» » Көз тиюден қалай сақтанамыз?

Көз тиюден қалай сақтанамыз?

Көз – адам жанының айнасы. Иә, адамның қос жанары әлемдегі тұңғиық терең жаратылыстың бірі. Бар шындықтың айнасы да осы көз. Кей адамның жанарына қарап-ақ оның нендей күй кешіп жүргенін байқауға болады. Бірде бақытты, бірде мұңды болатын сәтін де осы көзден көреміз. Әйтсе де нәзік жаратылыстың кейде назары түсіп дертке ұласатыны бар.

«Көз – жылқыны қазанға, ал адамды қабірге салады» деген ескінің есті сөзін қазақ халқы әуелден-ақ біледі. Отбасындағы берекенің бұзылуы, жаңа туған сәбидің түні бойы тоқтаусыз жылауы, лауазымды қызметтен әп-сәтте айырылу, сап-сау адамның айықпас дертке душар болуының бәрі жай ғана сәйкестік емес. Бұл кезінде көңілде «тіл көз тиді» деген күдіктен шығуы бек мүмкін. Тіпті көз тиюден ада болуы үшін шара іздеп шарқ ұрып жүргендер қаншама? Тіл-көз тию рас па? Бұл адам өміріне қауіпті ме? Одан қалай сақтану керек? Дін не айтады? Толығырақ тарқатсақ.

Тіл-көз тиюге қатысты қазақта ем жасайды. Бала кенеттен сырқаттанып қалса, оған «біреудің сұғы өтті, тіл-көз тиді» деп жатады. Мұндайда емшілер «ащылау әдісін» қолданады. Емшілер балаға тіл-көз тигенде ол құсып, көзі кіртиіп, іші өтіп, денесі қызады деп топшылаған. Олар бұл әдіс арқылы тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесін басып, көз тиюді қайырған.

Сондай-ақ жас баланы көз тиюден емдеуді кейде «үшкіру, түкіру» деп те атайды. Мысалы, жаңа түскен келінге, жас нәрестеге қызыға қараған адамдарды «көзің тиеді» деп ырымдап, еріксіз түкіртіп алады. Оған ол кісі ренжімейді. Өйткені қазақта көзі өткір, көз қарасы жаман адамның көзі тиеді, адамның көзінде сиқырлы күш бар деп сенеді. Түкіртіп алса, көз тимейді деп өзін-өзі жұбатып, қайғырмайды. «Тілім тасқа тисін» деген сөз осыдан қалса керек.

Көз тиеді деген ұғымнан қазақ кенде емес. Көзі өткір адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» дейді. Құранның Қалам сүресінің 51-аятында: «Расында қарсы келгендер, Құранды тыңдаған сәтте, олар көздерімен ішіп-жеп, сені жыға жаздайды» делінген. Құран – барша ғылымның бастау алар көзі десек, онда көз тиюдің жай ғана қазақы ырым емес екенін бағамдай берсеңіз болады. Мұхаммед пайғамбардың «Көз тию – хақ» деген хадисі де бар.  

Құранның 62-аяты, «Жүсіп» сүресінде Жақып пайғамбар балаларына «Мысырға барған кезде барлығың бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек кіріңдер» деген өсиет айтқан екен. Мұны тәпсірлеген ғалымдар «Жақып пайғамбардың балалары көп болған. Сондықтан Мысырға барған кезде балаларымның көптігіне адамдардың көзі мен тілі өтпесін деген ниетпен пайғамбар солай айтқан» деп түсіндіреді. Сондықтан адам тіл-көзден сақ болу үшін Аллаға шүкіршілік айтып, дұғаны тастамағаны абзал.

Ал ғалымдар «кез келген адамның көзі тимейді, мұнда жеке адамның қабілет-мүмкіндігіне қатысты бір құпиясы бар» деген пікірді алға тартады. Ғылыми-зерттеулеріне үңілсек, жан иесінің қос жанарының қызметі мынау ғажап дүниені көріп, тамашалаумен ғана шектелмейтініне, оның әлі де беймәлім қыры мен танылмаған жұмбақ сыры көп екеніне илана түсеміз. Екі жанардың әрқайсысында 120 миллионға жуық талшық орналасқан. Олар негізінен ақ, қара түстерді жеткізсе, ал 7 миллионға жуық колба тәрізді көру клеткалары түрлі-түсті көріністерді қабылдап-ажыратуға қабілетті. Көңіл күйге байланысты сәт сайын өзгеріп тұратын көз түсінен адамның пейіл-ниетін аңғару да қиын емес.

Мамандар әр нәрседен секем алғыш адамдарға көбірек көз тиеді дейді. Бәзбіреулер күнделікті өмірде өзіне басқа бір адамның тесіле қарап тұрғанынан сезіктеніп, одан тарайтын жағымсыз энергияны бірден қабылдайтын болса, ал кейбірі айналасындағылардың сұқ көзіне тіпті назар аудармайды екен. Негізі тамсанып қараудың әсері сондай – көз ұшқыны тіпті бір нәрені де өртеп жіберуге қабілетті. Ежелден бері халық арасында «хас сұлуға, жүйрік тұлпарға, өнерлі жанға көзі бар адам сұқтана қараса көз тиеді» деген пікір қалыптасқан. Мамандар әсіресе әлі иммундық жүйесі мен табиғи биоқуаты толық жетілмеген сәбилер көздің сұғына бірден бой алдыратынын айтады.

Иә, көз тиюден әркім әр қилы жолмен қорғанады. Мысалы, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй немесе ғимараттардың көзге түсіп тұрған жеріне қызыл шүберек байлап, тұз іліп қояды. Түптеп келгенде көз тиюдің төркіні қызыл сөз бен қызғаныш. Мұндай жағдайда көз тию мен сөз, тіл-сұқ тиюдің арасы бір-ақ қадам. Дұрыс, бойыңыздағы қызғаныш деген әзәзілге жол бермей, санаңызда тұншықтырып тастасаңыз, бақытсыздықтың да, түсінбестіктің де алдын алуға болады. Демек, бәрі де өзімізге байланысты.

ТҮЙІН
Бірде жұмысқа жылдам жету үшін таксиге отырдық. Мұндайда әркім айнасының алдына әрдеңені іледі. Көзмоншағы бар, тәспісі бар, тағысын тағы. Бірақ әлгі жүргізушінің «сапар дұғасы» деп жазылған қағазын көріп қуанып кеттім. Себебі көзден де, сөзден де қорғайтын сол – құлшылық, дұға секілді көрінді маған.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 шілде 2024 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 232

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 336

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930