БІРЛІК ПЕН БӘСЕКЕ АЛАҢЫ
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын облыстық спартакиада биыл да жоғары деңгейде өтті. Бұл дүбірлі дода – тек спорттық жарыс емес, мемлекеттік қызметшілер арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттайтын маңызды алаң.
Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде өткен спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне өңірдің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Аталған спорттық іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Салтанатты рәсім барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бахтияр Артаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөздерінде олар мемлекеттік қызмет сапасының артуы кәсіби біліктілікпен қатар, қызметкерлердің денсаулығы мен өмір салтына да тікелей байланысты екенін атап өтті.
Төрт күнге жалғасқан тартысты бәсекеде өңірдің қала, аудандарынан келген командалар спорттың бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтады. Спартакиада бағдарламасына спорттың 10 түрі енгізілген. Қатысушылар тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі, волейбол, гір спорты, үстел теннисі, баскетбол, футбол, жүзу және өзге де спорт түрлерінен бақ сынап, өздерінің шеберлігі мен төзімділігін паш етті.
Аталған додада аудан әкімдігінің командасы аудан намысын абыроймен қорғап, команда мүшелері жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Спартакиада аясында жерлестеріміз қазақ күресі жарысында ерекше қайсарлық пен жігер танытып, командалық есепте ІІ орынға ие болды. Бұл нәтиже команданың дайындық деңгейі мен жеңіске деген ұмтылысының айқын көрінісі болды.
Зияткерлік ойдың биік үлгісі саналатын тоғызқұмалақ бәсекесінде де аудан командасы жоғары шеберлік танытып, командалық есепте ІІ орынды жеңіп алды. Терең ойлау мен дәл есептеуді талап ететін ұлттық спорт түрінде қол жеткізілген бұл жетістік қатысушылардың интеллектуалдық әлеуетін көрсетті.
Сонымен қатар шахмат жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте күміс жүлдеге ие болды. Ой мен стратегияға негізделген бұл бәсекеде аудан спортшылары өздерінің тәжірибесі мен шеберлігін дәлелдей білді.
Үстел теннисі жарысында аудан спортшылары тартысты ойын өрнегін көрсетіп, нәтижесінде ІІІ орынға тұрақтады. Бұл – табандылық пен үздіксіз еңбектің жемісі.
Ал жүзу спортында аудан командасы ерекше жетістікке қол жеткізді. Командалық еркін жүзу эстафетасының микс түрінен барлық қарсыласын басып озып, І орынды жеңіп алды. Нәтижесінде жарыстың арнайы кубогы аудан қоржынына түсті.
Спартакиада қорытындысында аудан әкімдігі құрамасы 166,5 ұпаймен 22 команда ішінен 5 орын иеленді. Алдағы бәсекелерде де спортшыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтата береді деген сенім мол.
Иә, біздің команда жарыс барысында бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болып, аудан мерейін тасыта білді. Бұл жетістіктер – бірлік пен ұйымшылдықтың, қажырлы еңбектің және жеңіске деген жігердің нақты нәтижесі деп білеміз.
Бауыржан ЖҮНІС
















