» » "Үздіктердің үздігі"

"Үздіктердің үздігі"

Киелі Қармақшы елі талай балуандарды тәрбиелеген құт мекен. Бүгінде сол спортшыларымыз жер-жерде өткен жарыс додаларында ел намысын қорғап, жеңіс жалауын желбіретіп, ән-ұранын асқақтатуда.
Тұңғыш Президент күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында жылдың ең үздік балуанын анықтау мақсатында өткен қазақ күресінен «Үздіктердің үздігі» турнирінде облыс намысын 5 спортшы қорғаса, нәтижесінде екі балуан биіктен көрініп, соның бірі – жерлесіміз Мақсат Исағабылов І орынға ие болды.
Қазақ күресіндегі рейтинг бо­йынша 8 салмақ дәрежесіндегі жоғары тұр­ған ең күшті балуандар белдессе, Мақсат +100 келі салмақта өнер көр­сетіп, қарсыласының жауырынын жер­ге тигізді. Жарыс соңында салмақ жеңім­пазына «Бас балуан» атағы берілді.
– Жеңіс еңбексіз келмейді. Күні-түн жалықпай жаттығып, жарысқа жауап­тылықпен дайындалуымның арқасында осындай үлкен жетістікке қол жеткізіп отырмын. Маған үнемі демеу болған ата-анама және сенім білдіріп қолдаған Сыр еліне айтар алғысым шексіз, – дейді балуан Мақсат.

Жерлесіміз жеңіс тұғырында
Өткен айда Талдықорған қаласында 23 жасқа дейінгі ерлер және әйелдер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, онда ауданның 5 спортшысы ел намысы үшін күресті.
Чемпионат барысында жерлесіміз Алтай Дінмұхаммед 71 келі салмақ дәрежесінде күресіп, қолаға қол жеткізді. Жаттықтырушы Қайрат Үсеновтің үкілеген шәкірті осылайша байрақты бәсекеде мықтылар арасында суырылып шығып, ел мерейін үстем етті.
Алтай Дінмұхаммед 8 жасынан бастап самбо күресінде шыңдалған. Қазіргі таңда спорттағы жетістіктері жетерлік. Ол самбодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының екі дүркін және дзюдодан ел чемпионы. Одан бөлек жастар арасында қазақ күресінен күміс, қола жүлдегер атанған. Бүгінде алда өтетін Азия, Әлем чемпионатына жолдама алуға дайындық үстінде. Ендеше, жас балуанға сәттілік серік болсын.
Қолдобы мәресіне жетті
Бүгінде ауданда спорттың басқа да түрлері дамып, қолға алынуда. Соның бірі – қолдобы. Қарапайым футболдан ерекшелігі, мұнда аты айтып тұрғандай допты қолмен пастасып, қақпаға дәлдеп лақтыру. 2018 жылдан бері ауданда қарқынды қолға алынған спорттың бұл түрі өз жемісін беруде. Оған дәлел Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасында қолдобынан екінші рет ұйымдастырылған аудан бірінішілігі өз мәресіне жетті.
Жыл басынан бастау алған біріншілікке аудан көлемінен 7 команда қатысып, өнер көрсетті. Жарыстың негізгі мақсаты – ауданда спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ауданда қолдобы ойынын одан әрі дамыту, тұрғындарды дене шынықтыру мен спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, жастар арасында қолдобы ойы­нын шеберлік деңгейіне көтеру және спорт резервін даярлауды қамтамасыз ету.
Төрт тур бойынша өткен аудандық чемпионат ақпан, сәуір, қазан және қараша айында өткізіліп, жарыс қорытындыланды. Нәтижесінде ұпай санымен І орынды ІІІ Интернационал ауылындағы №108 мектеп, ІІ орынды №250 мектеп-лицейі, ІІІ орынды №121 мектеп, IV орынды №105 мектеп-лицейі, V орынды Ақжар ауылындағы №28 мектеп, VI орынды Төретам кентіндегі №85 мектеп, VII орынды Тұрмағамбет ауылының №29 мектебі иеленді.
– Қолдобы – ұжымдық ойын. Сондықтан команда ойыншылары өз қарсыластарынан басымдық танытып, ойын кезінде ойларын жасырын ұстап, тез іс-әрекет жасау арқылы жүзеге асырады. Жалпы ойын үрдісі үш негізден – яғни техника, тактика, стратегиядан тұрады. Енді аудандағы командаларға келсек, құрам қыздардан жасақталған. Олар үлкен топ, 2004-2005 жылғы жасөспірімдер және 2010-2012 жылғы жас буыннан құралған. Соған сай спорт мектептерінен 3 жаттықтырушы жұмыс істеудеміз. Қазір үлкен жарыс­тарға шығып жүрген жайымыз бар. Мәселен облыста өткен чемпионатта ІІІ орын алсақ, «Алтын күз» спартакиадасында ІІ орынды иелендік. Одан бөлек, спортшы қыздарымыз облыстағы «Қайсар КАМ» құрамасы мен Алматы қаласындағы «Іле» құрамасында өнер көрсетуде. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне орай аудандағы денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен кубок өткізгелі отырмыз, – дейді жаттықтырушы Шыңғысхан Шоқанұлы.

Шағын футболдан біріншілік басталды
Өткен аптада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ауданда бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында жастар арасында шағын футболдан біріншілік бас­талды.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, «Қармақшы аудандық футбол федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділ Үсенұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа аудан бойынша барлығы 8 команда қатысып, 80-ге жуық спортшы бақ сынайды. Командалар алғашқы күннен-ақ футзалда бір-бірімен жолығып, ойынның көркін қыздырды. Нәтижесінде №26 мектебін №250 мектеп лицейі 1:11 есебімен ұтса, «Жамағат» командасы «Қорқыт елі» командасынан 3:4 болып есе жіберді. Ал «Ақжар» командасын «Жандос» командасы 3:7 есебімен ұтып алдыңғы қатардан көрінсе, «Тұлпар» командасы №183 мектепті 9:5 ұпаймен басып озды.
Айта кететін жайт спортшылар аптаның әр сенбісінде кездесіп, ойын көрсетеді.
Дайындаған
Ерсін СӘДУҰЛЫ

04 желтоқсан 2021 ж. 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

№85 (10350)

25 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 814

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930