» » Құлашын жайған ҚОЛДОБЫ

Құлашын жайған ҚОЛДОБЫ

Гандбол – олимпиадалық спорт түрі болғандықтан, бұл спорт түрін дамыту өңірлерде дұрыс жолға қойылып келеді. Алдымен осы қолдобы спортының шығу тарихы туралы аз-кем тоқтала кетсек. Бұл спорт түрінің пайда болу уақыты 1898 жыл деп есептеледі, спорт ойынын денешынықтыру мұғалімі Хольгер Нильсен ойлап тапқан гандбол, қазақшаласақ, қолдобы – 7-ге 7 ойыншыдан ойналатын топтық ойын.
Допты қолмен ғана ойнайды. Ойынның басты мақсаты – мүмкіндігінше қарсылас топтың қақпасына көбірек доп лақтыру. Ойын жабық алаңда өтеді, бұл алаң тіктөртбұрыш секілді болып келеді және де бұл алаңның ұзындығы 40 метр, ал ені болса 20 метр. Гандбол добы таза теріден және синтетикалық материалдан жасалады. Ол домалақ және тайғанамайтын, жылтырап тұратын болмау қажет. Гандбол добы әр жастағы балаларға арналған 3 өлшемі бар. Ойын тұңғыш рет 1936 жылы Берлинде өткен олимпиада ойындарының бағдарламасына кірген. 11 ойыншыдан тұратын жарыстар Германия, АҚШ, Аустрия, Швейцария, Румыния секілді 6 команда қатысқан болатын. Гандбол үшін алғашқы олимпиада ойындарының жарысында неміс құрамасы жеңіске жетті. Ал әйелдер арасында гандболдан өткен тұңғыш олимпиада 1976 жылы Монреалда өткен олимпиада ойындарына қосылған еді. Бұл сында Кеңестер Одағының құрама командасы алтын жүлдені жеңіп алды. Олар бұл жеңісін 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиада ойындарында қайталады. Ілгеріде бұл ойынды 11 ойыншымен ойнайтын болса, 1946 жылдан бастап гандбол 7х7 форматы бойынша жаңа ойын ережесімен ойналатын болған.
Ал Қазақстанға гандбол 1992 жылы келді десек болады. ҚР Федерациясы құрылып, 2009-2011 жылдары тұңғыш рет жастар мен ересек қыздар арасында 3 кезеңдік аймақтық, континентальдық финалдық турнирі өткен еді. Содан бері гандбол еліміздің әрбір өңірінде дамып келеді. Біздің ауданда да осы спорт түрінен өңір атын шығарып жүрген спортшылар жетерлік. Айталық, қазіргі таңда ауданның талантты ойыншылары ел чемпионатында көзге түсуде. Мұндай нәтиженің басты себебі – бұл спорт түріне қызығушылық танытқан білікті мамандардың белсенді жұмыстары. Негізі қандай спорт түрі болсын, шын беріліп, жағдай жасалғанда ғана нәтиже болатыны белгілі. Қармақшы ауданының гандбол командасының жарқын қадамдары осы спорт түрін жақсы көріп, жаны ашитын шын берілген басшылық пен өз ісіне берілген білікті бапкерлердің жұмысының нәтижесі арқылы жемісін беруде деуге келетін сияқты. Мәселен, гандбол командасына жетекшілік етіп отырған No16 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Шыңғысхан Алиханның белсенді жұмысының нәтижесінде айтулы мектептің қыздары тамаша жетістіктерге жетіп келеді. Тәжірибесі толыққан жас маманның бұл спорт түріне бар ынтасымен берілгені сонша, команданы әрбір жарысқа өзі бастап апарып, қыздарының ойынға жан-жақты дайындықпен шыңдалуын қадағалап, зор үлесін қосып жүр.
– 2018 жылы гандбол саласына келдім. Ол уақытта бұл салада мен жалғыз жаттықтырушы едім. Команда жинадым. Жарыстарға қатысып бастадық. 2019 жылы облыстық чемпионаттан ІІІ орын, «Алтын күз» спартакиадасынан ІІ орын, 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыстық чемпионаттан ІІ орын алдық. Оқушыларым Ақтоты Амангелдиева, Алтын Сәбитова облыс құрамасына кіріп, бірнеше рет Қазақстан чемпионатына қатысты. Одан кейін Қармақшы құрамасы болып Қазақстан чемпионатына қатысып, IV орынды қанжығаға байладық. Аружан Хамитова есімді спортшымыз облыстық құрамаға, кейіннен Ұлттық құрамаға кіріп, онда Әлем чемпионатына қатысты. Одан бөлек те біршама жарыстан жүлделі оралдық. Жуырда ғана 2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан Еркеназ Найман ІІ орын алып, күміс жүлдегер атанды. Қазіргі таңда менен бөлек төрт жаттықтырушы бар. Алдағы уақытта Қармақшы құрамасы Қазақстанның жоғары, бірінші лигасында ойнап, жеңіс төрінен көрінсе деген ниетіміз бар. Ол үшін еңбектенуден шаршамаймыз, – дейді аға жаттықтырушы Шыңғысхан Шоқанұлы.
Иә, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанның өз ісіне адалдығы, шеберлігі жасап жатқан жұмыстарынан көрінгендей. Қазіргі таңда, аудан гандбол командасының қатары талантты арулармен толыға түскен екен. 100-ден аса аудан арулары осы спортты өздеріне серік етуде. «Қазанға не салсаң, шөмішіңе сол ілінер» демекші, гандболдың дамуы үшін шапқылап жүрген Шыңғысхан сынды жанашыр азаматтың белсенді тірлігі күн санап біліне бастағандай. Нәтижелі жұмысты көрген бөлім басшылары осы саладағы жаттықтырушы санын көбейтіп, жұмыстың жүйелі жүруіне жағдай жасайды.
– Бүгінде бұрымдыларымыздың бұл спорт түріне қызығушылығының артуы бізді қуантады. Себебі қолдобы – нағыз тер төгіп, шеберлікті паш ететін олимпиадалық спорт ойыны. Осы ретте талантты жастардың тасада қалмауына бар жағдай жасалуда. Республикалық, облыстық чемпионаттардан бөлек, аудан көлемінде жылдық жоспарымызға 17 іс-шара енгізілген. Мұның астарында талапты жастардың талантын тану, бұл спорт түріне деген ерекше қолдау бар. Аудандық додаларға барлық ауылды қамтуға тырысамыз. Себебі ауыл – қазақтың күретамыры, алтын бесігі. Ауыл таланттарын аршып шығарып, ұлы додаға даярлап қосу, ел спортының болашағы үшін маңызы зор. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ел ішінде талантты жастар жетерлік. Тек сол көзінде оты бар, сүйікті спортына деген сүйіспеншілігі жоғары, ұл-қыздарды тани білу – бізге міндет, – дейді No16 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Шыңғысхан Алихан.
Расында да, қолдау, көмек болған жерде табыс та, нәтиже де жайлап келе беретіні анық. Бүгінгі күні Қармақшы гандбол командасының алға қойған басты мақсаты – ел біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрамаға өз таланттарының қатарын көптеп қосу арқылы ел чемпионатында қара үзіп алға шығу екені анық байқалады. Ал біз ел ішіндегі таланттарға жол ашып, табысты ойын көрсетуге оқталған гандбол командасының алар асулары әлі алда деп білеміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 ақпан 2024 ж. 870 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031