» » Зімбірді зерделегенде

Зімбірді зерделегенде

Аптасына бір келетін демалысты бәріміздің асыға күтетініміз рас. Сол демалыс күндері көптеген шаруамызды да бітіреміз. Сондай бір уақытта қалаға жол түсті. Онда жүргенімде үйден «Имбирь болса ала келесің бе? Ауылдан таппадық» деп қоңырау шалды. Сөзге келместен «иә» дедім. Себебі үлкен қаладан табатыныма сенімді болдым. Алайда, қалада тұратын сіңлім оны табудың оңай емесін, көпшілік ауырып тұтынушылар көбейгенде бағасының 8000-ға дейін көтерілгенін айтты. Сұраныс көп болса, пайдасы да мол болғаны ғой деген ой түйдім. Бұрын естуім болғанымен нақты қандай қасиеті барын, неге пайдалы екенін білмейтінмін. Ақпарат жинақтай келе қазақшасы «зімбір» деп аталатын шөп тамырының көп дертке дауа екенін ұқтым. Өзгенің де қажетіне жарап қалар деген үмітпен ой бөлісуді жөн көрдім.
Зімбірді бірі – емдік шөп, екіншісі – дәмдеуіш, енді бірі – медицинадағы белді компонент ретінде қарастырады. Әмбебап шөп аталған өсімдік ежелгі Қытай мен Үндіс заманынан белгілі. Бұл өңір тұрғындары оны тек тамақ дайындауда қолданылатын дәмдеуіш ретінде ғана емес, түрлі аурумен күресуде тиімді құрал ретнде қолдануға болатынын алғаш анықтаған. Ал әйгілі мұсылман ғалымы Ибн Сина (Авиценна) өзінің кітабында өсімдіктің ғажайып қасиеттерін 1016 жылы көрсетіпті. Сол заманнан бері кең қолданысқа ие зімбір тамырының пайдасы мол. Оның көп дертке тиімді болуы – құрамындағы дәрумен мен қоректік заттардың көптігінде. Онда кальций, алюминий, хром, темір, магний, никотин қышқылы, фосфор, кремний, калий, С витамині бар. Ал емдік қасиетіне келер болсақ, бұл өсімдіктің тиімді тұстарын медицина да мойындаған.
Зімбірді іздегендегі басты себебіміз – бойдағы суықты шығару болатын. Иә, зімбір тамыры жоғары қақырық түсіргіш қасиетке ие, сол себепті тамақтағы ауырсынуды жеңілдетіп, жөтелдің бәсеңдеуіне сеп. Сондай-ақ суық тигенде қолданылса дене температурасын төмендетіп, сергектік сыйлайды. Иммунитетті көтеретін қасиеті респираторлы аурулар кезінде өте тиімді. Сонымен қатар ол ас қорыту жүйесіне де жақсы әсер етеді. Оны тұрақты қолдану асқазан сөлін қалыптастырады. Бұл ас қорытудан, ішке шыққан жарадан зардап шегушілерге пайдалы.
Тағы бір пайдалы тұсы – еш диетасыз артық салмақтан арылуға көмектеседі. Оны жиі қолданғанда ағзаның зат алмасуы жоғары дережеде болады. Тамақтан соң бір стақан зімбір суын ішкен адамдар ұзаққа дейін тойып жүретіндігін көрсеткен. Әйелдер үшін маңызды кезең болып саналатын жүктілікте де зімбір тамырының көмегі мол. Ол токсикоз, бас айналу, әлсіздік секілді жағымсыз симптомдарды төмендете алады. Сонымен қатар бұл өсімдікті бас терісі аурулары мен қайызғақты емдеуде қолдануға болады. Зімбір тамыры адамның бүкіл ағзасына қалай пайдалы болса, қан айналымын жақсартатын болғандықтан шашқа да солай пайдалы.
Зімбір тамырының тиімді тұсы көп болғанымен, шектен тыс қолдануға болмайды. Яғни ескеруге тиісті қарсы көрсетілімдері бар. Мысалы, жүктіліктің соңғы апталары мен емізу кезеңінде тұтыну қауіпті. Асқазан жарасы мен гастрит, жүрек ауруларына шалдыққандарға қолдану тиімсіз. Ал шамадан тыс қолданғанда аллергия, жүрек айнуы болуы мүмкін. Сондықтан зімбірді қолдануға аса сақтықпен қараған жөн.
Ал медицинада зімбірдің көмегімен буын мен бұлшықет, тіпті ісік ауруларының да алдын алуға болады. Ол кейбір дәрілермен өзара әрекеттесіп, тиімділігін арттырса, кейбірімен керісінше берер әсерін тоқтатуы мүмкін. Өзге дәрімен бірге қолданар болсаңыз, міндетті түрде маман кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.
Зімбір өсімдігін тұтастай қолданбайды, оның тек тамырын ғана пайдаланады. Өйткені оның денсаулыққа, аурудың алдын алуға қажетті заттары мен қасиеті дәл тамырында орналасқан. Бүгінде зімбір тамырын дүкен мен дәріханадан табуға болады. Бірақ олар көбінесе құрғақ немесе ұнтақталған түрі. Ал өсімдіктің мұндай түрі оның әсерін айтарлықтай төмендетеді. Сол себепті жас тамыр түрін пайдаланған тиімдірек.
Зімбірдің дәмдеуіштік қасиеті – оның ерекше қыры. Аспаздық салада кеңінен қолданылатын зімбір тамыры хош иіс пен ерекше дәм береді. Ол сорпа, ботқа, жемістен және еттен жасалатын тағам түрлерінде кең қолданысқа ие. Сондай-ақ, ыстық сусын мен тәтті тағамдар, кәмпит пен тоқаштар жасайды. Еуропа мен АҚШ елдерінде зімбір қосылған сыра, квас, ликер секілді өнімдерді көп тұтынады. Тұрғындар оны иммунитет көтеріп, сергектік сыйлайтыны үшін жақсы көреді.
Зімбір тамырының ең танымал әдісінің бірі – одан дайындалған шай. Бұл сусын өсімдіктің барлық пайдалы қасиетін толықтай сақтайды. Дәміне қарай қант, лимон, бал қоссаңыз да болады. Бұл зімбірдің тиімділігін арттырмаса, кемітпейді. Бұл шай суық тию мен тыныс жолдарының инфекциясына, жүйке жүйесінің қалыпқа келтіру үшін пайдалы болмақ.
Зімбір тамырын қолданғанда бірден қолданып бітіре алмайсың. Сол себепті оның барлық дәрумені мен қоректік заттары бойында тұруы үшін дұрыс сақтай білу керек. Жас зімбір тамырын тоңазытқышта бір аптадан артық сақтауға болмайды, оның өзінде зімбірді үлбірге орау қажет. Ал оны күн астында кептіріп, қағаз қапшыққа орап, жертөледе немесе тоңазытқышта сақтаса, бір айға дейін жақсы күйде болады. Ал кептірілген түрі ылғалдан қорғалған құрғақ жерде алты айға дейін тұрады, алайда оны қолданбас бұрын 10 сағатқа салқын суға салып қойған жөн.
Иә, ерекше қасиетке ие зімбір тамырының біршама пайдалы тұсын тізбектедік. Оның мұндай ерекше қасиетін адамзат ертеден білген. Түрлі аурумен тиімді күресетін, пайдалы минерал мен дәруменге бай зімбір тамыры «өмірдің эликсирі» деген атауға ие екенін де көпшілік біле бермесі анық. Бір күндері бағасы шарықтап кеткенімен, бүгінде қалыпты жағдайда. Деннің саулығын назарда ұстап, саламатты өмір сүретін болсаңыз зімбір тамырының сізге берер көмегі мол. Тек орнымен қолдана білсеңіз болғаны.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

04 тамыз 2020 ж. 803 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031