» » Көз тию: сенім мен секем

Көз тию: сенім мен секем


7 ЖАСТА БОЛСАМ КЕРЕК. ӘПКЕМНІҢ 7 СЫНЫПТА ОҚЫП ЖҮРГЕН КЕЗІ. АЯҚ АСТЫ ӨЗІН ЖАЙСЫЗ ҰСТАЙ БАСТАДЫ. МІНЕЗІ ӨЗГЕРДІ. БІР БҰРЫШҚА ҚАРАҒАН КҮЙІ ҚОЗҒАЛМАСТАН ҚАЛАТЫН. КЕШ БАТАРДА КӨЗІНЕ ӘЛДЕНЕЛЕР ЕЛЕСТЕП, ҰЙҚЫСЫЗ ТАҢДАР АТЫРАТЫН. ОҚУЫ КҮРТ НАШАРЛАП, МЕКТЕПТЕ ТҮРЛІ ҚЫЛЫҚ ШЫҒАРА БАСТАДЫ. КЕНЕТ ӘЖЕМ «7 СЫНЫПҚА КӨШКЕНДЕ ӘЛГІ ӘЙЕЛГЕ АПАРУДЫ ЕСТЕН ШЫҒАРЫППЫЗ ҒОЙ» ДЕДІ. СОЛ СӘТТЕ-АҚ ҮЙДЕГІЛЕРДІҢ ОЙЫНА ӨТКЕН ОҚИҒАЛАРДЫҢ КӨРІНІСІ САП ЕТТІ.
90-жылдар. Әдеттегіше анам үй тірлігімен жүр. Түс ауған шақ. Көрші апаның үйге келгені жаңа. Жайбарақат жатқан 3 айлық сәбиді көре сала қолына алады. Алақанында түп-түзу боп аяғымен тұрған балаға әлгі әйел қатты тамсанады. Қайта-қайта «Бұл не деген керемет? Балаларың тегін емес-ау» деп мақтай бастайды. Бірер уақыттан соң көрші де өз жөнімен кетеді. Ал анам сәбиін емізіп, бесікке бөлейді. Арада бірнеше сағат өтсе де бесікте іңгәлаған сәби дауысы естілмейді. Алаңдай бастаған анам жақындай кеп қараса, бала көк-пеңбек болып кеткен. Тыныстамайды. Денесі мұздай. Аһ ұрып әжеме, атама айтып, жылай бастайды. Сол мезетте әкем де келіп, анам екеуі сәбиді шет ауылда тұратын емшінің үйіне апарады. Өйткені арқасында үлкен көк көздің бейнесін байқаған болатын. Құндақталған баланы қолына қыса ұстаған емші бөлмесін тарс жауып, ішке әке-шешесінің кірмеуін сұрайды. Бір сағатқа жуық уақыт өткенде қамшыланған дауыспен қатар баланың да іңгәлай жылаған дауысы естіледі. Алып-ұшқан ерлі-зайыпты ентіге бөлмеге жүгіреді. Есікті аша салып «Бұл енді сендердің емес, қайта тірілткен Алланың баласы. Өте ерекше қыз болады. Бала 7 сыныпқа көшкенде маған әкелуді ұмытпаңдар» дейді. Содан бері арада уақыт зымырай өтті. Бұл оқиға ұмытыла бастап, әпкем де 7 сыныпта оқып жүрді. Қасында қолынан ұстап, ізінен қалмай жүрген мен болған соң ба, барлық тылсымына куә болдым. Жастықпен, сыпырғышпен, жалпы барлық зат біткенмен әңгімелесетін. Кейде менің «тәте қорқытпашы» дегеніме қарамастан итеріп те жіберетін. Сонда қатты күш болса керек, алысқа қарай құлап түсетінмін. Түнде ұйықтар алдында кішкентай адамдар, түрлі құстар үй ішінде жүретін. Әрине бұл әпкемнің айтуынша. Кезбелікке де ұшырап, әкем түні бойы күзетіп шығатын. Бірде әжем 3 айлық кезіндегі көз тиген оқиғасын еске түсіріп, анама қызды емшіге апаруын айтады. Ертеңі-ақ әпкемді жетектей кеткен анам бірер уақыттан соң үйге келді. «Әйтеуір кеш емес екен. Уақытында барыппыз. Емшіге көрсеттім. Барлығы уақытша, шыдам керек» деді. Әлгі түсініксіз құбылыстар тоқтағанымен әпкемде ерекше қасиеттер пайда бола бастады. Не айтса, сол дәл келетін. «Құлайсың» десе, құлайсың. «Жылайсың» десе, жылайсың. Әйтеуір ашуына тимеуге тырысатынбыз. Бойына барлық ауру да жабысып алды. Көз жара шықты, сары аурумен ауырды. Тіпті аппендицит болды. Ауыртпалықтың барлығын бойжеткенше бір өзі-ақ көтерді. Кейде жанымыз ауыратын. Мектепке бара алмай бірнеше ай бойы төсекте жататын. Ал ауылда имам болған атам күні-түні әпкемнің қасында отырып, Құран оқитын, дұғада болатын. Әупірімдеп жүріп мектепті тәмамдады. Жоғары оқу орнын бітірді. Жұмыс істеп, тұрмысқа шықты. Қызығы сол, сәбиі дүниеге келгенде әлгі бойындағы бар қасиет ғайып болды. Оны қазір күліп қана еске алып отырады. Сенгің-ақ келмейді. Бірақ тылсымның бары осындай оқиғалармен байланысып жатыр емес пе?
Қош. Көпшілік ертеден бері көз тию мен сөз тиюге қатысты ырымдарға сеніп келді, әлі күнге дейін сенеді. Жаңа пәтер алса, қара шаңыраққа келін түсірсе, нәресте дүниеге келсе, жаңа көлік алса, тіпті баласы көпшілік ортада өнер көрсетсе де халықтың көзі тиеді деген ниетпен ырымдап, түрлі жорағыларын жасап жатады. Егер қандай да бір ырымын жасамай бала ауырып, не үйінен береке кетсе, көз тиді деген ой түйеді. Шын мәнінде көз тию деген не? Бұл табиғи құбылыс па?
Қазақ ұғымында жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, әдемі қызға тіл-көз тиеді деп есептеген. Бәйгеде озған жүйрік атқа көз тиеді деп сақтанып, елге көрсетпеуге тырысқан. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Бала кенет науқастанып қалса, көз тиді, біреудің сұғы өтті деп жорып, оған ащылау әдісімен ем жасайды. Жас баланы көз тиюден емдеуді кейде үшкіру, түкіру деп те атаған. “Түкіру” көптеген халықтардың магиялық және діни әдет-ғұрыптарында маңызды рөл атқарады. Мысалы, жас келінге, нәрестеге қызыға қараған адамдарды көзің тиеді деп ырымдап, түкіруге мәжбүр еткізеді. Немесе біреуді мақтап жатқан кезде “Тіл – көзім тасқа” деп айтады.

ПСИХОЛОГИЯДА ДӘЛЕЛ БАР

Психологиялық көзқараспен қара­сақ, бірнеше дәлел келтіруге болады. Психологиялық тұрғыда да жаман энергияны таратушы және жаман энергетиканы қабылдап алушы адам болады. Жаман энергетика таратушы көп жағдайда іші тар, біреудің биікке шыққанын көре алмайтын, қызғаншақ, әлжуаз адамдар. Мұндай адамдардың көзі де, тілі де жаман болады. Ол өзінің жанында тұрған адамға автоматты түрде өзінің ішкі энергиясын береді. Ал нәтижесінде жанындағы адамға оның көзі тиіп қандай да бір ауру түріне шалдығуы мүмкін. Психологтардың айтуынша, энергетикасы мықты адам өзіне жаман сөз бен көзді тез қабылдамайды. Егер адам қандай да бір үлкен ортаға барып санасында «көз тию» деген ұғым болса, нәтижесінде ол адамға шын мәнінде көз тиіп ауырып қалады. Мәселен, екі құрбы әңгімелесіп отыр. «Бірі оған сен әдемі болып кетіпсің, шашыңды қалай өсірдің» деп таңғалып, өзінің ойын білдіреді. Келесі күні мақтауды естіген құрбысы ауырып не шашы түсуі мүмкін. Мектеп қабырғасында жүргенде көк көзді сыныптасым қолымдағы сағатқа назары түсіп «мә-ә, күшті екен» деген еді. Сонда сол күні-ақ әлгі сағат қолдан түсіп, шытынап сынғаны бар.

ДІН НЕ ДЕЙДІ?

Діни көзқараста көз тию ұғымы шын мәніде бар. Пайғамбарымыз «Көз тиюдің бар екені ақиқат» деген. Тіпті тіл мен көз адам өліміне дейін әкелуі мүмкін. Хадистің бірінде «Көз тию – ақиқат. Ол түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді» делінген («Кәшфүл хафа», 2: 76). Сол себепті, көз тиген жағдайда немесе көз бен тілдің тиюінің алдын алу үшін дұға-сүре оқып, діни жорағылар жасаудың қажет екенін айтады.
Фатиха, Аятүл-күрси, Кәфирун, Ихлас, Фәлақ, Нас сүрелерін 7 реттен оқып ауру адамға үрлесе, дуаланған, көз тиген және басқа да барлық аурулар үшін жақсы болады. Тұзға оқып, сол тұзды суға ерітіп ішуге де болады. Бір хадис шәрифте: «Фатиха мен Аятүл-күрсиді оқыған адамға сол күні көз тимейді» делінген. (Дәйләми). Әрбір адам, әсіресе көзі тиетін (өтетін) адам бір нәрсені көріп, оны ұнатса “Машаллаһ” деп айтуы керек, айтатын сөзін одан кейін айтуы керек. Бірінші көрген сәтте “Машаллаһ” деп айтса көзі тимейді. Хадис шәрифте «Ұнатқан нәрсені көрген кезде “Машаллаһ лә қууата иллә билләһ” деп айтса ол нәрсеге көз тимейді» деп айтылған (Бәйһақи).

АЛ ҒЫЛЫМ ШЕ?

Life Science журналында "Көз тию: көз айырмай қарау" атты ғылыми зерттеу жұмысы жарияланған. Ғалым­дардың зерттеуінше, ежелгі халықтар көз тию кішкентай қиындықтан бас­тап өлімге дейін себеп болады деп санаған. Көз тиюден тек адамдар ғана емес жануарлар да зардап шегетін көрінеді. Ал кейбір адамдар көз тисе тек өзіне ғана емес, отбасына, одан қалды төрт-түлік малына зардабы тиеді деп сенеді. Бірақ бұған ғылыми дәлел жоқ. Ғалымдар бұл құбылыстың еш негізі жоқ екеніне сенімді.
Армандо де Винченти есімді психотерапевт өзінің ғылыми жұмысында (Committee of Skeptical Inquiry) көз тиюден оған шынайы сенушілер ғана зардап шегетінін жазған. Оның айтуынша, адам көз тиюге сеніп бақытсыздыққа душар болуы мүмкін. Көз тиюдің түп-тамыры тереңде жатыр. Ғалымдар көз тию ежелгі Шумер халықтарында пайда болды деп санайды. Одан кейін көз тию әр дінде кездесе бастаған. Тіпті, бертін келе Шекспир өзінің пьесаларында көз тию туралы айтқан. Танымал фольклоршы Алан Дандес өзінің "Өткір көз: оқиғалар кітабында" былай деп жазған екен: "Есіңізде болсын, көз тию сіз ойлағандай тек антикварларды (сирек кездесетін заттарды сатушы – авт.) қызықтыратын ескіден шыққан наным-сенім емес. Көз тию әлемдегі миллиондаған адамның мінез-құл­қына, жүріс-тұрысына, қала берді өміріне әсер ететін күшті фактор болып қала бермек. Ежелгі қоғамда оған сенушілер көзі өткір деп күдіктенген адамын тірі қалдырмаған".
"Скептик сөздігінде" (The Skeptics Dictionary) көз тию кейбір адамға не себепті қатты әсер ететіне бірнеше тұжырым келтірген. Оның ішінде ең көп таралғаны – кез келген сәтсіздікті көз тиюмен байланыстыру. Өмірінде болған нәрсенің бәрін көз тиюдің кесірінен деп санау. Екінші теория тарихтан бастау алады. Ежелгі заманда адамдар кез келген бейтаныс кісіден күдіктенетін болған. Ал табиғатта бір жануар өзгелерден үстемдігін өткір көзімен көрсететінін ескерсек, бұл құбылыс адамға да таныс екенін түсінуге болады.

ТҮЙІН
Қазіргі сән әлемінің өзінде "көз тию" сенімі ене бастады. Мәселен, актриса Ким Кардашьян "көзі" бар киім, аксесуарларды пайдаланса, Джиджи Хадид EyeLove атты көз тиюден қорғайтын киімдер желісін ашты. Біреуге біреу айтса сенбес, бірақ кей отбасының басынан өткерген көз тию оқиғаларын сараласақ, сенбесіңе болмас.
Айнұр ӘЛИ
25 қаңтар 2022 ж. 771 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 237

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 339

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930