ТЕМІР ТӘРТІППЕН ШЫҢДАЛҒАН ЧЕМПИОН
Спортта жеңіс тұғырына көтерілу үшін күш пен шеберлік қана емес, темірдей тәртіп пен қайсар мінез де қажет. Кейде шешуші сәтте қарсыласты емес, өз бойыңдағы қорқыныш пен қобалжуды жеңу маңызды. Ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарында алтын медаль иеленген Ерасыл Сәулебековтің спорттағы жолы осының айқын дәлелі.
Ерасылдың жаттығу залына алғаш келген күні бапкері Айдар Ералиевтің әлі есінде. Ол кезде болашақ чемпион небәрі алты жаста еді. Ауыр атлетикамен айналысып жүрген ағасына еріп келген баланың бойынан бапкер бірден физикалық әлеуетті байқайды. Осылайша кішкентай спортшының спорттағы ұзақ та жауапты жолы басталды. Он екі жасынан бастап Қазақстан чемпионаттарында өзінен жасы үлкен спортшылармен бәсекеге түсіп, олардан озып шыққан кездері де болды. Бұл оның табиғи қабілетімен қатар, еңбексүйгіштігі мен жеңіске деген ұмтылысын аңғартты.
Спортшының спорттық жолындағы маңызды белестің бірі Мексикада өткен әлем чемпионатымен байланысты. Әлемдік додаға дайындық барысында қаржылық қиындық пен медициналық көмектің жеткіліксіздігі және қажетті дәрумендермен қамтамасыз ету мәселесі кездескен. Соған қарамастан, бапкер мен шәкірт жаттығуды тоқтатпай, дене дайындығымен қатар психологиялық тұрақтылықты нығайтуға күш салды.
Жарыс алдында тағы бір күтпеген жағдай туындады. Жеке себептерге байланысты бапкері шәкіртімен бірге Мексикаға бара алмады. Жас спортшы үшін әлем чемпионатына бапкерсіз қатысу оңай болмағаны анық. Жарыстың жауапкершілігі мен жеңіске деген үміт қобалжуды күшейте түсті.
Сын сағатында оның нағыз спортшыға тән мінезі көрінді. Алғашқы екі мүмкіндігін қобалжудың салдарынан пайдалана алмаған ол үшінші талпынысында өз-өзін қолға алып, шешуші салмақты көтерді. Нәтижесінде әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді. Бұл жеңіс ұзақ дайындық пен табандылықтың, ең бастысы, шешуші сәтте өзіне сенудің нәтижесі еді.
2023 жылы Албанияда өткен әлем чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетті. Жарақат пен дайындықтағы қиындыққа қарамастан, жарыс алаңында өз мүмкіндігін дәлелдеді. Ал 2025 жылғы Азия чемпионаты оның өміріндегі ауыр сынның біріне айналды. Жеке басына түскен қайғылы жағдайға қарамастан, жарысқа қатысып, Азия чемпионы атанды.
Бұл жеңістің орны бөлек еді. Жарысқа туған ауылының жігіттері мен ата-анасы арнайы келіп, спортшыға қолдау көрсетті. Жақындарының жанынан табылуы – оған рухани демеу болғаны сөзсіз. Осындай сәттер спорттағы жетістіктің артында тек жаттығу залындағы еңбек қана емес, өмірлік қиындықтарға қарсы тұра білу де жатқанын аңғартады.
Әлем чемпионының қалыптасу жолында бапкері Айдар ағамыздың еңбегі айрықша. Ол шәкіртінің физикалық дайындығымен қатар, психологиялық жағдайына да назар аударады. Жарақаттан немесе сәтсіздіктен кейін жаттығуға деген ынтасы төмендеген кезде, оған тынығып, ойын сергітуге мүмкіндік береді. Кейде атқа мінгізіп, суға түсуге апарып, күнделікті жаттығудың қысымынан арылтуға тырысады.
Халықаралық аренадағы жетістіктері де осы еңбектің нәтижесін көрсетеді. Ол 2022 жылы Мексикада және 2023 жылы Албанияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс бойынша үш алтын медаль жеңіп алды. 2024 жылы Испанияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Өткен жылғы Азия чемпионатында үш алтын медаль иеленсе, осы жылы Мысырдағы өткен әлем чемпионатында серпе көтеруде 199 келіні бағындырып, алтын медальға қол жеткізді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 356 келі нәтижемен күміс жүлдегер атанды.
– Шәкіртімнің бойынан бала кезінен-ақ спортқа қажетті қабілетті байқадым. Бірақ қабілеттің өзі жеткіліксіз, оны үздіксіз еңбекпен ұштастыру керек. Дайындық барысында дене күшіне ғана емес, психологиялық тұрақтылыққа да мән береміз. Оның ең басты қасиеті – қиындыққа мойымайтындығы. Нағыз қайсар, жауынгер мінезді жігіт деп білемін. Ендігі үлкен мақсатымыз – Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, чемпион атану. Ол үшін әлі де көп еңбек етіп, дайындықты жетілдіре түсуіміз керек, – дейді бапкер.
Ерасыл Аянұлы Қармақшы ауданындағы №121 мектепте білім алып, кейін оқуын Түркістан қаласында жалғастырған. Туған жердегі жаттығу залынан басталған жол оны халықаралық жарыстардың жеңіс тұғырына алып келді. Ендігі межесі – Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғау. Бапкер мен шәкірт 2028 немесе 2032 жылғы Олимпиадаға қатысып, чемпион атануды мақсат етіп отыр.
Алты жасында жаттығу залының табалдырығын аттаған баланың бүгінде әлемдік додаларда ел намысын қорғауы – жүйелі еңбек пен табандылықтың жемісі.
Бауыржан ЖҮНІС

















