БАПКЕР МЕН ШӘКІРТ ЖЕҢІСІ
Қарағанды қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасында өткен ел чемпионаты өз мәресіне жеткен-ді. Дүбірлі додаға еліміздің 19 өңірінен 527 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеде ауданымыздың тумасы, дарынды спортшы Дінмұхаммед Алтай 79 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, жоғары шеберлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Нәтижесінде ол күміс медаль иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Дінмұхаммедтің спорттағы жолы ерте басталған. Ол небәрі алты жасынан бастап күреске қатысып, алғашқы қадамдарын жасаған. Бүгінде самбодан спорт шебері, тәжірибелі бапкер Қайрат Үсеновтің шәкірті ретінде талай жарыста топ жарып жүр. Жаттықтырушысының жүйелі дайындығы мен спортшының тынымсыз еңбегі өз нәтижесін беріп келеді. Чемпионат барысында Дінмұхаммед бес белдесу өткізіп, қарсыластарына лайықты қарсылық танытқан. Бапкері, «әр кездесу оның техникалық шеберлігі мен тактикалық сауаттылығын айқын көрсетті. Әсіресе жартылай финалдағы тартысты белдесу жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді» дейді ол. Финалда да бар күш-жігерін салған спортшымыз ІІ орынға тұрақтап, күміс жүлдені қанжығасына байлаған. Айта кету керек, былтыр ересектер арасындағы ел біріншілігінде қола жүлдегер атанған болатын. Ал биылғы жетістік – сол табанды еңбектің заңды жалғасы. Бір жыл ішінде шеберлігін шыңдап, нәтижесін жақсартуы – спортшының алға қойған мақсатына адалдығын дәлелдейді. Дінмұхаммед көктемде Арменияның Ереван қаласында өтетін Әлем кубогіне жолдама алып отыр. Бұйырса дайындығын одан әрі шыңдай түспек. Спортшымыздың жарыстағы жеңісі табанды еңбек пен жүйелі дайындықтың жемісі. Аудан спортының мерейін үстем еткен Дінмұхаммед Алтайдың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сеніміміз мол.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

















