» » Бәйге және оның түрлері

Бәйге және оның түрлері

qarmaqshy-tany.kz Бәйге – ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздысы. Жылқы болған жерде бәйге де бар. Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров айтқандай, «жанына халқымыздың жылқы жаққан...» немесе ескіден жеткен есті сөз «Ер қанаты – ат» сияқты тәмсілдерде бағзы заманның сыр-сарыны жатыр.
Қазақ даласын отарлаушылар қазақ пен жылқының рухани-тұрмыстық және жауынгерлік байланысын жақсы білген. Мысалы, Сібір шебінің әскери бастығы генерал-майор Веймарн Сыртқы істер коллегиясына жолдаған құпия баяндамасында: «Қазақты тыныштандырып жуасыту үшін қуат қоры – жылқысынан айыру керек» десе, ХХ ғасырдың басында Зайсан өңірінде қызметте болған казак атаманы Рябушкин: «Қазақ атқа мінсе ерленіп кетеді, ешкімге бағынбайды. Бұларды бағынышты ұстау үшін жылқыдан айыру керек», – депті. Бұл үрдіс 1930 жылдары Қа­зақ­станды басқаруға келген Го­лощекиннің тұсында іске асып, қазақ даласында шұрқырып жатқан 5-6 миллион жалды тұяқтыдан 1940 жылдың басында 1 миллионға жетер-жетпес жылқы қалыпты. Бұлардың 30 пайызын Екінші дү­ниежүзілік соғыс басталғанда зең­бірек сүйретуге майданға аттан­дырған. Осылай қазақтың жылқы түлі­гіне зауал төнген заман да өтті. Бірақ жылқы мен қазақтың рухани-тұрмыстық байланысы әлі үзілген жоқ. Өткен тарихқа көз жіберсек, үлкен ас-тойларда ұзақ қашықтыққа жүйріктер жіберіліп, бәйге дәстүрі үнемі жаңғырып отырған. Мысалы, 1886 жылы Ереймен өңірінде өткен Сағынайдың асындағы бәйгеге 1300 жүйрік қосылған. Бұларды Қызқашқанның етегінен жіберіп, Жыланды өзекті өрлете шаптырып, Қусақ көлін айналдырып ұстаған. Бұл қашықтық шамамен 50 шақырымды құраса, 1897 жылы Торғай өңірінде өткен Бектас байдың асында ат бәйгесіне 400 жүйрік қосылып, оларды Әзірбай қопадан 55 шақырым жердегі Сорбұлақтан жіберген. Төлек Өсердің қара аты бірінші келіп, бәйгесіне 100 жылқы алған. Мұндай 50-55 шақырымдық қашық­тыққа тек қазақы тұқым­дас жылқы ғана шыдас береді. Соңғы жылдары Ұлттық спорт қауымдастығы тарапынан ұйым­дастырылып отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі жоғарыдағы дәстүрді жаңғырту екені сөзсіз. Қа­тарынан үш жыл өткізілген «Ал­тын тұлпар» бәйгесін тек жүй­рік­терді таңдау ғана емес, қа­зақы ат­бегілік өнердің де қайта жаң­ғыруы деп түсінген жөн. Сол сияқты, күнтізбелік кес­теге сәйкес жыл сайын маусым айында Алматы облысы, Жамбыл ауда­нындағы «Көкбастау» атшабарында Президент жүлдесі үшін дәстүрлі бәйге үнемі өткізіліп ке­леді. Оның сыртында ауыл-ай­мақтағы ат бәйгесі қаншама...
Бәйге – біз біле бермейтін этнографиялық мазмұн мен бай дәстүрге ие. Соған да қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік. Бәйге өткен заманда үлкен-кіші ас-тойларда ұйымдастырылып, дау­лы мәселелер туындамас үшін бәйгенің билігі беделді ақса­қалдарға жүктелген. Ас-тойды басқарушы адамды «Кіреші» деп атаған. Ол барлық ат ойындарының (бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б.) әділ өтуіне жауапты болған. Ертеде ат жарысы басталар алдында, басына қызыл орамал байлап, қолдарына бақан ұстаған адамдар жар салып, жүйріктерді бір жерге жинайтын болған. Мұны «Ат шығарушылар» деп атайды. Бәй­геге қосылған жүйріктерді, бәй­ге шабар немесе ат шығар жер­ге дейін аман-есен жеткізуге та­ғайындалған адамды «Ат айдау­шы» дейді. Шауып келген жүйріктерді ұстайтын жерді «Көмбе» деп атаған. Көмбеге жүйрік аттарды тосып алуға ыңғайлы, биіктеу, айналасы толық көрінетін қыратты жер таңдап алынады. Жүйріктер жолға шығар алдында көмбе-төбеде тұрған көпші­ліктің алдынан өтеді. Атақты жүйріктер басқа аттардан бөлек жалғыз-жалғыздан жүреді. Кіреші тағайындаған асаба атақты жүйрік­терді мақтап-мадақтап таныстырады. Қазақы дәстүр бойынша көптің алдынан өткен жүйрікті иесі тіл-көз тиіп кетпеуі үшін кежімдеп (денесін толық жауып) алып өтеді. Көптің алдынан жүйріктер тізіліп өткен тұста атбегілер бәйге аттарының бабын байқап, аяқ алысын аңдап, қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін ой мөлшермен табады. Дәл тапқан адамның атбегілік өнері жоғары бағаланады. Оларды сыншылар деп атайды. Ең соңында көмбеге жауапты адам бұл жолғы ас-тойға қанша жүйрік жиналғанын, сондай-ақ, алыстан ат терлетіп кімдердің келгенін, ат жарыс өтетін қашық­тықты, бәйгеге тігілген сыйлықты жариялап, аттарды айдауға ұлықсат етіп, шабандоз балалардың көзінше көмбенің мәре сызығын белгілеп, оған арнайы қарақшы немесе белгі (басына жалау байлаған ұзын діңгек т.б.) орнатады. Жүйріктер көмбеге топталып жеткен жағдайда ат ұстаушы адамдар жаңылысуы мүмкін. Осындай жағдайды бақылап төрелік айтатын адамды «Кірегі» деп атайды. Ат ұстаушы кірешілер өте адал болуы керек. Жүйрікті дұрыс ұстамаса жан­жал туындап, ру мен тайпа арасына жік түсіп, бүлік туындауы мүмкін. Ұзақ шабыстан көмбеге жеткен жүйріктер шаршап, қарлығып, соңғы күшін сарқып келеді. Осын­дай қарлығып келе жатқан жүй­рікке тың рух беріп, қиқулап, көм­­беден көтеріңкі күймен өтуіне көмектесетін адамдарды «Көтер­мешілер» дейді. Бәйгеден озып келген жүйрікке міндетті түрде жүлде беріледі. Жүлденің түрі көп. Тарихи деректерде тоғыз тайтұяқ алтын, тоғыз күміс жамбы немесе тоғыз түйе, тоғыз құлынды бие, тоғыз мауыты кілем, тоғыз торқалы киім, тоғыз мақпал киім, тоғыз тон, тоғыз шапан, тоғыз торпақ сияқты тоғыз түрлі бұйым берілген. Егер осы бір тоғыздан біреу берілсе «бір тоғыз» немесе тоғыз­дан үшеу берілсе «үш тоғыз» деп атаған. Тіпті бай-дәулетті әулеттер тоғыз тоғызға дейін жүлде-бәйге беретін дәстүр болған.
Қазақ танымында бәйгенің көптеген түрлері бар. Атап айт­қанда: аламан бәйге, үдемелі бәйге, айғыр, тай, құнан, жорға жарыс, тағы басқалары.
Аламан бәйге. Бұл жүйріктің жасына, жынысына қарамай жаппай бәйгеге жіберетін жарыстың түрі. Басқа бәйгелерден ерекшелігі мұнда қатып қалған ереже жоқ. Кей жағдайда кедірлі-бұдырлы, таулы-тасты жерлер де таңдап алынуы мүмкін. Аламан бәйгенің ежелгі қа­лыптасу мақсаты: жауынгерлік жорық кезінде жақсы аттарды таңдап алып, ұзақ жорық-шабысқа іріктеу үшін ұйымдастырылған. Аламан бәйге кезінде ат үстіндегі шабандоз баланың төзімі, тақы­мының мықтылығы да сынға тү­седі. Осы арқылы қазақтар атүс­ті сайысқа мықты жауынгер ұлдар­ды тәрбиелеген. Жалпы «аламан» сөзінің түп төркініне келсек «жорық» ұғымына тән. Ерте дәуірде аламан бәйге күн­дік жерден жіберілетіні жайлы эпостық жырларда айтылады. Ол үшін жүйріктер бір күн бұрын сөреге (бәйге шабарға) қарай айдалып, ша­бандоз балалар айран-шалабын ала баратын болған. Ат айдаушы аламанға шабатын жүйріктерді сөреге түнетеді де, таң сәріден тұрғызып, балалардың сусын-шалабын ішкізеді. Одан кейін аттарды тізіп, түгендеп жарыс жолына шығарады.
Тай жарыс. Бір жастағы жылқы төлінің жарысы. Қашықтығы 6-8 шақырымнан аспайды. Қазақ халқы болашақ тұлпар болар жылқы мен батыр болар баланы тай жарысынан бастап таныған. Көшпенділер дәстүрінде тай жарысы кезінде ең соңынан келген тай мен балаға да сыйлық беретін ұғым бар. Бұл жас баланың көңілін аулайтын жақсы дүние.
Құнан жарыс. Құнан жарыстың қашықтығы 15 шақырымнан аспауы керек. Одан ұзақ болса сүйегі қатып, өкпесі жетілмеген жас жыл­қы бұрлығып, беті қайтып қалады. Құнан жарыс кезінде жыл­қының болашақта қандай дәрежеде бап сүйеді (қоңды, күйлі немесе арық, орташа етті т.б.) соны анықтайды және шабыс ырғағын таниды.
Дөнен жарыс. Дөнен жарыстың қашықтығы 20 шақырымнан аспауы тиіс. Дөнен жылқының жарысы кезінде жүйріктің сүйек сыны айқындалады және еркек жылқы болса алдағы уақытта айғыр немесе жүйрік, болмаса мініс аты бола ма, соны шешеді.
Жорға жарыс. Бұған тек ірі жылқылар қатысады. Жорғалар 8-10 шақырым қашықтыққа жіберіледі. Бұл жарыстың басты ерекшелігі атты шаптырмайды тек жорғалатып жарыстырады. Жорға жарысы көбінде айналып шауып, күллі көрерменнің көз алдында өтеді. Жорға аттың үзеңгісі қысқа болу керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп зақым келіп жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл – төс айыл, орта айыл, шап айыл тартады. Жорғашы тізгінді бір қолмен тең ұстап, нық отырады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
28 қараша 2022 ж. 619 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031