ЖРВИ: ТАРАЛУЫ, СИМПТОМДАРЫ ЖӘНЕ ҚОРҒАНУ ӘДІСТЕРІ
Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі – ЖРВИ) – ауа-тамшы жолымен берілетін және тыныс алу (респираторлық) жолдарының сілемейлі қабығын зақымдаумен қоса жүретін тұмау, парагрипп, аденовирустар және респираторлықсинцитиалдық вирустар тудыратын жұқпалылығы жоғары аурулардың тобы.
Тұмау – тыныс жолдарының вирустық жұқпалы ауруы. Ол маусымдық сипатта болады және көбіне күз-қыс мезгілдерінде кең таралады. Тұмау адамнан адамға ауа-тамшы арқылы жұғады: жөтелгенде, түшкіргенде немесе науқаспен жақын қарым-қатынаста болғанда. Тұмаудың вирусы тұрақсыз өзгермелі. Әрбір екі-үш жыл сайын ол өзінің қасиетін өзгертіп отырады. 10-12 жыл сайын вирустың жаңа түрлері пайда болып, олар алдыңғы түрлерінен өзгеше болып келеді.
Ауру көзі тек тұмаумен ауырған адам. Негізі тұмау адамға ұсақ түкіріктер немесе сілекей шашыратып жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Тұмаудың вирустары сыртқы ортада бірнеше сағатқа дейін, кейде бір тәулікке таяу сақталады. Адамдардың тұмауды қабылдау қабілеттілігі өте жоғары, ал тұмаумен ауырған адамдар қоршаған орта үшін қауіпті. Тұмау вирусының қауіптілігі организмдегі созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыруы болып табылады. Вирус аурудың ағзасында ауру басталғаннан кейін 3-5 күн сақталады.
Тұмау ауруының алғашқы кезеңі өте жедел басталады. Жасырын инкубация мезгілі бір-екі күнге созылып, адамның дене қызуы жоғарылайды да, басы ауырады. Бір мезгілде адамда әлсіздік, бүкіл денесінде делсалдылық пайда болып, басы айналады, бұлшықеттері ауырады, құлағы шулайды. Өте жиі мұрыннан су ағу байқалады, тамағы қырып жұтқыздырмайды және құрғақ қатты жөтел пайда болады.
Қазіргі таңда ЖРВИ мен сыртқаттанып жатқан адам саны күн сайын өсуде, осыған орай ЖРВИ, тұмау симптомдары анықталған жағдайда балалардың ұйымдасқан ұжымдарға баруын шектеу, міндетті түрде дәрігер шақыру немесе дәрігерге барып көріну, маманның ұсыныстарын бұлжытпай орындау қажет.
Алдын алу шаралары:
1) Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, тұмаумен күресудің жалғыз әлеуметтік және экономикалық нәтижелі алдын алудың шарасы – вакцинопрофилактика. Вакцина егуді күзде бастаған тиімді, себебі тұмау індеті қараша мен сәуір айлары аралығында болады және де екпе алғаннан кейін организмде иммунитет пайда болғанға дейін 14 күннен 1 айға дейін уақыт керек. Вакцинациядан кейін иммунитет бірнеше ай бойы сақталады және вакцинациядан кейін 6 ай өткен соң тиімділігі азая бастайды.
2) Профилактика әдістерінің бірі науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу болып табылады, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну қажет. Ауырған жағдайда балаларыңыз (мектепке дейінгі мекемелерге және мектепке бармау) үйде болғаны абзал.
3) Халық көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да бетперде киюі керек.
4) Науқас үйде болғанда оны оқшаулау керек, бөлмені жиі желдету және барлық беттерді сүртіп, ылғалды жинау жүргізу керек, науқасқа жеке ыдыс бөліп, оны тұрақты түрде өңдеу керек.
5) Тұмау профилактикасының маңызды әдістерінің бірі, әсіресе ауырған кезінде немесе науқасқа күтім жасағанда қолды сабынмен немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдаланып жиі жуу болып табылады.
6) Иммунитетті көтеретін профилактиканың қолжетімді әдістерін де пайдалану туралы ұмытпау керек (пияз, сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптер, қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу, құрамында С витамині бар ашытқан қырыққабат, цитрус өнімдері сияқты өнімдерді қолдану, сондай-ақ белокқа бай өнімдерді қолдану).
Тұмау – елеусіз көрінгенімен, асқыну қаупі жоғары ауру, сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек.
Жадыра КЕНЖЕБАЕВА,
аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері













