Әділбек Серікбавты еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Кеше дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы самбодан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, самбо спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі спорттық додаға еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара бақ сынауда.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы, Қызылорда облысының самбо федерациясының президенті Алмат Әбдірахманұлы және Әділбек Үргенішбайұлының туыстары қатысты.
Шара барысында Диас Асылбекұлы сөз сөйлеп: «Аға буынның үлгілі жолына негізделген маңызды бәсеке Әділбек ағамызға құрмет көрсету болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың ерекше бағыты деп танимыз. Өйткені осы сайысқа қарап өскелең ұрпақ тәлім-тәрбие, үлгі - өнеге алары сөзсіз.
2021 жылдан бастап еске алуға арналған бұл сайыс биыл ауданымызда алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Сондықтан бүгінгі турнир қатысушыларына батылдық, сарқылмайтын күш-қуат және жеңіске деген жігерлік тілеймін»,- деді.
Ашылу салтанатында өнерпаздар патриоттық әндер орындап, жиналған көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар жарыстың алғашқы белдесулері өтіп, жас спортшылар өз шеберліктері мен дайындықтарын көрсетті.
Айта кетейік екі күнге жоспарланған республикалық турнир 17 мамыр күні өз мәресіне жетеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі















