Самбодан Қазақстан жеңімпаздары анықталды
17-18 наурыз күндері Қызылорда қаласы «Евразия» спорт кешенінде 1998-1999 жылдары туылған жастар арасында самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Жарыстың салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен ҚР спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының вице-президенті, КСРО спорт шебері Рафик Валиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.Астананың 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің барлық өңірінен және Астана, Алматы қалаларынан 16 команда 350 спортшы қатысып, 20 салмақ дәрежесі бойынша үздіктері анықталды.
Жалпыкомандалық есепте Қызылорда облысының құрама командасы 4 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль иеленіп, 1-орынды жеңіп алды. Екінші орынды – Оңтүстік Қазақстан облысы, үшінші орынды Алматы облысының құрама командалары иеленді.
Жарыстың бас төрешісі Қайрат Досқалиевтің айтуынша, Қазақстан жеңімпаздары мамыр айында Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында өтетін Азия чемпионатына және қазан айында Грузияның Тблиси қаласында болатын Әлем чемпионатына қатысады.
Сондай-ақ, жарыс жеңімпаздары ҚР спорт шебері нормативін орындаса, екінші, үшінші орын алған спортшыларға спорт шеберіне кандидат атағы берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің диплом, медальдарымен марапатталды.