ҚАНМЕН КЕЛГЕН ҚАСИЕТ
Қазақы дәстүр бойынша ер-азаматтың үш жұрты болады. «Өз жұртың күншіл келеді. Бар болса, көре алмайды. Жоқ болса, бере алмайды. Жақсы болсаң күндейді, жаман болсаң жүндейді. Қайын жұртың міншіл келеді. Қолыңның ұзындығына, жағаңның қызылдығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың. Нағашы жұртың – сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады» деген пайым бар. Дана халқымыз әр жұрттың бітім-болмысына қарап, сипаттама берген. Дей тұра үш жұрт та жанашыр, тілекші...
«Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген мақал бар. Сірә бұл жігіттің бар ізгі қасиетті анасының бойынан алатыны туралы болса керек.
Ұлы тұлғалардың нағашы жұрты жайлы не білеміз?
Абай мен Шәкәрімнің үлкен нағашысы батыр, аузы дуалы би, көк бөріні кие тұтқан – Ер Жәнібек. Шежіре жөнімен таратса, Ер Жәнібектің үлкен нағашысы – атақты қаз дауысты Қазыбек би, өз нағашысы – Сарыүйсін Досымбет (Досымбек) батыр.
Атақты Балуан Шолақтың шешесі Қалампыр үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан әйел болғанмен, ерге бергісіз күші бар қарулы кісі екен. Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы осынау анасына тартқандығынан деседі.
Сол секілді балуан Қажымұқанның туған нағашы атасы Лек балуан ағашты тамырымен жұлып алуға шамасы жеткен атақты балуан болған көрінеді. Үлкен нағашысы Бейсеу де аты мәлім батыр, анасы Кабира да аңызға айналған алып күштің иесі. Міне, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың да дана, ақын, данышпан, балуан болып қалыптасуына нағашы жұртының септігі болғанын аңғару қиын емес.
Тектану туралы
Ал енді тектанудан аз-кем ақпар бере кетейікші. Интеллект әкеден балаға берілмейді. Демек сіз ғұлама болсаңыз, ұлыңызға бұл қасиет мүлде берілмейді. Егер сіз түзелмейтін есалаң болсаңыз, онда ұлыңыз да сондай болады деу қате ұғым. Жоғарыда айтқан интеллект әкесінен тек қызға өтеді. Ал керісінше, жігіт интеллектіні анасынан алады. Анасына әкесінен беріледі. Ғұламаның қызы әкесіндегі ақылдың тура жартысына ие болады, ал оның ұлы ғұлама болып шығады. Егер әкесі ақымақ болса, қызы да жартылай ақымақ деген сөз.
Мұнан ер адам нені аңғарады?
Егер ұлыңыздың ақылын білгіңіз келсе, әйеліңіздің әкесіне қараңыз. Ол академик болса, онда сіздің ұлыңыз да академик болады. Ал қызыңыз ақылыңыздың жартысын алады. Интеллекті бойынша ол сізге жақын. Қызыңыздың ұлы сіздің ақылыңызды бүтіндей алады. Ақылды ұрпақ аңсасаңыз, қызым болсын дегеніңіз абзалырақ. Әрине, қазақы ұғымда ер баланы ұрпағымның жалғасы деп санайтыны анық. Дегенмен сіздің бойыңыздағы ізгі қасиет қызыңызға беріліп, жиеніңіздің дана болып өсуіне сіздің ықпалыңыз болатынын да естен шығармағайсыз.
Ал сіздің бойыңыздағы ақыл кімнен берілген деп ойлайсыз? Әрине, анадан. Нақтырақ айтар болсақ, нағашы атаңыздан.
Әйелдер не түйеді?
Ұлыңыздың ақылы – сіздің әкеңізден. Сол себепті балаға "әкең сияқты топассың" деп ұрысу орынсыз. Қызыңыздың тәрбиесі өзіңізге тартады, ал ақылы әкесінен беріледі. Қыздың ұлы күйеуіңіздің ақылын алады.
ТҮЙІН
Қыз баланың әкеге қамқор болуы, төркінге жанашыр болуы да қанмен келген қасиетке байланысты болса керек. Ертеректе қалыңдықты ата-ананың таңдайтыны да осыдан. Қыздың әкесіне қарап, болашақ ұрпағын ойлаған. Халқымыз «ұлтыңды сақтаймын десең, қыз баланы тәрбиеле» деп тәмсіл қалдыруы да тегін емес!
Ақнұр САҒЫНТАЙ