» » ​Халықтар достығы – асыл қазына

​Халықтар достығы – асыл қазына

Достық пен Махаббат жолығысып, Махаббат Достыққа қарата: – Саған қарағанда мен сүйіктімін, халыққа қадірлімін. Сенің қажетің қанша? – депті. Достық – Сен кеткен соң, ел-жұрттың көз жасын сүрту үшін қажетпін!
(Мырзагелді Кемел)
БАРМАСАҢ, КӨРМЕСЕҢ..
Шешен ұлтын жас кезімнен білем. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі осы кент атымен аталатын механикалық зауытта қазақ, орыс, шешен, грек және басқа көптеген ұлттар мен ұлыс өкілдерімен қоян-қолтық араласып еңбек еттік. Шешен ұлтының мен білетін бір асыл қасиеті – олардың досқа адалдығы, сертіне беріктігі. Аталған зауытта Губанов Вахидпен жұмыс бабымен сыйластықта болдым. Мен зауытқа жұмысқа орналасқан кезде Вахид аға ауысым шебері (ауысым бастығы) екен. Токарь, слесарь, фрезеровщик мамандықтарын игердім,бастауыш комсомол ұйымына, кәсіподақ комитетіне жетекшілік еттім, сосын 17 түрлі геологиялық бұрғылау жұмыстарының өнімдерін шығаратын 150-дей жұмысшысы бар механикалық цехына бастық болдым. Вахид аға сол баяғы қызметінде жүріп зейнеткерлікке шықты. Кейін марқұм болды. Мұны айтып отырған себебін түсіндірейін.
Немеремді алып Грозный қаласындағы  Ислам медициналық орталығына бару қажеттігі туды. Марқұм Вахидтің ұлы Русланмен байланысып, Грозныйға маңдай тіреп баратын таныс адам керектігін айттым. Руслан әкесімен бірге туысқан апасының қызының ұлы (жиеннен туған жиеншар) (Жосалыда туған) Адам Сүлейманов деген азаматтың телефон нөмірін берді.  Адам қазақша жақсы сөйлейді екен, телефон арқылы байланыстым. Бізді барған кезде күтіп алатын, қонақ үйге орналастыратын болды. Атырау арқылы таксимен Астрахань қаласына, одан ары қарай Грозныйға түнделетіп жеттік. Адам күтіп алып қонақ үйге орналастырды. Ертеңіне машинамен келіп Ислам медициналық орталығына алып барды. 
Ислам медициналық орталығының іші тап-таза, мешітке кіргендей аяқ киімдерімізді  шешіп кіріп, тіркеу орнына паспортымызды көрсеттік те жалпы қабылдау бөлмесіне бардық. Сөйлесіп жағдайды біліскеннен кейін Алла сөзін айтушы – емшіге (богослов-целитель)  жіберді. Кезекте тұрғанымызда бір шешен азаматымен қатар отырдық. Таныстық, Қазақстаннан келгенімізді айттық. Елмен сөйлесу үшін сим карта алып үлгермегенімізді айтып едік ол азамат сөйлесіп алуға телефонын берді және – «Сіздер сонша алыс елден келген екенсіздер қазақтарға біздің ықыласымыз ерекше, мен өз орныма сіздерді жіберейін» – деді.  Біз асығыс емеспіз, өзіңіз кіре беріңіз дедік. Кезектің реті келгенде әлгі кісі емшіге кіріп бірер минуттан кейін қайтып шығып бізді кіргізді. Алла сөзін айтушы-емші (Ухманов Шахсолта): – Мына кісі өзінің кезегін сіздерге берді, қазір жұма намазының уақыты жақындап қалды оған дейін мен бір адамды ғана қабылдап, ем жүргізе аламын. Сіздер Қазақстаннан келген екенсіздер, қазақтар шешен ұлтын жойылып кетуден аман алып қалды. Сідердің жолдарыңыз үлкен, құрметке лайықсыздар, – деді. Ем басталып кетті.
Бір айырықша атап айтарлығы – Ислам медициналық орталығында ем тегін. Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров түрлі алдамшы емші-тәуіптердің, сәуегейлердің, құмалақшылардың  жолын кесу мақсатында, кеселге душар болған кіріптар жандарға Құран сөзімен қуат беру үшін осы орталықты ашқан, орталықтың ашылғанына он жыл толуы жуырда республика көлемінде Рамзан Қадыровтың қатысуымен аталып өтілді.

                                    ЕМДІК ҚАСИЕТІ БАР КИЕЛІ БҰЛАҚ СУЫ
Алла сөзін айтушы-емшілерге келушілердің қарасы қалың. Емшіге келген шешен Ильясов Руслан деген соғыс мүгедегі (бір қолынан айрылған) шешен азаматымен танысып тез шүйіркелесіп кеттік. Ол кісі, таулы аймақта жер астынан шығып жатқан ыстық бұлақ суы бар. Киелі су. Кешегі Кеңес кезінде ол суға келушілер өте көп болған, шатыр тігіп апталап жатып ем алатын. Суға түсу тегін деді. Неліктен тегін етіп қойған деген сұрағыма: – Бір кездерде біреулер иелік етіп ақылы етіп еді, бұлақтың суы тыйылып қалды деді. Сол суға сіздерді алып барайын, соның шипасын көріңіздер, қанша күн жатсаңыздар да менің үйім дайын. Мына немере қызыңыз менің қызыммен бір бөлмеде болады. Өзіңе бір бөлмем дайын. Менің атам Қарағандыда болған, қазақ ұлтының мейірімін көрген, – деп қонақжайлық танытты.
Русланның машинасымен таулы аймақтағы киелі суға бардық. Ер адамдар мен әйел адамдар түсетін бөлек орындары бар, бассейн есебінде жасалған жанында тамақтанатын кафесі бар екенін білдік. Бұл орынның арнайы дәрігерлік бақылауы болмаған соң біз басқа арнайы кабинасы, ваннасы бар, бақылаудағы және басқа процедуралары бар орын керек екендігін айттық.
Содан бізді Ойсхара (Жаңа Грозный) деген қалашықтағы өзіміз қалағандай орынға алып барды. Көрдік, ұнаттық. Арнайы құбырмен келетін шипалы су емін алғаннан кейін массаж жасайтын креслосы бар. Осы жерге Руслан бізді күнде алып келіп, біз ем алып болғанша (шамасы 1,5-2 сағат) күтіп жүреді. Ем біткесін үйіне алып келеді. Ванна қабылдау мен массаж жасату әрқайсысы 100 рубльден. Үйі мен Ойсхараның арасы 20 шақырым. Русланның үйінде төрт күн жаттық. Күнде  шешеннің бір  ұлттық (жижиг галнаш, чепалгаш, хингалш) тағамын дайындап қонақасы беріп, ол тамақ неден және қалай дайындалатынын айтып, түсіндіріп отырады.  Руслан бізді үйіне алып келе жатқанда өзімше ойландым. Ақысыз пұлсыз жатасың, өзім күнде қатынап алып барып, алып келіп тұрамын дейді. Бұл азаматтың бізге істеген қызметінің қайтарымын немен өтеймін? Үйіне кірген бойданқазақта, жаңадан үй салғанда, машина алғанда, тағы басқа қуаныштарда «байғазы» немесе «шашу» береді. «Мынау менің үйіңе берген шашуым»  деп әйелінеақша ұсынып едім, алғыза алмадым.Русланның екі ұлы мен екі қызы бар екен, қызының үлкені тұрмыста, өзі 51 жаста.
Шешенстанның өзім аңғарған артықшылықтары 
Шешенстан екі соғысты бастан кешіргенін, қалаларының тас-талқаны шыққанын, ел-жұрт үй-жайын тастап безіп кеткенін білемін. Төрт күн Русланның үйінде болғанда емге  барып келгеннен кейінгі бос уақытымызда ел-жұртының әлеуметтік тұрмысы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жайлы сөйлестім. Өзімді таңырқатқан  жағдайлар жайлы сұрақтарыма жауап алдым. Қазіргі жаңарған Грозныйды, Курчалой, Майртуп, Ойсхара қалаларын және ауылдарды (ауылды – юрт деп атайды) көріп, олардыңжасампаздықты паш етіп тұрған қалпына қалай жеткенінен хабардар болдым. Ахмат қажы мешітінде жұма намазда болдық. Ахмат қажы ауылының төрт жағынан кіреберісінде арнайы аркалы қақпа орнатылған, автокөлікпен жанынан өттік.  Русланның үйіАхмат Қадыров көшесінің бойында болды.Көрінекті орындарда Владимир Путин мен Ахмат Қадыровтың портреттері.
Тәуліктің қай мезгілінде де ел-жұрттың тыныш, қорқынышсыз жүріп-тұруына, өмір сүруіне жағдай жасалған. Кісі тонау, қарақшылық, ұрып-соғып кету, машина ұрлап алып қашу, транспортпен жасалатын апаттар, одан болатын адам өлімі жоқтың қасы. Қала, ауданаралық автожолдардың оң жақ, сол жақ бойында «Әлхамдулалах», «Ләйиллақа илла Аллах», «Астағфир Аллах», «Субхан Аллах» деген көрнекі жазулар Алланы көлік жүргізушінің есіне салып сақтандырып тұрады. Ресей Федерациясы бойынша Шешенстандағы жағдай қалыпты, ең қауіпсіз аймақ болып саналады. Сауда нүктелерінде, мейрамханалар мен кафелерінде спирттік ішімдіктердің ешбір түрі сатылмайды. Құмар ойындар  мен жасөспірімдердің есін алатын түнгі клубтарға тыйым салынған. 
Қалалары мен аудан орталықтарында, ауылдарында көше тазалығы басты назарда. Үй қожайындары, кафе, дүкен, майда бизнес иелері ауласын, көше бетіндегі аула алдын, тротуарды тазалап айнадай етіп отыру міндеттелеген және бұл талапты орындамау үлкен айып саналады. Тәртіп пен бекітілген ережені бұзғаның үшін көретін шара, алатын жазаң қатаң. Лақтырып тастаған сусын құтылары, түрлі қалдықтарды кездестірмейсің. Көше түгілі, жапан далада желмен ұшып жүрген, шөптің, ағаштың басына ілініп қалған пакеттерді көрмейсің. Бір таңқаларлығы шешендер ауласында ит ұстамайды екен. Өзім осынша күн, түн жүргенде иттің үрген дауысын естімедім. Көшеде бос жүрген мал көрмедім. Шешен ұлты бар материалдық мүмкіндігін тұрғызған үйінің, дуалының, қақпасының әдемілігіне, тіпті архитектуралық әсемдігіне жұмсайды екен. Әрбір аулада міндетті түрде кең аумақты шатыр (навес) көзге түседі. Оның мәнісін сұрағанымда: – Адам бақилық болғанда, мыңдаған халық жиналады, сол көпшіліктің жауыннан, күннен  қорғалуы мен дүниеден өткен пендеге жасалатын ислами рәсімдердіңретімен жасалуына жағдай жасау парыз. Қаралы үйдің қазасын, қайғысын жақын көршілері бірігіп атқарысады, қоштасуға келгендер  көршілер ауласында жайғалады екен.
            Өлікті жер қойнына тапсыру мен құдайы тамақ беру, әр тәйптың (тайпа) өз салты бойынша рәсімдейді. Ғасырлар бойы шешен ұлтында сақталып келген кек қайтару ұстанымы Ел Президенті Рамзан Қадыровтың араласуымен тоқтатылған. Шешен халқының тайпа басшылары мен молда, имамдарының басын қосып, – «Қанға-қан, жанға-жан» ұстанымы шешен ұлтының жойылып кетуіне әкеліп соқтыратынын түсіндірген. Әрбір орын алған бұзақылық пен қылмыс ислам шарттары ескеріле отырып мемлекет заңы бойынша, жазалануға тиіс деген бәтуаға келген. Ия, бәтуаны бұзсаң – бәтуасыз атанасың...
                                            
                                                            ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ ҚАСИЕТІ         
Әңгімемнің басында айтылған бізді күтіп алған шешен азаматы Адам Сүлейманов біз орналасатын қонақ үйдің ақысын (екі тәулікке)  төлеп қойыпты. Алғашқы күндерге қажетті заттарымызды да бізге ақша төлетпей өзі сатып алып жеткізіп берді. Бірнеше рет мейрамханаға алып барып қонақасы берді. (Адамның үйі қаланың сыртында екен) – Қонақ үйде қазақы шай-судың жағдайы бола бермейді ғой, бір бөлмелі пәтер жалдауға мүмкіндік болмас па екен? – деп едік. Сөйтсек Шешенстанда сағаттық, тәуліктік, тіпті апталық мерзімге пәтерді жалға беруге мүлдем тыйым салынған. Мәнісі, жаман жұмыстарды болдырмау. Жаман жұмыс дегенді тарқатып айтпай-ақ қояйын, оқушыларым түсініп отырған шығар деген ойдамын.  
Ем алып жатқан көрші бөлмедегі анасы мен қызы (шешен ұлты, жақын маңдағы ауылдан келген) «сіздер Қазақстаннан келген қонақсыздар» деп бізді үнемі шайға, тамаққа шақырып, өздерінің үйінен алып келген құс еті, жұмыртқа, түрлі ас-дәмдерімен бөлісіп жүрді. Қайтар уақытымызда жоғарыда айтқан Руслан бізді алып кетуге келгенде, көршіміз: – Біз сіздер үшін мейрамханаға қонақасы тамақ тапсырыс беріп қойғанбыз, қазір сол тамақты таксимен алып келеді,– деп тұр. Амал жоқ, қонақасыны қалдырып кетуге болмайды, Русланды біраз уақыттан кейін келерсің деп қайтардық. Көршілердің қонақасы тамағын жеп, рахметімізді айтып, қимай қоштастық.
Хусни есімді Русланның досы келді, отырдық, әңгімелестік. Мен Қармақшыда, Қызылордада өзім білетін азын-аулақ араласқан, таныс болған шешен азаматтармен қарым-қатынасымды, олардың маған жасаған жақсылықтары жайлы айтып отырдым. Сөз арасында Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта» кітабынан ғибратты әңгімелер мен аңыз-әфсаналарды тілім жеткенше (орысша) айтамын. Біраз әңгімеден кейін әлгі Хусни «мен сіздерді Астраханға жеткізіп салудың мүмкіндігін қарастырармын, олай деп отырған себебім, қазір жылдың аяғы, жылдық есебім бар соны тапсырып үлгерсем уәдем орындалады, тек Руслан маған жаныма серік болуы керек» дейді. Жақсы болды, мен ақысын төлеймін десем, – ақы алмаймын, менің досымның құрметті және қымбат қонағы менің де қонағым, мен қызмет етуім керек, –  деп тұр. Гразный мен Астраханның арасы 600 шақырым. Таксимен 6000 рубль, теңгеге шаққанда 36000. Қызы мен ұлдарының жаны қалмай бәйек болып қызмет етіп жүргенінен бөлек Руслан күнде барып келетін жері болса менен рұқсат сұрап барып үйден шығады.
Мына жәйтті де айтқым келеді. Грозныйдың «Минутка» деген жерінен таксиге отырдық. Таксист шешен азаматы, біздің жүзімізге қарап,  – «Казахстан» деді. – Иә, «Қазақстан». «Кызылорда». – Иә, «Қызылорда» дейміз.  – Өтірік айтам, – деп күлімсіреді.  Біз шынымен де Қызылордадан екенімізді айттық. Содан таусылмайтын әңгіме басталып кетті. Сөйтсек оның Малика деген апасы Қызылордада тұрыпты. Бізді Маликамен сөйлестірді. Апасы: «Бакаев деген шешенді танисың ба, Шанхай жақтағы Ильич, Семенков көшелерін білесің бе?» деп сұрап жатыр.  Біраз сөйлестік....
Мақсатты жерімізге жеткесін таксист:  –  Мен кетпеймін. Сіздер мына мекемедегі іздеп келе жатқан адамыңызға жолығыңыз, ол кісі орнында болмаса, мен қажетті жерлеріңе жеткізіп саламын, – деді. Оның әрі қарай қажеттілігі болмады. Рахметімізді айтып қоштастық. 
Елге қайтатын күнгі соңғы шайдан кейін Русланның отбасы мүшелерінің басын қосып, «Көзқарас» деген мысал-әңгіме айтып бердім.
Бір күні бір кісі балтасын жоғалтып алады. Көрші баладан күдіктеніп, артынан бақылай бастайды. Қараса, жігіт шынымен-ақ ұрыға ұқсайды: жүрісі де, қимылы да, жұртқа қарағаны да, бүкіл пішіні де ұрынікіндей.
Біраз күннен кейін ол кісі балтасын отынының астынан тауып алады.
Кейін көрші жігітті тағы көрді. Қараса, мүлде ұрыға ұқсамайды, жүрісі де, қимылы да, көзқарасы да әп-әсем.
Асылы, барлығы қандай көзбен, қандай пиғылмен қарағанға байланысты болса керек…
 Үй қожайыны, сендердің әкелерің Руслан лауазымды қызмет иесі емес,  қарапайым еңбекқор, жаны жайсаң, пейілі ақ, жүрегі кең адам. Мені танымай, білмей осынша қызмет көрсетті. Адамды жақсы, не жек көру көзқарасыңа байланысты.  Ұлым Исатай әлеуметтік желіде, менің азаматтық, күрескерлік ұстанымыма риза болғандығын: – Менің әкем, менің мақтанышым!, деп білдіріп тұрады. Сендер де әкелеріңмен үнемі мақтанып жүріңдер, –дедім.
Шешенстан республикасында ешқандай әдепсіздікке, мәдениетсіздікке жол берілмейді. Бір кездері «Адамды адам етіп тұрған мәдениет» деп жазып едім. Жоғарыда аталып өткен Шешенстандағы өзім көрген, артықшылық деп таныған қасиеттерге шешенстан қалай қол жеткізді. Ғимараттары биік, аула, көшелері таза, дуалдары түзу, адамдары еңселі, жүздері жарқын, рухы биік деңгейге жетуінің себебі, елінің Рамзан Қадыровтай егесі бар. Оның әкесі бұрынғы ел Президенті Ахмат Қадыров бастап, ұлы Рамзан Ахматұлы жалғастырып отырған ұлт тәрбиесінің мықтылығы, тегеурінді тәртібі.
Теледидар көріп отырып байқағаным, орамалсыз, шашын қобыратып, ашық-шашық, кеуде тұсын, балтыр санын жалаңаштап ән айтқан, би билеген өнер адамдарын көрмедім. Ұлттың әдеп нормасына сай келмейтін өнер адамдарына елге кіруге тыйым салынған. Одан өнер кенже қалып жатқан жоқ.
Телеарналар, мәдени ошақтар барлық идеология ұлттық тәрбиеге жұмылдырылған.
Екі соғысты бастан кешірген Шешенстанда шешілуі өте күрделі, сан түрлі түйіндер (проблемалар) болды.  Түйіндерді шауып, кесіп тастаған жоқ. Шапсаң – жіп қысқарады. Бір, мүмкін, бірнеше жерінен кесіледі. Қайтып бірлестіремін десең, қайтадан түйін пайда болады. (Мырзагелді Кемел) Түйіндерді қиналса да асықпай шешкені айдан анық көрініп те, сезіліп те тұр.  Осының барлығы, Адами құндылықтардың алға шығарылғанының нәтижесі. Адами құндылық дегеніміз – ұлттық рух. Рух адам жүрегінен көрініс тауып, одан тараған жылу, махаббат, ар-ұят, мейірім шешен халқының бойында көркем мінез қалыптастырған.Шешенстан Президенті ұлтымен бірге мақтана аларлық тұлға, ұлт рухын қайта түлеткен мемлекет және қоғам қайраткері. Рамзан Қадыров сол үшін – Ресей Федерациясының батыры. 
 
        
                                         ДОСТЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ ҒАСЫРЛАРҒА ЖАЛҒАСҚАН
Депортацияға ұшыраған шешен халқына қазақ халқының ұсынған қайырымды қолы, бөліскен жүрек жылуы, бір сөзбен айтқанда көрсеткен достық сезімдерінің жемісі ғасырларға жалғасқанының куәсі болдым. Ата-бабаларының, «Қазақтар шешен ұлтын жойылудан сақтап қалды, қазақ халқына құрметпен қараңдар» деп айтып кеткен өсиеттерін, аманаттарын іске асырып жүрген шешен ұлтының ұрпақтарына қалай ғана тәнті болмассың!
Он үш күн болғандағы жолыққан, мейірім шапағатын көрген азаматтардың барлығына қоштасарда, елге келгесін де хабарласып, ризалығымды білдіріп, «Сіздердің қызметтеріңіз бір рақметтің ішіне сыймайды, Сіздерге мың сан рақмет» деп жатырмын. Олардың жауаптары: – «Все это мелочи» дейді. Осындай майда-шүйда қызметтер біздің қолымыздан келе қояр ма екен?!
Дініне берік, діліне берік, достық сертіне адал шешен халқының алдында басымды иіп өз ұрпағыма үлгі етемін.
Шешен мемлекеті, шешен ұлтының болашағы үшін шейіт болған марқұмдардың рухына дұға бағыштап жүрмін. Марқұмдардың рухы шат болғай!
Ия, бармасаң, көрмесең білмейсің. Білуге тұрарлық және үлгі аларлық!
Сәби АҢСАТ,              
                        Еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы,
                             «Құрмет» орденінің иегері
13 ақпан 2020 ж. 1 544 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031