің орны бөлек. «Өйткені өзің де жассың, бала да жас. Баланың қайсысы да – талантты. Бұлақтың көзін ашу ұстазға жүктелген. Көңілге келмесін, кей мұғалім келеді де сабағын бере салады. Менің сабағым – жазу, оқу, толтыру. Кітапта шағын мәтін беріледі. Қалғанын қосымша кітаптан іздейсің. Қазіргідей интернет жоқ. Әрбір кітап, журналды ақтарып, ізденесің. Өзім де соны ұнатамын. Шығармашылықты жақсы көремін. Сабақ беру тәсілін үнемі өзгертемін. Себебі бір сарыннан кім болса да жалығады. Сабақтан тыс уақытта спектакль қоямыз, әдеби кеш өтеміз», – дейді ардагер.
Расымен мұғалімнің басты қасиеті – баланы сүю. Көңілі ақ, ойы таза ұстаз ғана мақсатына жетеді. Ерлі-зайыпты Сәнімкүл Қойшыбаева мен Әлихан Жомартов жасы 70-ке келсе де әлі күнге классик жазушылардың шығармасын оқып, өздерін рухани демеп отырады. 
– Ұстазым, «Ғасыр директоры» Зинабдин Әлімбаевтың есімін мақтанышпен атаймыз. Ол бізге мұғалім балаға шәкірті ретінде емес, дара тұлға ретінде, сондай-ақ оның ата-анасы сияқты қарау керегін, сол секілді баланың сана-сезімін дамытып, ұлттық намысын оятуға баурады. Ол бір демде іске асатын шаруа емес. Ол үшін мұғалімнің рухани жан дүниесі бай болуы тиіс. Басшымыз баланы ешқашан сөкпеңдер дейтін, – дейді Сәнімкүл апай.  
Мұғалімнің шәкірттері Исламбек Айекенов, Бақытбек Асқаров, Айткүл Молдабаева, Болат Жұмабаев, Жарқын Омаров, Мағауия Әлиев, Бақытбек Өтегенов, Әділ Қошалақов, тағы басқасы педагогикалық білім алып, еліміздің бірқатар саласында бағын сынауда. Бірі – білім саласында басшылық қызметте болса, енді бірі – басқа салада абыройлы еңбек етуде.
– 4 сыныптан 10 сыныпқа дейін сабақ берді. Сүйікті ұстазымыз ғой. Кейін оқу бітіріп, апаймен әріптес болдым. Ұжымда сыйлы, шәкіртіне құрметті. Ізденіп жұмыс істейтін. Үйірмелер ашты. Жұмысқа сондай берілген адам,– дейді алғашқы түлегінің бірі, бүгінде аграрлы-техникалық колледжінің директоры Исламбек Айекенов.
«Ұстаздық миссиямды толық өтедім», – дейді Әлихан Жомартов.
 – Балаға сену керек. Ол бос та таза ыдыс секілді. Оның ішін жақсылықпен толтыру –мұғалімнің парызы. Бүгінде әлеуметтік желіде бала санасына да пайдасыз ақпарат өріп жүр. Қазір кітап оқу деген қалды. Табиғатпен сырласу, кең жазира даланы тамашалау, айналаны қызықтау да қалып барады. Үлкен де, кіші де интернетке тәуелді. Осыдан ұрпағымызға қауіп төнеме ме деп қорқамын, – дейді ол.
Түйін
Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» десе, һакім Абай мұны: «Адамның адамгершілігі – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп түйеді. Расында да, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұстаздық мамандық айтулы әулеттің Шолпан жұлдызы іспетті әлі талайдың шамын жағатыны анық.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

10 шілде 2019 ж. 1 023 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031