Елбасымен кездескен Дамир

– 2013 жылы облыс құрамасы болып 30-ға жуық спортшы Нұр-Сұлтан қаласында Елбасымен кездестік. Ол жерде ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген Илья Ильин бастаған, «Әлем, Азияны мойындатқан бірқатар чемпиондар болды. Біз қатардағы әскердей сапта тұрсақ, жаттықтырушылар Президент алдында бізді «Бұл спортшылар Сыр елінің намысын биік ұстаған нағыз жігіттер» деп таныстырып жатты. Ол кісімен жақын жүздеспесек те анадайдан көріп тұрғанның өзі ерекше әсер берді. Шынымды айтсам ауданның атынан барғаннан кейін бе, ел алдында жоғары сезінеді екенсің. Жай теледидардан күніне сан мәрте көргеннен шынайы оның бет-бейнесін, бәйтеректей тұлғасын көру көпке дейін жадымда жүрді. Оның әрбір жігерлі сөзі жалғыз маған емес, барлық спортшыларға үлкен мотивация болды десем артық айтқаным емес, – дейді ол.
Дамир Әбдеков бүгінде ауданның белді спортшысы. Самбо, дзюдо күресінде өнер көрсетіп жүргеніне 14 жыл болған. Осы аралықта спортта жүріп үлкен жетістіктерге жеткен. Алғашқы жарысында облыс жеңімпазы атанып, 2013 жылы Байқоңыр қаласында өткен чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінген. Мұнан соң Алматы қаласындағы Еуразия ойындарына жолдама алған. Қазақстан Республикасының чемпионатында ІІ орын алса, Мәскеудегі Тверь қаласында кубокта жүлделі ІІІ орын иеленген. Одан бөлек 2016 жылы самбо күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы, Түркіменстанда өткен Азия чемпионатында ІІ орын алса, ересектер арасында Қазақстан чемпионатында ІІІ орынды иеленген. Қазіргі таңда аудандағы спорттық клуб үйінде бапкер қызметін атқаруда. Одан тәлім алған шәкірттері аудан жеңімпазы атанып, мерейін үстем етуде.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ