Жаз айында адам ағзасы қандай дәрумендерді қажет етеді?
Маманның айтуынша, иммунитетті арттырудың әртүрлі факторлары бар. Оның бір жолы - дұрыс тамақтану.
«Біз күнделікті қолданатын тағам сапалы әрі пайдалы болуы керек. Жаз мезгілінде көптеген жеміс-жидектер піседі. Күнделікті тамақ рационына жемістерді, пайдалы ақуыздарды (балық еті, тауық еті т.б), көмірсуларды қосу керек. Көбіне қара бидай сортынан дайындалған нан өнімдерін пайдаланған дұрыс», дейді маман.Дәрігерлердің кеңесі бойынша, күз-қыс мезгілінде көбірек дәрумен ішу керек. Себебі бұл мезгілдерде табиғи өнімдер және жаңа піскен жеміс-жидек қоры аз болады. Ал жаз – көптеген қоректік дәрумені бар жемістер, көкөністер мен жидектерден табиғи дәрумен алатын маусым.
«Жаз мезгілінде адам ағзасына А, С, Е және Д дәрумендері аса қажет. Адамдар көбіне Д дәруменін жазда күннің көзінен аламыз деп қыс айларында ішпейді. Ал, ол дәруменді қыста да, жазда да қабылдап тұру қажет. Себебі жаздың өзінде адамдар оны күн көзінен толық ала алмайды.Сондай-ақ күнделікті өмірде жеп жүрген алманың құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумендер өте көп. Алма құрамының 80 пайызы судан, қалғаны органикалық қышқылдар мен көмірсулардан тұрады. Жаңа піскен алманың пайдасы көбірек болады. Мысалы, адам ағзасында зат алмасу процесі жиілейді: ішектің жұмысын жақсартады, оны токсиндерден тазартады.
С дәрумені – жаздың күні адам ағзасына екі есе қажет болады. Бұл дәрумен ақжелкенде, цитрустарда, қара қарақат және қызыл түсті болгар бұрышында көп кездеседі. Бұл дәрумен жеміс-жидектің қабығында болатындықтан, оны қабығымен бірге тұтынған жөн. (Дәрігердің кеңесінсіз С витаминін дәрі-дәрмек түрінде қабылдауға болмайды. Бақылаусыз қабылдаудың салдары қайғылы болуы мүмкін).
А дәрумені – иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне қажетті маңызды биологиялық қосылыс. Қазіргі таңда компьютерді, смартфондарды көп қолданғандықтан көзімізді, есте сақтау қабілетімізді жақсарту үшін А дәруменін қабылдаған дұрыс. Сондай-ақ А дәруменінің үздіксіз көп мөлшерде қолдану интоксикация, яғни, ағзада ыдырамай жиналып, улы затқа айналуына алып келеді.
Е дәрумені – маңызды антиоксиданттарға бай майда еритін адам ағзасына пайдалы витамин. Бұл дәрумен адамның ми жұмысын жақсарту үшін пайдалы. Сондай-ақ жаз мезгілінде аллергия көп болады. Соның алдын алу үшін Е дәруменін қолданған дұрыс болады», дейді дәрігер.
Сондай-ақ маман ересек адам мен бала ағзасы үшін қажет дәрумендердің түрлерін атап өтті.
«Ересек адамдарға ең қажет дәрумен – кальций. Себебі 25 жастан кейін кальций біздің ағзамыздан тез шыға бастайды. Ал, балалар үшін ең пайдалы витамин – Д дәрумені. Себебі кішкентай баланың ағзасында Д дәрумені болмаса баланың дамуы дұрыс болмайды. Бала анемияға ұшырап, тез ашушаң болады», дейді Г.Маратқызы.Маманның айтуынша, иммунитетті арттыру үшін дәрумендерден бөлек дене шынықтырумен айналысу керек. Мысалы, таң сәріде тұрып, таза ауамен тыныс алып, жаттығу жасау қажет. Сондай-ақ жүзу, жүгіру және басқа да сергітетін спорт түрлерімен шұғылдану адам денсаулығын жақсартатын таптырмас табиғи жол.