Қысқы Олимпиаданың ашылуында қос Корея бір тудың астына бірігеді
ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республикасының спортшылары бір тудың астына бірігеді. Бұл туралы екі ел арасында жүріп жатқан дипломатиялық келіссөздер қорытындысында белгілі болды.
Төрткүл дүние көз тігетін доданың ашылу салтанатында екі елдің спортшылары бір тудың астында жүріп өтеді. Ақ түсті байрақта көк түспен Корей аралдарының аумағы кестеленген.
Ақ Олимпиада екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қырғи-қабақ саясаттың сеңін бұзбақ. Екі ел Олимпиадада хоккейден әйелдер арасындағы жарысқа бір команда да шығармақ. Хоккейшілер біріккен жаттығуларын КХДР-дің Масикрен тау-шаңғы аймағында өткізеді.
Олимпиадаға КХДР елінен 150 спортшы келеді. Олар 1 ақпаннан бастап Оңтүстік Кореяда дайындалады. Араға 1 апта сала тілшілер мен қолдаушы жанкүйерлерден құралған 230 адам келеді. Жалпы жарыстағы КХДР делегациясы 550 адам болады.
Ашылу салтанатына КХДР әртістері мен музыка мамандары да қатысады. Олардың ұзын саны 140 адамды құрап отыр. Екі ел біріге мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін танытатын қойылымдар көрсетеді.
Олипиаданың ашылу кезінде екі ел алғаш рет бір тудың астында шыққалы отырған жоқ. 2006 жылы Туринде (Италия) өткен қысқы Олимпиада кезінде де қос Кореяның спортшылары бір тудың астында жүріп өткен еді.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея жеріндегі қысқы Олимпиада ойындарына (9-25 ақпан аралығы) әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорттық сайыс түрі бойынша 98 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Пікір 1