Алматы облысында параплан спортынан жарыс өтті
Алматы облысында параплан спортынан әлем кубогы жолындағы үш күнге созылған жарыс өтті.Жоңғар Алатауының баурайында ұйымдастырылған бұл дүбірлі додаға әлемнің 14 мемлекетінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Нәтижесінде Индонезиядан келген үш команда жарыстың жүлдегерлері атанды.
Параплан спортының жанкүйерлері үш күн бойы Жоңғар Алатауының баурайындағы ойындарды қызықтауға мүмкіндік алды. Аспаннан қалықтап келіп, межелеген жерге дөп түсу оңай шаруа емес. Мұнда ауа ағымын ескере отырып, парапланды шебер басқара білуің керек. Қазылар алқасы жасаған қимылың мен жерге қонғандағы әрбір милиметрді санап, соған сәйкес ұпай беріп отырады. Мақсат - көлемі 50 теңгедей болатын электронды нысанға тура қону. Жарыс күндері ауа райы ұшуға өте қолайлы болып тұрды. Болашақта елімізде үлкен жарыстар өтеді.
Игорь Виршки, жарысты ұйымдастырушы:
- Бізге әлемнің түкпір-түкпірінен «Талдықорғанда түрлі форматтағы жарыстарды ұйымдастырайық» деген ұсыныстар түсіп жатыр. 2020 жылы Азия және Тынық мұхиты чемпионаты, ал 2021 жылы әлем чемпионаты осында өтуі мүмкін. Елге келген меймандар Жетісудың табиғатына тәнті болып қайтты.
Бұл жарыста еліміздің намысын 16 спортшы қорғады. Команда жас болғандықтан, бағындырар белестері әлі алда. Оның құрамындағы Игорь Корецкий әлемдегі ең үздік 10 спортшының қатарына қосылды. Әлем кубогы жолындағы жарыста индонезиялық команда абсолютті жеңімпаз атанды.
Панки Парватмаджо Лантип, жарыс жеңімпазы /Индонезия/:
- Біз әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп жүрміз. Қазақстан параплан спортымен айналысуға өте керемет ел екен. Халқы қонақжай. Ауа райы да, табиғаты да тамаша.
Алматы облысында алдағы жылы парапланершілерді даярлайтын кәсіби спорт мектебі құрылады.
24kz