Қармақшылық «Қазақстан барыстары»
qarmaqshy-tany.kz 2011 жылы елімізде тұңғыш рет қазақ күресін ұлықтау мақсатында Астанада «Қазақстан барысы» республикалық жарысы өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан үздік түйе балуандар қатысты.
Сол жылдан бастап осы уақытқа дейінгі өткізілген дүбірлі жарыста Сыр бойы намысын қорғаған балуандар арасында үш жерлесіміз жеңімпаз белбеуін беліне тақса, оның екеуі біздің қармақшылықтар. Олар – Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исағабылов.
Еламан – қазіргі таңдағы қазақ күресінің айтулы өкілдерінің бірі. «Жас барыс», «Әскер барысы», «Қазақстан барысы» сынды елімізде өткізілетін дүбірлі жарыстардың жеңімпазы.
Ол 1995 жылы Жосалы кентінде дүниеге келіп, Омар Шораяқұлы атындағы орта мектептің 9 сыныбын тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы спорт интернатта білімін жалғастырды.
Бала жасынан әкесінің ағасы және кейіннен жаттықтырушысы болған, ауданымызда самбодан алғашқы спорт шеберлерінің бірі – Дархан Алмахановтың жаттықтыруымен қазақ күресі, самбо, дзюдоның қырсырын терең меңгеріп, алдымен аудандық, облыстық жарыстарда өз салмағы бойынша үздік өнер көрсетсе, кейіннен республикалық жарыс тарда топ жарып, сала бойынша жоғары дәрежелі мамандардың назарына ілінеді.
Дарынды жас балуан өсе келе Аламатыдағы Қазақ туризм және спорт академиясында білімін жетілдіреді. Осы оқу орнында білім алып жүріп, әскерилердің орталық спорт клубының намысын қорғайды.
«Еңбек еткенге ет бітеді» дейді дана қазақ. Еламан үлкен еңбектің нәтижесінде көптеген жетістікке қол жеткізген балуан. Ол өз салмақ дәрежесінде бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанса, республикалық «Жас барыс» жарысында І орынды жеңіп алады. Жылдар өте дзюдодан Еуропа чемпионы, сонымен қатар Азия біріншілігінде де топ жарып, жеңімпаздар шыңынан орын алады. Сонымен қатар ол 2016 жылы дүниежүзілік көшпенділер ойынында да үлкен жетістікке қол жеткізген спортшы. Яғни қазақ күресі бойынша өз салмағында І орын иегері атанса, араға жыл салып, еліміз бойынша ең айтулы спорттық жарыстың бірі – «Қазақстан барысы» республикалық жарысында айды аспанға шығарып, жеңімпазы атанады. Қазіргі таңда жерлесіміз ұлттық құрама сапында есімі елге танымал жаттықтырушы Кален Қалиұлының баптауымен жоғары деңгейлі жарыстарға дайындалуда.
– Әр қазақтың баласы батыр, балуан болуға лайықты. Туыстарымнан балуандық қасиет дарыды деп айта алмаймын. Дегенмен, күрестегі алғашқы бапкерім, әкемнің ағасы Дархан көкем болды. Сол кісі мені 4 сыныпта оқып жүргенімде күрес секциясына ертіп апарып, өзі спорттың осы түріне баулыды. Күрестің алғашқы әліппесін үйретті десем де болады. Тіпті мені «Қазақстан барысы» жарысына көкем өзі баптады. Әрі ұстазым, әрі әкемнің тынбай жаттықтыруының арқасында осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрмін. Жетістіктеріме келсек, 2011 жылы «Жас барысты» ұтқан соң ендігі кезекте «Қазақстан барысын» ұтуды алдыма мақсат етіп қойдым. Әрине осындай дүбірлі жарыста оза шауып, жеңімпаз атану әрбір балуанның арманы. Үлкен дайындықтың нәтижесінде мен де менің алдымда қол жеткізген балуандардай «Қазақстан Барысы» атандым. Сол кездегі қуанышымды сіздерге айтып жеткізе алмаспын. Иә, менің жеңісті күндерім көп болды. Одан кейін де көптеген байрақты жарыстардың жоғары көшінен көріндім. Әлі де көріне беретініме сенемін, – дейді Еламан.
Мақсат Исағабылов – қармақ шылықтар арасында екінші болып «Қазақстан Барысы» чемпиондық белбеуін беліне таққан даңқты балуан.
Ол 1994 жылы Жосалы кентінде дүниеге келіп, кент орталығындағы Сүлеймен Есқараев атындағы №27 орта мектепте білім алған. Бала жасынан спорттың қазақ күресін таңдап, есімі аймаққа танымал қазақ күресінің маманы Болат Кенеевтің жаттықтырумен өмірін спорттың осы түрімен байланыстырады.
Дарынды жас жылдар өте аудандық, облыстық жарыстардың көш басынан көрініп, кейіннен қазақ күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевтың қарамағына өтіп, өз салмағында аймақта үздік атанады. Республикалық жарыстарда топ жарып, жыл сайын өткізілетін КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы самбодан өткізілетін халықаралық мемориалда қарсыластарының жауырынын жер қаптырып, бірнеше рет жарыс жеңімпазы, түйе балуан атанады. Ал, халықаралық жарыстар бойынша жетістігіне тоқталсақ, ол самбо және қазақ күресінен Азия чемпионы, қазақ күресінен «Әлем барысы» жарысының күміс жүлдегері. Сонымен қатар, 2017 жылы республикалық «Қазақстан барысы» жарысының жеңімпазы атағына ие болды. Мақсат бірнеше рет түрлі жарыстарда түйе балуан атанып, мерейі тасыды.
– Әрбір қазақ баласына арман болғандай мен де бала кезден балуан болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Мұнымды атаанам қолдады. Әсіресе, әкем бұл ойыма қатты қуанды. Маған сенетінін, биік белестерді бағындыратынымды айтып, ақылкеңесін берді. Әсіресе «Қазақстан Барысы» жарысында жеңімпаз болып елге оралғанда жеңіп алған белбеуімді қолына әкеліп тапсырғанда қалай қуанғанын айтып жеткізе алмаймын. Тек оның маңдайымнан иіскеп, сүйгені мені көкке жеткізгендей болған еді. Көзінен жас алып тұрып, «Балам мен саған сендім, сен де сертіңде тұрдың» дегенде оның көзінен тамған жасын көріп, шыдай алмай құшақтап басу айтқаным әлі есімде. Әрине, мен әлі де әкеме берген сертімді орындай беремін, Ол менің желепжебеушім болып қала береді. Алда жарыстар көп, әлемдік, халықаралық бәсекелерде бағым жанып жатса Олимпиадаға да қатысып, әрбір спортшының арманы – ел туын көкте желбіреткім келеді. Биыл өзім туыпөскен киелі Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл толып жатыр екен. Осы ретте, жерлестерімді айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбастарына бақбереке тілеймін. Бүгінде ауданда көптеген жас өскін балуандар өсіп келеді. Сол ізбасарларымның тек дендері сау болып, күрестің қырсырын терең меңгеріп, үлкен ареналарда ел байрағын желбіретіп жүрулеріне тілектестік білдіремін, – дейді қазақ барысы Мақсат Аманбайұлы.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ