» » Көз бе, сөз бе?

Көз бе, сөз бе?

qarmaqshy-tany.kz КӨЗ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ. ИӘ, АДАМНЫҢ ҚОС ЖАНАРЫ ӘЛЕМДЕГІ ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢ ЖАРАТЫЛЫСТЫҢ БІРІ. ОНЫҢ ТҰҢҒИЫҒЫНА БАТЫП, ТІПТІ АДАСЫП КЕТУГЕ ДЕ БОЛАДЫ. БАР ШЫНДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ ДА ОСЫ КӨЗ. ӘЙТСЕ ДЕ НӘЗІК ЖАРАТЫЛЫСТЫҢ КЕЙДЕ НАЗАРЫ ТҮСІП ДЕРТКЕ ҰЛАСАТЫНЫ БАР.

«Көз – жылқыны қазанға, ал адамды қабірге салады» деген ескінің есті сөзін қазақ халқы әуелден-ақ біледі. Отбасындағы берекенің бұзылуы, жаңа туған сәбидің түні бойы тоқтаусыз жылауы, лауазымды қызметтен әп-сәтте айырылу, сап-сау адамның айықпас дертке душар болуының бәрі жай ғана сәйкестік емес. Бұл кезінде көңілде «тіл-көз тиді» деген күдіктен шығуы бек мүмкін. Тіпті көз тиюден ада болуы үшін шара іздеп шарқ ұрып жүргендер қаншама? Тіл-көз тию рас па? Бұл адам өміріне қауіпті ме? Одан қалай сақтану керек? Дін не айтады? Саралап көрелік.
Тіл-көз тиюге қатысты қазақта ем жасайды. Бала кенеттен сырқаттанып қалса, оған «біреудің сұғы өтті, тіл-көз тиді» деп жатады. Мұндайда емшілер «ащылау әдісін» қолданады. Балаға тіл-көз тигенде ол құсып, көзі кіртиіп, іші өтіп, денесі қызады деп топшылаған. Олар бұл әдіс арқылы тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесінде басып, көз тиюді қайырған.
Сондай-ақ жас баланы көз тиюден емдеуді кейде «үшкіру, түкіру» деп те атайды. Мысалы, жаңа түскен келінге, жас нәрестеге қызыға қараған адамдарды «көзің тиеді» деп ырымдап, еріксіз түкіртіп алады. Оған ол кісі ренжімейді. Өйткені қазақта көзі өткір, көз қарасы жаман адамның көзі тиеді, адамның көзінде сиқырлы күш бар деп сенеді. Түкіртіп алса, көз тимейді деп өзін-өзі жұбатып, қайғырмайды. «Тілім тасқа тисін» деген сөз осыдан қалса керек.
Көз тию жайлы дін не дейді? Көз тиеді деген ұғымнан қазақ кенде емес. Көзі өткір адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» дейді. Құранның Қалам сүресінің 51-аятында: «Расында қарсы келгендер, Құранды тыңдаған сәтте, олар көздерімен ішіп-жеп, сені жыға жаздайды» делінген. Құран – барша ғылымның бастау алар көзі десек, онда көз тиюдің жай ғана қазақы ырым емес екенін бағамдай берсеңіз болады. Мұхаммед пайғамбардың «Көз тию – хақ» деген хадисі де бар.
Құранның 62-аяты, «Жүсіп» сүресінде Жақып пайғамбар балаларына «Мысырға барған кезде барлығың бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек кіріңдер» деген өсиет айтқан екен. Мұны тәпсірлеген ғалымдар «Жақып пайғамбардың балалары көп болған. Сондықтан Мысырға барған кезде балаларымның көптігіне адамдардың көзі мен тілі өтпесін деген ниетпен пайғамбар солай айтқан» деп түсіндіреді. Сондықтан адам тіл-көзден сақ болу үшін Аллаға шүкіршілік айтып, дұға оқуы керек.
Ғылым не айтады? Ғалымдар «кез келген адамның көзі тимейді, мұнда жеке адамның қабілет-мүмкіндігіне қатысты бір құпиясы бар» деген пікірді алға тартады. Ғылыми-зерттеулеріне үңілсек, жан иесінің қос жанарының қызметі мынау ғажап дүниені көріп, тамашалаумен ғана шектелмейтініне, оның әлі де беймәлім қыры мен танылмаған жұмбақ сыры көп екеніне илана түсеміз. Екі жанардың әрқайсысында 120 миллионға жуық талшық орналасқан. Олар негізінен ақ, қара түстерді жеткізсе, ал 7 миллионға жуық колба тәрізді көру клеткалары түрлі-түсті көріністерді қабылдап-ажыратуға қабілетті. Көңіл күйге байланысты сәт сайын өзгеріп тұратын көз түсінен адамның пейіл-ниетін аңғару да қиын емес.
Мамандар әр нәрседен секем алғыш адамдарға көбірек көз тиеді дейді. Бәзбіреулер күнделікті өмірде өзіне басқа бір адамның тесіле қарап тұрғанынан сезіктеніп, одан тарайтын жағымсыз энергияны бірден қабылдайтын болса, ал кейбірі айналасындағылардың сұқ көзіне тіпті назар аудармайды екен. Негізі тамсанып қараудың әсері сондай – көз ұшқыны тіпті бір нәрсені де өртеп жіберуге қабілетті. Ежелден бері халық арасында «хас сұлуға, жүйрік тұлпарға, өнерлі жанға көзі бар адам сұқтана қараса көз тиеді» деген пікір қалыптасқан. Мамандар әсіресе әлі иммундық жүй есі мен табиғи биоқуаты толық жетілмеген сәбилер көздің сұғына бірден бой алдыратынын айтады.
Көз тиюге сенетін халықтар Зерттеушілердің пайымдауынша, көздің өткірлігіне, оның тиетініне, яғни құпия күшінің сиқырлап тастайтынына ежелгі египеттіктер қатты сенген. Олар түрлі көз бояғыш бояу мен далаптар ойлап тауып, соны қолданған. Оны жағып, жақсылық әкелмейтін көздің нұры көз бен ауыздан өтпесін дейді екен. Опа-далаптың шығу тарихы тіл-көзден сақтанудан туған дейді мысырлықтар. Әлемде көздің өткір нұры болатынына Еуразия, АҚШ, Канада, Африка, Түркия, Иран, Үндістан елдерінің халқы иланады. Көз тиюге сену Моңғолияда, Жапонияда, Қытайда сирек кездеседі. Соған қарағанда, көз тиюге байланысты таным, түсінік әрқилы. Оны мына деректен-ақ айқын аңғаруға болады. Эфиопиялықтар ерекше қоғамдық топтағы адамдарға ғана көз тиеді деп ойласа, үндістер адам түгілі, әруаққа, жануарларға да көз тиеді деп есептейді. Гректер шайтанның көзінен сақтанса, орыс жерінде халық ежелден-ақ қыли көздер мен қарашығы төмендеу орналасқан көздерден қауіптенген, жақсы көрмеген. Оңтүстік елдерде көкшіл көзді адамдарды ұнатпаса, солтүстік елдердің халқы қара көзді адамдардан сақтанады.
Кей елдердің халқы жаман көздің сәулесі қызғаныштан түсіп, жолды байлап тастайды деп сенеді. Атақты қолбасшы Александр Македонскийдің «Адам әлемге қарап тұрған кезде, оны құмарлық жеңеді екен. Тек адамды құмға айналдырар өлім ғана, оның көзіндегі күшті, қызғанышты өлім ғана жоя алмақ» деген сөзі біздің заманымызға жетті.
ТҮЙІН Иә, көз тюден әркім әрқилы жолмен қорғанады. Мысалы, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй немесе ғимараттардың көзге түсіп тұрған жеріне қызыл шүберек бай лап, тұз іліп қояды. Түптеп келгенде көз тиюдің төркіні қызыл сөз бен қызғаныш. Мұндай жағдайда көз тию мен сөз, тіл-сұқ тиюдің арасы бір-ақ қадам. Дұрысы, бойыңыздағы қызғаныш деген әзәзілге жол бермей, санаңызда тұншықтырып тастасаңыз, бақытсыздықтың да, түсінбестіктің де алдын алуға болады. Демек, бәрі де өзімізге байланысты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 қараша 2022 ж. 604 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 236

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 339

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930