Ертең Астанада қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді
26 тамызда сағат 12.00-де Астана қаласы «Дәулет» спорт кешенінде қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Қазақтың ұлттық спорт түрі саналатын қазақ күресіне 10-нан астам мемлекеттен 80-ге жуық балуан қатысады деп күтілуде.
Бүгінде Жапония, Өзбекстан, Тәжікістан мен Моңғолия елдерінің мықты спортшылары чемпионатқа қатысатындығын растады. Сонымен қатар, Иран, Пәкістан, Үндістан елдері де өз балуандарын дайындауда.
«Халықаралық қазақ күресі федерациясының негізгі мақсаты спортшылар мен қызығушылардың басын біріктіру, қазақ күресінің тек біздің елде ғана емес, шетелдерде де дамуына үлес қосу, үздік спорттық жетістіктерге жетуге ықпал ету болып табылады. Бір жылдың ішінде біз халықаралық қазақ күресі чемпионатын өткізіп үлгердік. Оған 40 мемлекеттің спортшылары қатысты. Жуырда ғана Грузия елінің батуми қаласында қазақ күресінен Еуропа чемпионатын ұйымдастырдық. Оған Еуропаның 24 мемлекетінен келді. Алдағы уақытта, яғни 26 тамыз күні Астана қаласында Азия чемпионаты болады», - деді Халықаралық қазақ күресі федерациясының бас хатшы кеңесшісі Ұлан Рысқұл.
Жарыс 9 салмақтық категориядан және абсолюттік салмақта өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдан бері ЮНЕСКО қазақ күресін материалдық емес мәдени мұра қатарына енгізді.
Baq.kz