» » ЕЛ СПОРТ САҢЛАҒЫН ЕСКЕ АЛДЫ

ЕЛ СПОРТ САҢЛАҒЫН ЕСКЕ АЛДЫ

15-17 мамыр аралығында аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде аудан әкімінің тапсырмасымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы самбодан республикалық турнир өтті. 2021 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін көрсетіп, жеңіске деген ұмтылыстың жарқын үлгісін танытты.
15 мамыр күні бастау алған турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы, Қызылорда облысының самбо федерациясының президенті Алмат Әбдірахманұлы және Әділбек Үргенішбайұлының туыстары қатысты.
Шара барысында сөз алған Диас Асылбекұлы: «Аға буынның үлгілі жолына негізделген маңызды бәсеке Әділбек ағамызға құрмет көрсету болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың ерекше бағыты деп танимыз. Өйткені осы додаға қарап өскелең ұрпақ тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алары сөзсіз. Бүгінгі турнир қатысушыларына батылдық, сарқылмайтын күш-қуат және жеңіске деген жігерлілік тілеймін» деп спорт сайысында сынға түскен жас спортшыларға тілектестік білдірді.
Содан соң аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, қатысушылар мен көрермендерге жоғары көңіл-күй сыйлады. Турнирдің ашылу салтанатынан кейін бірнеше салмақ дәрежесі бойынша өткізілген әр белдесу жоғары қарқынмен өрбіп, спортшылар өздерінің техникалық шеберлігін, әдіс-тәсілдерді меңгеру деңгейін және тактикалық дайындығын көрсетті.
Екі күнге созылған сайыста ел жастарының жігерін жанып, олардың бойындағы қайсарлық пен табандылықты шыңдайтын белдесу бәсекесінде жеңіс жалауын желбіреткен жерлестеріміз де жоқ емес. 42 және 49 келі салмақ дәрежесінде топқа түсіп, қатарлас қарсыластарына есе жібермеген Дидар Мақсатұлы мен Ерасыл Әлиев бірінші орынды олжаласа, 49 және 64 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрмұхаммед Алтай мен Ерасыл Туркешов және басқаларына екінші орын бұйырды. Өзге де салмақ дәрежелерінде белдескен жерлестеріміз Жарас Бисенбеков, Шерхан Көптілеуов пен Иранбек Таменов, Бақыттөре Зұлқарнаев, Арман Найзабек және Нұрислам Сырлыбаев, тағы басқаларына үшінші орын бұйырды.
Боз кілем үстінде бар күшін салып белдескен бозбалалардың бұл додасында үздіктер анықталып қана қоймай, болашақта ел намысын қорғайтын талантты спортшылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқаны дәлелденді.
Биыл алтыншы мәрте өткізілген бұл турнир болашақта да жалғасын тауып, жеңіске жетуді талап тұтқан талай жастың жолын ашып, Қазақстан спортының дамуына үлес қосары сөзсіз.
Ердәулет ОРЫНБАСАР
19 мамыр 2026 ж. 53 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

№35 (10503)

13 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 126
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 712

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031