» » "Адалдық" дүкені – ар-ождан мекені

"Адалдық" дүкені – ар-ождан мекені

Кешқұрым уақыт. Бір кезде мектепте оқитын сіңілім келіп:
– Тәте, менің дәптерім мен қаламсабым таусылып қалыпты. Дүкенге барып келейікші, – деді. Екеуміз кешкі уақытқа қарамастан дүкенге шықтық. Жақын маңдағы дүкеннен іздеген затымызды таба алмадық. Ертеңінде жұмыстан келсем, «Іздегенге – сұраған» дегендей, мектептен қажеттісін сатып алғанын айтты. Сонымен қатар, ол жерде сатушының болмағанын да жеткізді. Бұған таңқалған мен, бұл туралы тереңірек білгім келді.
Анықтап білгенімде бұл – «Адалдық» дүкені екен. Мұндай ерекше бастама ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысымен қолға алыныпты. Барлық білім беру ұйымдарында «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары бойынша осындай дүкен ашуға тапсырма берілген. Осының негізінде аудандағы барлық мектепте бүгінде «Адалдық» дүкені жұмыс істеуде. Бұған ауданның бірнеше мектебіне жұмыс барысымен барғанда көз жеткіздім.
Мұндай дүкеннен ұстаздар мен оқушылар өзіне қажетті затты алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, зат сатып алушылар өздеріне қызмет көрсетпек. Сауда орнының басты ерекшелігі де – осы. Барлығы жүз пайыз сенім мен адалдыққа негізделген.
Осы орайда, Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепке жол түскенде «Адалдық» дүкені ерекше көзге түсті. Мұнда оқуға қажетті құралдың барлығы бар. Тіпті, түрлі бейдж бен «Ұлан» галстугі де бұл қатардан табылды. Әрбір заттың үстінде бағалары көрсетілген. Мен бұл дүкенді қызықтап тұрғанымда, екі оқушы келіп, бірі – сурет альбомын, екіншісі – қаламсап алып, теңгесін арнайы жәшікке салып кете барды. Мұнан шәкірттердің бұл дүкен жұмысына бойы үйреніп қалғанын аңғардық.
Мектепте арнайы комиссия құрылып, оның мүшелері дүкен жұмысын бақылайды. Осы ретте, комиссия мүшесі әлеуметтік педагог Гүлнар Сырымбетовамен ерекше дүкен жөнінде әңгіме өрбіткен едік.
– Біздің мектепте бұл дүкен ақпанда ашылды. Оны ашпас бұрын ұстаздарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қайырымдылық ретінде оқуға қажетті құралдар жинақталды. Екі күн сайын кассада жиналған ақшаны алып, қайтадан көтерме қажетті дүниені сатып әкелеміз. Үстіне артық ақша қосылмайды. Осы күнге дейін 5 мәрте кассаны алдық. Оқушылар қызығушылық танытып, «Тағы не әкелесіздер?» деп сұрайды. Тіпті, «Мынадай зат қажет еді?» деген өтінішін де жеткізеді. «Адалдық» дүкенінің басты қызметі – оқушы қауіпсіздігін сақтап, мектептен шықпай, қажетті құралын алуға уақытын үнемдеу, – дейді ол.
Айтулы дүкеннің қызметін қолдану арқылы жастар адалдықты, парасаттылықты бойына сіңіреді. Осылайша, бұл дүкен оқушының әлеуметтік жауапкершілігін шыңдайтын орынға айналуда. Ал, дамыған әлем елдерінде мұндай жобалар бұрыннан қалыптасқан. Ар-ожданның мекеніне арналған «Адалдық» дүкенінің болашақ ұрпақ үшін мықты тәрбие көзі болатынына сенім мол.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


25 ақпан 2020 ж. 2 423 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 351

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 432

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930