» » Күйеу жігіт кәдесі жайлы не білеміз?

Күйеу жігіт кәдесі жайлы не білеміз?

qarmaqshy-tany.kz Жігіттің үш жұрты болатынын жақсы білеміз. Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Осының алғашқы екеуі жігітке бала ретінде қараса, ал қайын жұрттағы орны тіптен ерекше. Мұнда ол «күйеу бала» саналады.
Қазақта «күйеу жүзден үлкен, жиен мыңнан үлкен» деген сөз бар бар. Бұл сөз не себепті жасы үлкен ата-анаға қарата айтылмаған? Олар да үлкен емес пе? Демек, мұның астарында терең мән-мағына жатыр. Себебі күйеу мен жиен – бөтен елдің (рудың) адамы. Жай ғана «бөтен» емес, өзінің қызын берген, яғни қимас жаныңды өз қолыңмен берген адамың. Жиен болса – сол қызыңнан туған жақының. Екеуі де ерке, еркін. Бұл жандар жамандығыңа емес, жақсылығыңа шын тілектес жанашыр адамдар. Олардың «азаматтығы ұстаса қайын жұртына, балалығы ұстаса нағашысына» жол тартатын жақсы әдеті де бар.
Елге күйеу келсе – ол да бір мереке. Балдыздары жездесімен қалжыңдасып, ойнап-күліп қалады. Бұған жасы үлкендер де араласып, әзіл-қалжыңға жел беріп отырады. Бәрі де жарасымды көңіл көтеретін жағдайда өтеді. Ауылда қанша адам болса да күйеуге сый-сияпат көрсетеді. Жолын береді. Иә, ол төмен отырса да, дәрежесі жоғары тұрады. Қариялардың «бұл қызымызды алған», «жаман болса қызымызды береміз бе?» деп қолпаштай жөнелетін әдеті де жасырын емес. Соған сай күйеу де жақсы атқа лайық болуға тырысады. Осындай сый, баға, құрметпен қарсы алу күйеуге жүзден үлкендік жол берілетін тәмсілінің сыры осыда.
Күйеу жігіттің қайын жұрты алдындағы орны туралы сөз еттік. Ал күйеу қандай болу керек? Оның қайынжұрт алдындағы қандай мін деттері бар? Күйеу жігіт қандай салт-дәстүрмен бетпе-бет келеді? Осы сұрақтардың аясында күйеу балаға арналған салт-дәстүрлер бар, соған тоқталайық.
Қазақта «Күйеу бала – қайын жұртына сүйеу бала» деген қағида бар. Бұл сөз жайдан-жай айтылмаған. Бір жат рудың, жат отбасының қызын алып, шаңыраққа күйеу болып атанғаннан бастап, оның мойнына үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Күйеу киімі Қалыңдығын алуға баратын жас күйеудің киетін киімі. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас келіншектер күйеуді киімінен танып, қарсы алады. Сол себепті күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейтін болған. Яки сөзге қалып, күлкіге ұшырайтын жайттар да кездесіп отырған.
Балдыз көрімдік Бұл күйеу жігітке балдызын көрсетіп, таныстырғанда қыз жеңгесіне беретін күйеудің кәдесі. Бұрындары жігіт ұрын барғанда қалыңдықтың сіңлісімен арнайы танысып, соны таныстырған жанға көрімдік ретінде сыйлық береді екен. Ал қазір бұл кәде аздаған өзгеріске ұшырап қалыңдықтың сіңлілері жездесіне түрлі шарттарды ұсынып, ол отырған бөлменің кілтін сатады. Осы кезде күйеу жігіт балдыздарына сый жасап, көрімдік кәдесін жасайды.
Күйеу қоржын Ең алдымен жігіттің ата-анасы өз үйінде көрші-қолаң, туған-туыстарын шақырып «қоржын шай» береді. Меймандар қоржын тігу, қоржын салу үшін жиналады. Дастарқаннан дәм татқаннан кейін жиналған қыз-қырқын келген негізгі жұмысына кіріседі. Тойға шашу деп әкелген қант-кәмпиттерін, киім-кешегін, орамал-матасын салып қоржынның аузын байлайды. Құдалар жақта қоржын ашатын әйелдің кәдесі деп орамал байлап, бір көйлектік мата салынады. Қоржынның барлық керек-жарағы түгенделіп салынғаннан кейін сыртына түрлі алқа-моншақ, білезік сынды қыз балаларға арналған әшекейлер тігіледі. Қалташаның сыртына тігілген алқа-моншақ, әшекейлер қаншалықты молынан болса, жігіттің туған-туыстары болашақ келіндерінің сұлулығы мен тәрбиесіне соншалықты риза болғандығын білдіреді екен. Қыздың үйіне апарылған бұл қоржынның сыртындағы барлық әшекейлер қоржын сөгуге қатысқан тұрмыс құрмаған қыздарға беріледі. Бұл жұғысты болсын, жақсы жерге келін болсын деген ниетпен орындалатын жоралғы.
Десе де бұл кәде кей аймақтарда «күйеу қалта» атымен жақсы таныс. Қызға құда түсіп (қазірде сырға салу деп те атап жүрміз) немесе тұрмысқа шыққан қыз төркіндетіп келгенде күйеу міндетті түрде қайын жұртына, балдызы мен жеңгелеріне арнап сыйлық ала келеді. Соңғы уақытта мұны ауызекі тілде «қалта қарау» деп айтып жүрміз.
Бұл негізінен күйеу жігіттің балдыздарына арнап әкелетін сыйы. Әйтсе де қазір өзгеріске ұшырап еліміздің әр өңірінде әрқалай орындалып жүргенін көріп жүрміз. Кей аймақта күйеу жігіт қалтасын жеңгелері қарайды.
Жақында ауыл жаққа тойға бардым. Онда жігіттің қалтасын балдыздары да жеңгелері де қарап жүр. Әлгі жерде бір кезде талас-тартыс басталып кетті. Қалтаға ақша сала келген күйеу жігіт біраз абдырап қалды. Сәлден соң үлкендер жағы басу айтты. Осындайда ақыл айтар алдыңғы буын аға- апалардың болғаны қандай жақсы.
Қолұстатар Ұрын келген күйеуге қалыңдығының қолын ұстатқаны үшін қыздың жеңгесіне берілетін кәде. Қалыңдық әкесінің үйінде оң жақта шымылдық құрылған төсекте отырады. Ал екі әйел күйеуді қалыңдығымен жолығуға алып келеді. Олар осы үшін күйеуден күйеу шақыру кәдесін алады. Күйеу жігіт қалыңдығына жеткенше бақан тастар, желі тартар сынды кәделерін береді.
Аяқ жүгірту Күйеу жігіттің қалыңдық жаққа жаяу ат жетектеп келгенде әзілдесіп көңіл көтерген қыз жеңгелеріне беретін кәдесі. Ауылға бір шақырымдай қалғанда күйеу баланы қалдырып, ауылға келген атқосшылардан күйеу келгенін естіген қыздың жеңгелері дәм салынған табақпен алдынан шығып күтіп алған. Күйеудің қасына келген әйелдер ас салынған табақты оған үш рет ұсынып, үш рет кері тартып алғаннан соң, тек төртінші ретте дәм татқызған. Ас-тұз әкеліп, күтіп алғандарына риза болған күйеу әкелген кәдесін әйелдерге таратып беру рәсімін істейді. Қыздың үйіне келгеннен кейін де қымыз құйып беріп отырған әйел қолын жеңіне тығып алып, жігіт ыдысты ала бергенде тартып қалады. Осылайша үш рет қайталайды. Үшінші мәртеде ғана ыдысты ұстатады. Бұл үшін де жігіт «аяқ жүгіртер» кәдесін береді.
Ат байлар Некелесу мен үйлену тойында жылқы малының атқаратын рөлі ерекше. Күйеу жігіт қалыңдығының ауылына тұңғыш барғанда «ат байлар» деп аталатын кәде орындалады. Кезінде ата-бабаларымыз бір ауылдан екінші ауылға бару үшін атты көлік етіп пайдаланған. Қалыңдық ауылына келген күйеу жігіттің атын қалыңдық жеңгелері оны байлағаны үшін күйеу жігіт мата немесе әшекей бұйымдарды берген.
Күйеу баланың атын, жалпы күйеу қайын жұртына келіп-кетіп жүргенде балдыздары, басқа да туыстары аямай мінетін болған. «Күйеу атымен күл тасы» деген содан қалса керек.
Түйін Қазақ дәстүрінде жалпы күйеу жігіт атқаратын дәстүр көп. Бүгін соның біршамасына тоқталдық. Бәрі жақсы салтты қалыптастыратын, сыйластық пен жақындықты тұтастыратын дәстүр. Қазіргі таңда өкінішке орай көбі ұмыт қалып барады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 қараша 2022 ж. 2 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 255

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 355

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930